Қазір әлемді қатты алаңдатып отырған өзекті проблеманың бірі – климат өзгеруі. Осы жағдайды оңтайлы шешу бағытында 2030 жылға дейінгі Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму мақсатына қол жеткізу туралы баяндамасы жасалған. Оның негізгі міндеті – кедейлік пен теңсіздікті жою, қоршаған ортаны қорғау және әлем халқының әл-ауқатын қамтамасыз ету.
Баяндаманың қорытындысы бойынша 2023 жылы біздің республика 100 мемлекет ішінен 71,6 балл жинап, 166 ел арасында 66-орынға ие болды. Бұл 2022 жылмен (71,1 балл) салыстырғанда жақсарғанын көрсетеді.
Бұдан басқа, «Жасыл даму» АҚ әзірлеген Транспаренттілік бойынша екі жылдық есебі үздік шықты. Бұл парниктік газдар көздерінен антропогендік шығарындылар және сіңіргіштердің сіңірілуі туралы BTR1 негізгі бөлігінің Ұлттық баяндамасы саналады.
Семинардың ашылуына Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, еліміздегі БҰҰ Даму бағдарламасы Климаттық саясат жөніндегі сарапшысы Гүлмира Серғазина, «Жасыл даму» АҚ басшылары қатысып, ойларын ортаға салды. Жиынға «Жасыл даму» АҚ Парниктік газдарды түгендеу департаментінің директоры Айман Есекина модераторлық етті.
Бұл іс-шара «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) шеңберінде бірінші екі жылдық баяндама және біріккен тоғызыншы ұлттық хабарлама және Қазақстан Республикасы транспаренттілік мәселелері жөніндегі екінші екі жылдық баяндама» жобасы аясындағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен «Жасыл даму» АҚ әзірлеген БҰҰ КӨНК-ның хатшылығына ҚР транспаренттілік мәселелері жөніндегі алғашқы екі жылдық баяндаманы (Biennial Transparency report – BTR1) ұсыну қорытындысы бойынша ұйымдастырылды.
BTR1 – парниктік газдарды ұлттық түгендеу және ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті орындалуы туралы міндетті ақпаратты қамтиды. Оны дайындауды «Жасыл даму» АҚ іске асырады. Ұлттық түгендеу 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15 пайызға азайту жөніндегі міндеттемені, сондай-ақ Париж келісімі шеңберінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемені қадағалауға негіз болады.
Айта кетейік, парниктік газдың эффектісіне ықпал ететін шығарындылар 36-72 пайыз су буы, 9-26 пайыз көмірқышқыл газы, 4-9 пайыз метан және 3-7 пайыз озон. Табиғи үдерістер нәтижесінде пайда болатын парниктік шығарындыларға озон, азот протоксиді, метан, көмірқышқыл газы және су буы жатады. Антропогендік қоспалар қосылғаннан кейін ғаламдық жылыну мен климаттың өзгеруі орын алып, оның өткізу қабілеті артып, табиғи тепе-теңдік бұзылады.
Семинар барысында мұнай-газ саласы мен көлік кіретін энергетикалық сектор; өнеркәсіптік үдерістер және өнімдерді пайдалану; ауыл шаруашылығы; орман шаруашылығы және басқа да жер пайдалану түрлері мен қалдықтар секторы бойынша парниктік газдар шығарындыларының есептеулері талқыланды.