01 Мамыр, 2015

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Қазақстан халқы Мәңгілік Ел идеясының негізі болып табылатын тұрақтылық пен қоғамдық келісімді жақтап дауыс берді»

257 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ПАрламент-үлкен Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Онда 26 сәуірде өткен президенттік сайлаудың тарихи маңызын атап өткен Сенат Төрағасы сайлаушылардың 97,75 пайызы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатын толық қолдайтынын нақты дәлелдегенін айтты. «Барша қазақстандықтар мызғымас бірлігімен биік мақсаттарға бірлесіп қол жеткізетінін бүкіл әлемге паш етті. Қазақстан халқы Мәңгілік Ел идеясының негізі болып табылатын тұрақтылық пен қоғамдық келісімді жақтап дауыс берді, –  деді Қ.Тоқаев. – Сайлаушылар еліміздің жарқын болашағы жолында әділ шешім қабылдады. «Халықтың парасатты таңдауы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел игілігі жолындағы өлшеусіз еңбегінің жемісі деп білеміз». Сенат Төрағасы президенттік сайлау науқанына қатысқан халықаралық байқаушылардың сайлау үдерістерінің жоғары жауапкершілікпен ұйым­дастырылғанын және әділ және ашық өткізуге толық жағдай жасалғанын мәлімдегенін айтты. Қ.Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындаған еліміздің алдында тұрған 5 ауқымды ішкі міндетке сенаторлардың назарын аударды және Мемлекет басшысы жария еткен «мемлекетті құрудағы бұдан былайғы 100 нақты қадам» қамтылған Ұлт жоспарының маңызын атады. Мемлекет басшысы атап өткендей, «бұл бағдарлама жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жолындағы нақты жоспар болмақ». Сенат Төрағасы осы ауқымды шараларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру біздің басты міндетіміз екенін айтты. Отырыс барысында сенаторлар қызу талқылаудан кейін Қазақ­стан Республикасы мен Француз Респуб­ликасының үкіметтері арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру мен пайдалану шарттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Хаттаманың мақсаты Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ кешенін жасау жөніндегі жобаларды іске асыру аясында француз тарапы атқаратын жұмыстар мен қызмет көрсетулерге салынатын қосымша құн салығын төлеуден босату болып табылады. Бұл мемлекет іске асыратын инновациялық жобалардың құнын азайтады, соған сәйкес, республикалық бюджеттің қазіргі кездегі ауыртпалығын төмендетеді, сондай-ақ, жобаның ақтау мерзімін қысқартады. Бұл мәселе бойынша сенаторлары Л.Тұрлашов, М.Тағымов, С.Громов, Б.Әйтімова, М.Алтынбаев, Л.Қиынов, А.Бижанов, С.Жақсыбеков өз ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Мәжіліс пен Сенат депутаттарының бастамасымен әзірленген «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» заң жобасы да қызу талқыланды. Бұл мәселе бойынша сөз алған сенаторлар Б.Әйтімова, С.Біләлов, Т.Мұқашев, М.Бақтиярұлы, Қ.Айтаханов, В.Редкокашин заң жобасының маңыздылығы туралы айта келіп, осы саладағы бірқатар өзекті мәселелерді де атап өтті. Жоба нормалары еңбекке, білімге, денсаулықты қорғау мен медициналық көмекке, әлеуметтік қамсыздандыруға, мамандандырылған заң көмегіне, мемлекеттік мәдениет және спорт ұйымдары көрсететін қызметтердің қолжетімді болуына азаматтардың құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ететін ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың  кепілдіктерін қолданудың құқықтық негіздерін айқындауға бағытталған. Заңда ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесінің мақсаттары, міндеттері, қағидалары айқындалған, Үкімет пен уәкілетті органдардың құзыреті бекітілген. Ең төмен әлеуметтік стандарттарды қаржылай қамтамасыз ету тетіктері азаматтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың оларды ең төмен әлеуметтік стандарттармен қамтамасыз етудегі құқықтары, осы саладағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жауаптылық регламенттелген. Бұдан басқа, заң жобасымен «Ең төмен күнкөріс деңгейі туралы» Заңның күші жойылатын болады. Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін сенаторлар заңды қабылдады. Сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын  екі оқылымда қабылдады. Құжат «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Заңның нормаларын іске асыру мақсатында әзірленген және салалық заңдарда ең төмен әлеуметтік стандарттарды бекіту арқылы әлеуметтік заңнаманы жүйелендіруге бағытталған. Заң жобасымен еліміздің бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, әрбір салалық заңда ең төменгі әлеуметтік стандарт нақты регламенттеледі, білім жөніндегі уәкілетті органның құзыреті мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі нормамен толықтырылады, ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл санкциялары және басқалар  көзделген. Отырыс барысында сенаторлар: С.Ақылбайдың мемлекеттік аппараттың жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігі туралы, Л.Полторабатьконың банк саласы заңнамасындағы ережелердің қайшылықтарын жою туралы, С.Плотниковтың Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма су қоймасына күрделі жөндеуге қаржы бөлу туралы депутаттық сауалдары жария етілді. Сенат Төрағасы қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесін атап өте келіп, алдағы мерекелермен – Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады. 1 мамырдың қарсаңында жоғарғы палатаның басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне қосқан үлесі үшін бір топ сенаторға Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың атынан «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».