Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Атакәсіпті ардақ тұтқан

166 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жартылай әскери теміржол қызметінің темір тәртібі мен айрықша қабілетті қажет ететін аса жауапты ісін екінің бірі игеріп кете алмайды. Саладағы сабақтасқан сан түрлі мамандықты үйлестіріп, үдесінен шыққан адам ғана нағыз теміржолшыға айналады. Сондай азаматтың бірі – бүгінгі пойыз құрастырушы Арман Абдуллин.

Атакәсіпті ардақ тұтқан

Теміржол өзінше бір әлем. Мұнда ата­кәсіп пен ана ісі ерек­­­­ше ба­ға­­­ла­­нады. Жүйенің құ­­ры­лымы бұ­­рын­ғыдан да, бү­гін­гіден де бө­лек. Саладағы еңбек өтілі ­са­­нал­­­ғанда тұтас әулеттің еңбек жо­лы есепке алынады. Темір­жол­­­­шы әулеті осылай қ­а­лып­­­тасады.

Бұрынғы Целиноград қала­сында 1974 жылы туып, Астанада аза­­­мат болып қалыптасқан Арман 1990–1993 жылдары темір­­жол училишесінің элек­тро­­­монтер, байланыс бөлі­мін­де білім алды. Еңбек жолын 1992–1993 жыл­дары теміржол сала­сын­да тәжіри­беден өтуден бас­тады.

«Мен өз еркіммен жүк цехында тәжіри­бе­ден өтуіме рұқ­сат сұрадым. Ол кезде анам Күләш Абдуллина біз барған дистан­ция­ның коммерциялық бақылау пунктінің бригадирі еді. Әлбетте, арнаулы білім ошағында дәріс берген ұстаз­дарымның сіңірген білімі мен еңбегінің орны бөлек. Дегенмен теміржол бойындағы басты ұстазым туған анам болды деп мақтанышпен айта аламын. Ол кісі қазір зейнет демалысында. Елдегі ең мәртебелі атақтың бірі – «Құрметті теміржолшы», деді Арман Тілеулемұлы.

Арманның айтуынша, атасы Асқар Абдуллаұлы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жүк пойыздарында жолсерік болса, нағашы атасы Қабдраш Азнабайұлы дәл сол кезеңде шойын жол магистралі үстінде теміржолшы қызметін атқарған. Абдуллиндер әулетінің шойын жолдағы жалпы еңбек өтілі 100 жылдан әрі асып жығылады. Себебі Арманның туған қарын­дасы мен інісі де атакәсіпті ұста­ғандар. Әйтсе де, бертінде замана ағымына қарай тіршілік көзін өзгертіп, жеке кәсіптерін ашып, бизнеспен шұғылданып кеткен.

Арман училищені ойдағыдай тәмамдаған соң, мамандығы бо­йынша Белгі беру және байланыс дистанциясында бір жылға жуық жұмыс істеді. Одан кейін қайтадан жүк цехына сұранды. Сол жерде қарапайым пойыз қабылдаушы қызметін атқарды. Бірнеше жылдан кейін қозғалыс цехына жұмысқа ауысып, онда да қалыпты еңбек етті. Десе де өзі қалаған пойыз құрастырушы қызметіне қолы жете қоймады. Себебі ол орын мол тәжірибемен қатар, кәсіби жоғары біліктілікті де талап ететін еді.

Сөз басында айтқанымыздай, нағыз теміржолшы болу үшін саланың бір-бірімен сабақтасқан сан салалы мамандығын шебер меңгеріп, шаруасын ілкімді үйлестіріп, бәрінің үдесінен шыға алатындай онқол азамат болу керек. Осы орайда Арман: «Өзім қалаған қызметке қол жеткізуім үшін теміржолдағы дәстүрге айналған тәртіппен бес-алты салада жұмыс істеп, әрбірінен тиісті деңгейде тәжі­рибе жинақтауым керек болды. Соны дұрыс атқарған шы­ғармын, жан құмарым мен кәсіптік мақсатым болған қыз­мет баспалдағына аяқ қойып, по­йыз құрастырушының орын­­­­ба­сарлығына дейін еркін көте­ріл­дім», дейді.

Бірақ сонда да қалауына бір қадам қалғанда қайта шегініс жасап, теміржол операторы болып жұмыс істеуіне тура келді. Одан кейін 1-, 2-, 3-позицияда алма-кезек еңбек етті. Оған қоса сұрыптау стансасында қызметін жалғастырып, оныншы ауданда жауапты кезекші болды. Мұның бәрі кәсібилігін бекемдеп, білік­тілігін арттыруға септігін тигізді. Соның арқасында қазірде по­йыз құрастырушы қызметін қи­налмай атқарып келеді. Бұл қызметке кіріскеніне де 10 жылдан асыпты. Еңбегін жоғары бағалаған компания басшылығы Алғысхатпен, Құрмет грамотасымен марапаттады.

Шойын жол үстіндегі еңбек өтілі 30 жылдан асқан Арман жан жары Елена Михайловнамен мектеп жасындағы үш перзентін тәрбиелеп отыр. Жұмыстан қолы босағанда отбасын түгел көлікке отырғызып алып, у-шуы көп, ауасы тымырсық Астанадан алыстау жерге, табиғат аясына шығып кеткенді жаны қалайды. Кең далаға шыққанда кеудесі көк тұнбаға толып өлең оқиды. Одан кейін көл жағалап балық аулағанды жақсы көреді. Ол ойы жүзеге аспай қалса, ойлы көршілерін шақырып, шахмат тақтасын жаяды.