Бокс • 10 Желтоқсан, 2024

9 жігіт, 5 қызымыз – финалда

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Чиангмайдағы Азия чемпионатының жетінші күні де ширек финалдық сайыстарды тамашаладық. Рингке көтерілген еліміздің 11 боксшысының сегізі жеңіске жетсе, үш жерлесіміз жеңіліс тауып, жарысты аяқтады. Одан кейін жартылай финалдық айқастардың куәсі болдық. Бұл бәсекелер де өте шиеленісті өтті.

9 жігіт, 5 қызымыз – финалда

Санжар Тәшкенбай (48 кг) мен тәжік­стандық Мехрон Шафиев кездесті. Екі бокс­шы да барын салып айқасты. Десек те ба­сымдық біздің жігіт жағында болды. Ол екінші раундта қарсыласын есеңгіретіп те тастады. Жеңіс Санжардың еншісіне жазылды. Сәкен Бибосынов (51 кг) ойда жоқта өзбекстандық Асылбек Жәлиловтен жеңілді. Махмұд Сабырхан (54 кг) шриланкалық Жаянат Құмарды айқын басымдықпен ұтты. Бұл жекпе-жек екінші раундта тоқтатыл­ды. Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) таи­ландтық Сомчай Вонгсуваға жол берді. Сағын­дық Тоғамбай (92 кг) Өзбекстанның қазағы Ма­дияр Сайдрақымовпен жұды­рықтасты. Бұл бәсекеде Сағындықтың бағы жанды.

Жартылай финалдық сайыстарды қыз­дар бастады. Бұл бәсекелерде Виктория Графеева (60 кг) таиландтық Порнтип Буапты мерзімінен бұрын ұтса, Аида Әбікеева (63 кг) тағы бір жергілікті боксшы Тхананя Сомнуекке сан соқтырды. Наталья Богданова (70 кг) украиналық Анастасия Черноколенконы, Гүлсая Ержан (81 кг) өзбекстандық Сохиба Рузметованы ұпай санымен жеңді. Соны­­мен қатар аса ауыр салмақта спортшылардың аз болғанына байланысты Елдана Тәліпова­ның бірден финалға жолдама алғанын ес­те­ріңізге сала кетейік. Өкінішке қарай, Әй­герім Сәттібаева (48 кг) Фарзона Фозило­ваға (Өзбекстан), Жазира Орақбаева (52 кг) Феру­за Қазақоваға (Өзбекстан), Ұлжан Сәрсен­бек (57 кг) Пунрави Руенроске (Таиланд), Ми­лана Сафронова (66 кг) Навбахор Хамидо­ваға (Өзбекстан), Диана Магауяева (75 кг) Лина Ванға (Қытай) жол берді. Қорытынды­сында бес қызымыз қола медальды қанағат тұтты.

Ерлер арасындағы жартылай финал кеше өтті. Бұл межеде Санжар Тәшкенбай (48 кг) Кадзума Аратакені (Жапония), Махмұд Сабырхан (54 кг) Саравут Суктхетті (Таиланд), Оразбек Асылқұлов (57 кг) Лундаа Гантумурды (Моңғолия), Дулат Бекбауов (67 кг) Шукрат Саломатовты (Тәжікстан), Абылайхан Жүсіпов (71 кг) Шохобжон Шүкіровті (Тәжістан), Диас Молжігітов (75 кг) Павел Илюшаны (Украина), Бекзат Нұрдәулетов (86 кг) Даниил Жасанды (Украина), Сағындық Тоғамбай (92 кг) Таймиао Люді (Қытай), Айбек Оралбай (+92 кг) Жахонгир Зокиров­ті (Өзбекстан) ұтты. Ал Ерасыл Жақпеков ­(80 кг) Тұрабек Хабибуллаевқа (Өзбекстан) ­есе жіберді. Осылайша, тоғыз жігітіміз финал­­дық сайысқа жолдама алды. Бас жүлдеге тартыс ­11 желтоқсанда өтеді.