Суретте: «Кеген» халық театрының «Тағдыр» қойылымы.
Қартайған шағында төрт қабырғаға телміріп, қиялындағы бәйбішесімен сырласуы арқылы жас өскіннің жүрегіне мейірім мен адамгершіліктің дәнін егіп, ұлттық тәлім-тәрбие сіңіруді мақсат еткен спектакльдің көркемдік мазмұнын ашуға театр актерлері аз тер төкпеген. Қойылым кейіпкерлерін Алматы облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нағима Таласбаева, аудандық мәдениет үйінің режиссері Нұрбақыт Аршын және «Кеген» халық театрының әртістері Ақмарал Сүлеймен, Бахаргүл Айтбаева, Анара Мұстафаева, Айым Тілеукеева, Нұрым Байбала, Кәдірбек Сүлеймен сынды талантты әртістер сомдап, шеберліктеріне тәнті етті.
«Жарты ғасырдан асқан «Кеген» халық театры заман көшінен қалмай, жаңа буынның қалыптасуына, олардың қабілет-қарымына қарай қойылымдар қоюдан жаңылған емес. Соның нәтижесінде жетістіктеріміз де көп. Талай сын-белестерден өттік. Тағдыры талқыға түскен қарттардың өмірін арқау еткен «Тағдыр» қойылымын сахналауда өнердің қос тарланы Омар Қиқым мен Бекжан Тұрыстың атсалысуы, шын мәнінде, театрымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетті. Бүгінгі өмірді бейнелейтін спектакль аншлагпен өтті», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, театр режиссері Нағима Таласбаева.
Аудандық мәдениет үйінде екі күн сахналанған спектакльдің премьерасы көрерменнің қошеметіне бөленді. Қарттардың өмірін арқау еткен қойылымды сахналаған театр өнерпаздарына аудан әкімі Н.Теңізбаев жұртшылық атынан алғыс білдірді.
«Қазақтың жүрегі – қалада емес, далада» дейтін едіңіз. Өздеріңіз де ауыл театрынан қанат қақтыңыздар, сондықтан «Кеген» халық театрына қолдау білдіріп, қойылымға қолұшын берсеңіздер» деген аудандық мәдениет үйінің директоры Ернат Ысқақтың бірауыз сөзін жерге тастамай, осы іске тәуекел еттік. Түрлі тағдырды арқау еткен спектакльді сахналадық. Бізбен бірге жұмыс істеген халық театрының актерлері де шабыттанып, ашыла өнер көрсетті. Театр – тәлім мен тағылымның қайнар көзі. Қазіргі уақытта рухани азғындық белең алып, қазақы құндылықтарымыз құнсызданып жатыр. Арзан күлкі, ойсыз ұйқының салмағы басып тұрғаны ақиқат. Жалпы, қазақ болмысының қазығы – тектілік десек, бүгінгі буын содан алыстап, қатыгездік пен имансыздыққа бой алдырған оғаш оқиғалар мен қауіпті құбылыстар жиілеп кетті. Сондықтан ауыл мәдениетін өркендетіп, театрдың мәртебесін көтеруге, көрерменге ой саларлық көркем дүниелер ұсынуды өзіміздің жауапкершілігімізге алдық», дейді қойылымның бас кейіпкерін сомдаған өнер қайраткері Бекжан Тұрыс.
Көрерменнің көзайымына айналған «Кеген» халық театры 1968 жылы құрылған. Қазіргі таңда 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Театр ұжымы алғашқы жылы М.Әуезовтің «Қарагөз», «Еңлік-Кебек» драмаларын сахналап «халық» театры деген құрметті атақты иеленген. Тынбай еңбектенудің арқасында бүкілодақтық І, ІІ, ІІІ фестивальдар лауреаты атанған. Алтын медальдар алып, автобус иеленгендері де тарих бетінде.
«1988 жылы Польшаның Зелоногор қаласында өткен халықаралық фольклорлық-этнографиялық ансамбліне театр жанынан құрылған «Тоғызбұлақ толқындары» фольклорлық-этнографиялық ансамблі қатысып, І дәрежелі дипломмен және «Үлкен алтын» медалімен марапатталды. 2002 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өткен аудан күндерінде театрдың «Айман-Шолпан» спектаклі жоғары бағаланып, «ПАЗ» автобусын иелендік. Мұның барлығына театр ұжымы табандылығының арқасында қол жеткіздік. Араға екі жыл салып академиялық М.Әуезов атындағы драма театрда Мәдениет министрлігі ұйымдастырған республикалық халық театрлары байқауында М.Шамқаловтың «Қайын ене мен келін» атты комедиясын қойдық. Санамалар болсақ, жарты ғасырдан асқан уақыт аралығында «Кеген» халық театры осы уақытқа дейін үлкенді-кішілі 50-ге жуық пьеса сахналаған екен», деп театр тарихын тарқатқан Нағима Таласбаева соңғы ширек ғасырда да жемісті еңбек еткендерін тілге тиек етті.
Екі жыл бұрын Алматы облыстық халық театрлар байқауында бас жүлде иеленген «Кеген» халық театрының әртістері ауданда өткен барлық мәдени іс-шараға қатысып, ел ықыласына бөленіп жүргенін айрықша атау абзал.
Алматы облысы