Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
2011–2013 жылдары алғашқы альткоиндар мен «Mt. Gox» сияқты криптовалюта биржаларының пайда болуы криптоиндустрияның дамуына жол ашты. Алайда «Mt. Gox» хакерлердің шабуылы салдарынан банкротқа ұшырап, криптовалютаға деген сенім жоғалған еді. Дегенмен саланы дамытуға ұдайы талпыныстар жасалып отырды. 2017–2018 жылдары ICO арқылы ақша табу мүмкіндігі пайда болған кезде майнингке әлем назары қайта ауды. Ал 2020–2022 жылдары стейблкоиндер санының көбеюі, «Defi» мен» «NFT нарықтарының өсуі саланы одан әрі дамыта түсті.
Криптонарықты заңдастыру
Криптоиндустрияның қаржы жүйесі мен экономикаға тигізетін әсерін назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Цифрлық мүмкіндік дамыған сайын көптеген ел криптовалюталарды заңдастыру жолдарын қарастыра бастады.
Әр елдің криптоактивтерді бақылаудағы өз әдістері бар. Алайда барлығына ортақ мақсат – қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, алаяқтықты азайту, нарыққа қатысушылардың құқығын қорғау.
Ұлттық банктің статискасына сүйенсек, 2024 жылдың тамызында криптовалюта нарығының жалпы құны 2,2 триллион долларға жеткен. Оның 53%-ын «Bitcoin», 14%-ын «Ethereum» алып жатыр. «Tether стейблкойнының» үлесі – 5%.
Криптовалюта саласындағы шетел тәжірибесіне көз жүгіртсек, АҚШ криптовалюталарды инвестициялық құрал ретінде қарап, арнайы органдар арқылы реттейді. Мысалы, Бағалы қағаздар және биржа комиссиясы компаниялардың тіркелуін талап етеді. Сонымен қатар бәрі арнайы ережелерге бағынуға тиіс.
Ал Еуропалық одақ 2024 жылы «MiCA» деп аталатын арнайы заң қабылдады. Бұл заң криптовалютаны ресми түрде тануға және оны қолданушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Стейблкойндарды қамтамасыз етуге қатаң талаптар қойылды, ал криптовалютамен жұмыс істейтіндер лицензия алуға міндеттелді.
Жапония – криптонарықты ертерек реттеген елдің бірі. Мұнда криптовалюта виртуалды актив деп танылған, ал биржалар клиенттердің ақшасын сақтандыруы қажет. Бұл елде кез келген операцияға қатаң бақылау жүргізіледі.
Аргентина мен Венесуэла сияқты елдерде криптовалюта инфляциядан сақтанудың құралына айналған. Венесуэлада криптовалюта тіпті ұлттық валютаға балама ретінде саналады.
Ал елімізде алғаш 2020 жылы 25 маусымда «Цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №347-VI заң қабылданды. «Ақпараттандыру туралы» заңға криптоактивтерді реттеуге қатысты негізгі ережелер енгізілді. Заңда «цифрлық актив», «қамтамасыз етілген цифрлық актив», «қамтамасыз етілмеген цифрлық актив», «майнинг» ұғымдары анықталып, цифрлық активтер мен майнинг қызметінің құқықтық режімдері белгіленді. Аталған заңға сәйкес, цифрлық актив қаржы құралы емес, бірақ мүліктік құқықтарды растау құралы ретінде пайдаланылатын электрондық мүлік. Цифрлық актив төлем құралы ретінде пайдаланылмайды.
Криптовалютадан кіріс көп
2022 жылы отандастарымыздың шамамен 4%-ы криптовалюталарға ие болса, биыл бұл көрсеткіш 8%-ға жеткен. Жақында ұлттық банк 1,5 млн-нан аса адамның криптоактивтер саудасына заңсыз қатысып жүргенін мәлімдеді. Ал АХҚО криптобиржаларында ресми тіркелген пайдаланушылар саны өткен жылдың желтоқсанында 53 мың болса, биылғы жылдың қазан айында 140 мыңға жеткен. Криптовалютамен айналысатын адамдардың арасында ерлердің үлесі басым, олар 83%-ды құрайды, ал әйелдер 17% ғана. Нарықтағы ең белсенді жас тобы 18 бен 34 жас аралығындағы адамдар. Көбінің кірісі орташа деңгейде.
2018 жылы Қытайда криптоиндустрияға қатаң шектеу қойылды. Содан кейін майнерлер электр энергиясы арзан ел деп бізге келе бастады. Майнерлердің келуі елде криптовалюта өндірісін арттырды. Кембридж университетінің бағалауынша, 2021 жылы еліміз криптовалюта өндіруден әлем бойынша екінші орын алған. Алайда алдыңғы орында тұрсақ та, шетел компаниялары арзан электр энергиясын тұтынып, қалтасын қампитқаны болмаса, қазынаға мардымды пайда түсірмеген еді. Керісінше, бақылаусыз жұмыс істегендер алаяқтыққа барып, азаматтарды алдауға көшкен. Осы мәселелерді шешуге Үкімет пен Ұлттық банк қанатқақты жоба бастап, Астана халықаралық қаржы орталығы криптобиржаларының тұтынушыларына, соның ішінде резидент емес тұлғаларға, отандық екінші деңгейлі банктер арқылы криптовалюта сатып алу және сату операцияларын жүргізуге мүмкіндік берді. Жобаға АХҚО-ның 6 криптобиржасы мен екінші деңгейлі 8 банк қатысқан. Ұлттық банктің дерегінше, 1 жылдың ішінде жалпы көлемі 219,1 млн доллар сауда жасалған. Саудаға 47 мыңнан аса инвестор қатысыпты. Оның 45 мыңы жеке тұлғалар, ал 2 мыңы кәсіби инвесторлар. Сауда көлемінің 60%-дан астамы кәсіби инвесторларға тиесілі. Жеке инвесторларға ай сайын 1 000 доллардан асырмау керек деген шектеу белгіленгендіктен, олардың үлесі аз болған.
Нәтижесінде, 2023 жылдың 6 ақпанында «Цифрлық активтер туралы» заң қабылданып, заңды тұлғаларға криптобиржаларда сауда жасауға рұқсат берілді. Криптонарыққа криптоброкерлер, криптодилерлер, инвестициялық компаниялар сияқты жаңа субъектілер қосылып, криптостейкинг, маржиналды сауда, кепілге қойылған цифрлық активтер арқылы фиаттық қаржы тарту мүмкіндіктері ашылды. Ұлттық банктің зерттеуінде көрсетілгендей, АХҚО-да лицензияланған цифрлық активтер қызметін көрсететін компаниялардан мемлекеттік бюджетке түсетін табыс көбейіп, жыл соңына дейін жарты миллион долларды құрауы мүмкін. Ал майнингтен түсетін табыс салық саясатының өзгеруі мен электр энергиясының тапшылығына байланысты тұрақсыз болып тұр, бірақ бұл айтарлықтай жоғары.
Қауіп те бар
Адамдардың криптовалютаға қызығушылық танытуының бірнеше себебі бар. Сарапшылардың пікірінше, ең алдымен, нарық капитализациясының артуы жаңа инвестицияларға жол ашады. Екіншіден, спекуляция немесе инвестиция арқылы табыс табу мүмкіндігі жоғары, әсіресе тәуелсіз қаржы (DeFi) саласында пайда көп. Сонымен қатар көпшілік криптотехнологияның болашағына сеніп, оны перспективалы бағыт деп бағалайды.
Криптовалюта әлемі бір жағынан үлкен мүмкіндікке жол ашса, екінші жағынан көптеген қауіп-қатерге толы. Оның ішінде ең үлкен қауіптің бірі – кибершабуылдар. Цифрлық активтер интернетке тікелей тәуелді болғандықтан, оларды қорғау қиын. Хакерлердің көздегені – криптовалюта әмияндары мен биржалар. Егер пайдаланушы өзінің шифрлау кілтін немесе құпия сөзін жоғалтып алса, қаражатын қайтара алмайды. Сол себепті криптовалютамен айналысқанда платформалардың сенімділігін, жеке деректер мен транзакция қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескеру қажет.
Екінші үлкен мәселе – қаржылық сауатсыздық. Криптовалюта нарығына қызығып, оны зерттеместен инвестиция салатындар көп. Мұндай адамдар қаржы пирамидалары мен алаяқтардың схемаларына айналып жатады. Мамандардың сөзінше, әсіресе табысқа кепілдік беретін немесе жаңа қатысушылар тартуға тырысатын компаниялардан сақ болған жөн.
Криптовалюта саласындағы заңдар әлі толық қалыптаспағандықтан, салықтан жалтару үшін онымен заңсыз айналысатындар көп. Былтыр «Angara Security» жүргізген зерттеуде ашық телеграм-каналдардағы жарияланымдар талданған. Нәтижесінде, жарияланған цифрлық активтерге қатысты 22 мың жазбаның 9 мыңы күмәнді деп танылы.
Криптовалюта саласында білім мен сақтық маңызды. Ең алдымен, бұл технологияларды және олардың жұмыс істеу қағидаларын түсіну керек. Сенімді ақпарат көздерінен үйреніп, нарыққа байыппен қараған жөн. Сонымен қатар тек беделді платформаларды пайдаланып, жеке активтерді сақтауда аппараттық әмияндарға сенім артқан дұрыс. Әрбір инвестициялық шешімді зерттеп барып қабылдаған жөн. Айта кетейік, елімізде АХҚО базасындағы криптобиржаларда сауда жасау заңды.
Криптовалюта – заманның жаңа мүмкіндігі, бірақ оның қауіпті екенін ұмытпау керек. Қаржылық сауаттылық пен мұқияттылық қана бұл салада табыс табуға, өз қаражатыңызды қорғауға көмектеседі.
Отандық нарық қалай дамиды?
«Intebix Kazakhstan» компаниясының өкілі Талғат Досанов шетелдік резиденттер үшін криптокарталар шығаруға рұқсат беру қажет деп санайды. Оның айтуынша, бұл елімізге әлемдік криптоқоғамдастықты тартуға көмектеседі. «Банктер мен биржалар транзакцияларды мұқият тексеретіндіктен, бұл қауіпсіз жол. Криптокарталар цифрлық активтерді қолдануды жеңілдетіп, Қазақстанды жаһандық криптонарықтың орталығына айналдыруы мүмкін. Мұндай қадам цифрлық экономика мен халықаралық инвестицияларды дамытуға ықпал етер еді», дейді ол.
Дегенмен «BigONE Exchange» өкілі Афина Миао криптобиржалар мен банктердің арасындағы қарым-қатынастың әлі де күрделі екенін айтады. «Банктер цифрлық активтермен айналысатын компаниялармен жұмыс істегісі келмейді және есепшот ашудан бас тартады. Бұл мәселені шешу үшін банктер мен криптовалюта компаниялары арасында сенім қалыптастыру қажет», дейді Миао.
Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі Бинұр Жаленов цифрлық валюталардың дәстүрлі қаржы жүйесі мен орталықсыздандырылған технологиялар арасындағы көпір болатынын айтады. «Цифрлық валюталар күнделікті өмірде қауіпсіз әрі ыңғайлы. Келесі жылы жүйе пилоттық тестілеуден өтеді. Криптокарталардың алғашқы иелері оларды сынақтан өткізеді», дейді Б.Жаленов.