Басылым • 07 Желтоқсан, 2024

Қазақстан – АҚШ қарым-қатынасының жаңа қыры

66 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жұма күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тың сайланған Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескені әлемдік аренада көп талқыланған оқиғалардың бірі болды. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты Америка Құрама Штаттарының Президенті болып сайлануымен құттықтай отырып, өзге де мәселелерді талқылады.

Қазақстан – АҚШ қарым-қатынасының жаңа қыры

Ақорда таратқан мәліметке сүйенсек, Қ.Тоқаев пен Д.Трамп екі елдің сауда, инвестиция салаларында және ядролық қаруды таратпау бағытында стратегия­лық серіктестікті дамытуға бе­йіл екенін растап, өз кезегінде Мемлекет басшысы халықара­лық күн тәртібіндегі өзекті мәсе­ле­лер бойынша Қазақстан­ның ұстанымын жеткізді. Жалпы алғанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп екіжақ­ты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау мақсатын­да ұдайы байланыста болуға уағдаласты.

Қос саясаткердің сөйлесуі қарсаңын­да 30 қарашада жарық көрген «The National Interest» басы­лы­мындағы «Қазақстанмен сауда-сат­тықты шектеудің жөні жоқ» атты ма­­қа­лада автор Даррен Спинк Дональд Трамп­тың кезекті мәрте Прези­дент болып сайлануы Америка Құрама Штат­тары мен Орталық Азия арасын­дағы ынты­мақтастықтың жаңа мүмкіндік­теріне жол ашуы ықтимал екенін алға тартқан.

«АҚШ-ты төрт жыл бойы аса идеа­листік көзқараспен басқарған Байден әкімшілігінен соң бірполярлы әлемдік тәртіп ыдырады, оның орнын бір үдеден табыла бермейтін көпполярлы жүйе алмастырады. Атлант мұхиты­ның арғы-бергі жағындағы елдер қайтадан нақты саясатқа (realpolitik) бет бұрды. Тауар жет­кізу тізбегіндегі кідірістер, техно­­логиялық секторлардың бөл­шек­­тенуі және табиғи ресурс­тарға қол жеткізу­дің шектелуі тран­сатлантикалық әріптес­тіктің сауда стратегиясын қайта қарауы­на алып келді», дейді мақала авторы.

Сондай-ақ аталған мақалада ресми Вашиңтон мен Лондонның және олар­дың жақын одақтастары стратегиялық бәсекелестерінен іргесін аулақ салуға және жеткізу тізбек­терінің тұрақтылығын нығай­туға ұмтылып жатқан кезең­де Дональд Трамптың президент­тікке қайта сайлануы АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастыққа жаңа жол ашуы әбден мүмкін екені айтылады. Ол жол коммуникация, энергетика және стратегиялық минералдар сала­ларына қайта есік ашары анық.

Бұл тұжырымды мақала авторы «АҚШ Орталық Азияның ірі экономикасы саналатын, мол табиғи ресурстарға ие Қазақ­станмен тұрақты сауда қарым-қаты­на­сын жолға қоймай, аймақ­пен ор­нықты әрі жан-жақты ық­пал­дас­тықты орната алмайтыны белгілі» деген жолдармен нықтай түседі.

Жалпы, АҚШ үкіметіне 1974 жылы қабылданған «Сауда туралы» заңының 402-бөлімінің талабымен дамып келе жатқан нарықтармен және эмигра­ция­ны шектейтіндермен сауда-саттықты реттеуге тыйым салынған екен. Бұл ты­йым Кеңес өкіметінің еврейлерге қатыс­ты саясатымен де тығыз байланыс­ты. Ол кезде Қазақстан КСРО құрамында болғандықтан осы тыйым күні бүгінге дейін Қазақстанмен байланысты нығай­туға көлеңкесін тигізетін сияқты.

«КСРО тарағаннан кейін Армения, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Ресей (2022 жылға дейін) және Украина бұл түзетулердің қатысы бар аумақ­тан шығып, PNTR алды. Қазақстан Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбек­стан елдерімен бірге «Джексон-Вэник түзетулерінің» талабына сай келсе де, әлі күнге уақытша, жыл сайын шектелген мөлшерде сауда қарым-қатынасын жүргізіп келеді. 118-Конгреске Жолдар мен қаражат комитетінен конгресмен Джимми Панетта ұсынған заң жобасы Қазақстанның өз азаматтарына емін-еркін көшіп-қонуға рұқсат беретінін растайды», дейді мақала авторы.

Сондай-ақ журналист Д.Спинк еліміздегі демократиялық прогресс бағытындағы жетістікке де тоқталыпты.

«Қазақстандағы демократия­ландыру мен адам құқықтары бойынша прогресс тоқтаған жоқ. Мысалы, Президент өкі­лет­­тігін шектеуге, «өкілдік билік­ті нығайтуға», сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күреске және тұр­мыстық зорлық-зомбы­лыққа қарсы заңдарды қатаңда­туға бағытталған бірнеше заң қабыл­данды. Әлбетте, әлі де атқарылатын жұмыс көп. Өйткені Қазақстанда демократиялық тұрғыдан дамушы басқа да елдердегі­дей аяқталмаған іс аз емес. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кез келген тарихи өзгеріс саяси батылдықты қажет етеді» деп атап өткен еді. Батыс әлемі Қазақстанның айт­қанына сенуі қажет», депті автор.

Автор АҚШ-ты қорғаныс саласы мен күнделікті технологиялық өндіріске ауадай қажет сирек кез­десетін материалдарды жет­кізуді қамтамасыз етуге ұмтылып, сондай-ақ санкциялар мен страте­гиялық бәсекелестердің ықпа­лы­на ұшы­ра­маған балама бағыт­тар іздеп отырған ел ретінде қарастырған.

«Ал Вашиңтон мұндай жағдайда реформаға күш салып жатқан Қазақ­станды елемесе, тек ұтылады. Сенатор Крис Мёрфи «екіжақты кедергі» деп атаған Джексон-Вэник түзетулерінің күшін жою 119-шы Конгрестің Қазақстан қол жеткізген прогресті прагматикалық тұрғыдан мойындауы және Американың Орталық Азиямен стратегиялық қарым-қатынасын нығайту үшін қажетті қадам болуы мүмкін», деп түйіндепті Д.Спинк «The National Interest» басылымындағы «Қазақстанмен сауда-саттықты шектеудің жөні жоқ» атты мақаласын.