Қоғам • 07 Желтоқсан, 2024

Егіздер 200-ден асты

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы жылдың 11 айында Алматы облысында 23 мыңға жуық бала өмірге келген. Олардың 204-і егіздер болса, 1 үшем бар. Соның ішінде облыс орталығы Қонаев қаласында 1000-нан астам нәресте дүние есігін ашқан.

Егіздер 200-ден асты

Емдеу мекемесінің перзентхана бөлімшесінде бүгінгі уақыт талабына сай көптеген жаңашылдық орын алды. Бастысы, босану бөл­ме­лері жеке жоспарланып, олар сапа­лы түрде барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Босану бөлмелеріне ыңғайлы транс­формер төсектер қойылып, кардио­монитор, баланың киімін ауыс­тыр­ғанда жылытылатын үстелдер, опера­циялық шамдар, электронды таразылар, басқа да керек-жарақ­пен жабдықталуы ерекше назар аудартады. Сонымен қатар тек бір реттік жиынтықтар, катетер­лер, инфузиялық жүйелер қолда­нылады. Перзентхана мен гине­кологиялық бөлімшелердің меди­ци­налық құрал-жабдықтармен қам­ты­луы бүгінде 100 пайызды құрап отыр.

Қонаев қалалық көпсалалы ауру­ханасының перзентханасында әйел­дер босанатын бөлмелердің өте ыңғайлы әрі қолайлы етіп жасал­ғанына жуырда босанған жас ана риза­шылығын білдірді. Оның сөзі­н­ш­е, әйел толғатқанда өзін ыңғай­лы сезініп, палатада еркін қозға­лыста болады. Тіпті сүйікті әуенін тыңдай алатыны әйелдердің толға­ғын жеңілдетіп, қорқынышын сейіл­туге септеседі. Сонымен қатар жеке киімдері мен гигиеналық құрал­дарын пайдалануға мүмкіндік бар.

«Біздің перзентхананың дәрі­гер­лері табиғи босануды қол­дайды. Сондықтан дәрігер тек босану кезеңін бақылайды, араласады, тек қатаң медициналық себептермен дәрі-дәрмектерді қолданады. Босану кезіндегі кез келген манипуляция­лар медициналық араласу қажеттілігін егжей-тегжейлі түсіндіріп, босанған әйелдің келісімін алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Бөлімшеде дені сау жүкті әйелдерге ғана емес, сонымен қатар тәуекел тобына жататын науқастарға, перинаталдық проблемалары бар әйел­дерге де жоғары білікті медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ кесарь тілігінен кейін жатырында тыртығы бар әйелдерді де табиғи жолмен босандыру тәжірибесі жүзеге асырып жатыр. Кешенді бағалаудан кейін анамнез деректері, алдыңғы операция көрсеткіштерін егжей-тегжейлі қарастырамыз. Табиғи жолмен әйелдің өзі босануы мүмкіндігін анықтаймыз. Барлық медициналық іс-шараларды тек тәжірибелі акушер-гинекологтер жүргізеді, аурухана директоры, жоғары санатты акушер-гинеколог Айман Ғалымжанқызы жеке бақылауын­­­да ұстайды», дейді әйелдер кеңесінің аку­шер-гинеколог дәрігері Назгүл Елеусізова.

 

Алматы облысы