Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мал басы көбейіп келеді
Уәлиханов ауданы облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан. 1997 жылы Қызылту, Уәлиханов аудандары біріктіріліп, аудан орталығы болып Кішкенекөл ауылы белгіленді. Аудан орталығы Петропавлдан 340 шақырым жерде. Халқының саны 1989 жылдан бері азайып келеді. Қазір 16 мың шамасында, соның ішінде қазағы – 90%. Аудан аумағынан теміржол өтеді.
Биыл Уәлиханов ауданы 20 млрд теңгенің өнімін шығарып, былтырғы жылмен салыстырғанда 24%-ға арттырды. Гектар өнімділігін 15,5 центнерден айналдырып, 147 мың тонна астық жинады. Астық өсіру мен жинауда «Анара», «Юнайт Инвест» ЖШС, «Нұр», «Жолдасбай Агро» фермерлік шаруашылықтары, «Выбор», «Балжан» шаруа қожалықтары алда болды.
Аудан әкімі Мұрат Абдуловтың айтуынша, диқандар Үкіметтің қолдауымен топырақ құнарлығын арттыру мақсатында астық алқаптарына 15,3 мың тонна минералды тыңайтқыш сепкен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. «Сонымен бірге 1 млрд теңгеге 103 дана жаңа ауылшаруашылық техникасы сатып алынып, жаңарту көрсеткіші 3,1%-ға жетті. 46,8 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды, оның ішінде егістік жерлер – 17 739 га, жайылымдар – 27 769 га», деді М.Абдулов.
Ауданның негізгі өндірісі – мал шаруашылығы. Биыл бұл салада екі инвестициялық жоба іске асырылды. Біріншісі – «Берекелі» ЖШС асыл тұқымды 300 басқа арналған репродуктор салып шықты. Шаруашылық өз қаражаты есебінен 125 млн теңгеге екі мал қорасын тұрғызды.
Екінші жобаны Жасұлан ауылында «Unite invesт» ЖШС іске асырып, 100 млн теңгеге 1 мың бас қойға арналған ферма салды. Толық қуатына енгенде кәсіпорын 32 тонна ет дайындауды межелеп отыр. «Жолдасбай-Агро» фермерлік шаруашылығы 5,2 млрд теңгеге жылына 6 мың тонна сүт өндіретін тауарлы-сүт фермасының құрылысына кірісті. Жоба іске асқанда 25 жаңа жұмыс орны ашылады.
Ауданда жол салуға көп көңіл бөлініп келеді. Биыл 1 млрд 565 млн теңгенің 9 жобасы іске асырылып жатыр. Соның ішінде екеуі – 567 млн теңгеге жасалған аудандық маңызы бар «Өндіріс – Жұмысшы – Мырзағұл», «Көктерек – Тоспа – Жасқайрат – Қайрат» бағытының жолдарына, Қондыбай ауылының кіреберісіне жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары. Жоба құны 1 млрд теңге болатын СҚО-дан Ақмола облысы шекарасына дейінгі жолдың жөндеу жұмыстары енді басталмақ. Тасқын бұзған «Қулыкөл – Қаратал – Береке» бағыттарындағы 12,7 шақырым жолды жөндеуге жаңа ЖСҚ дайындалып жатыр.
Бір қуанарлығы, аудан тұрғындарының 99,9 пайызы таза ауызсуға қол жеткізген. Телжан ауылындағы 82 аулаға су жеткізетін жобаға 378 млн теңге қаражат бөлінген, оны іске асыруға міндеттенген «Қият құрылыс» компаниясымен келісімшартқа қол қойылған.
Жыл басынан бері 1144 адам жұмысқа орналастырылды, соның ішінде 920 адам тұрақты жұмысқа алынды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 142 жұмыссыз тартылды. Жастар тәжірибесі бағдарламасымен 26 адам, «Күміс жас» бағдарламасымен 21 адам, «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасымен 19 адам, «Ұрпақ» келісімшартымен 1 адам жұмысқа орналасты.
Денсаулық сақтау саласында 2 жоба жүзеге асырылып жатыр. Кішкенекөл ауылындағы бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхананың құрылысы 97% орындалды. Сондай-ақ Ақтүйесай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салу жобасы жүзеге асырыла бастады. Келісімшарттың сомасы 208 млн теңгені құрайды, нысан 68%, сыртқы инженерлік желілері 90% дайын, бұл құрылысқа бюджеттен 65 млн теңге бөлінді.
Саладағы басты мәселе – кадр тапшылығы. Жыл басынан бері ауданға 7 дәрігер, 7 орта медициналық маман келді. Алайда әлі де офтальмолог, онколог, кардиолог, жалпы практика дәрігері, эпидемиолог, ЛОР мамандары жетіспейді.
Білім беру саласында толайым табыстар бар. Соның ішінде ҰБТ жөнінен аудан облыста көш бастап тұр. Орташа балл өткен жылмен салыстырғанда 4,8-ге артып, 85 пайызды құрады. Кішкенекөл орта мектебіне 165 млн, Қайрат орта мектебіне 217 млн, Елтай орта мектебіне 89 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Уәлиханов ауылшаруашылық колледжінің төбесін жөндеуге 72 млн теңге бөлінді.
Ауданда 36 мәдениет мекемелері бар. Сонымен қатар өнер мектебі жұмыс істейді, қазір оған 170 оқушы барып жүр. Қазан айында өнер мектебінің «Тұмар» тобы республикалық «Жарық жұлдыз» байқауында бірінші орын алды.
Кішкенекөл ауылында спорт залы бар жабық жүзу бассейінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Аудандағы барлық спорт нысандарының саны – 126, оларда 5900 адам тұрақты түрде спортпен айналысады.
Шаруасы шалқыған Шал ақын ауданы
Шал ақын ауданы облыстағы шаруасы да, мәдениеті де озық, үлгілі аудан. Биылғы орақта аудан диқандары 219 мың гектар егіс алқабынан 424 мың тонна астық алды. Гектар берекелігі орта есеппен 20,4 центнерден айналды. Майлы дақылдар егілген 39 мың гектар алқаптан 56 мың тонна өнім алынды. Аудан аумағынан Есіл өзені ағып өтеді. Көктемгі тасқында оның әлегі аз болған жоқ. Бірақ соған қарамай аудан бәрін еңсерді. Үкіметтің қолдауымен диқандар 16,3 мың тонна минералдық тыңайтқыш септі.
«Ауданның мал шаруашылығы түрлі бағыттарда белсенді дамып келеді, осы салада елеулі жетістіктеріміз бар. Өңірде ірі қара мал өсірумен айналысатын 18 ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 5 шаруашылық сүт бағытында, 13-і ет бағытына маманданған. Бұдан өзге, 5 асыл тұқымды мал шаруашылығы ет, сүт өндірумен айналысады. 15 шаруашылық жылқы өсірумен айналысады, оның ішінде біреуі асыл тұқымды жылқы өсіреді. Қой басын көбейту де дамып келеді, 8 шаруашылықтың ішінде біреуі асыл тұқымды қой өсірумен айналысады», деді аудан әкімі Қайрат Омаров.
Бұл ауданда да ТСФ салумен айналысатын агроқұрылымдар бар. Мәселен, «ЖА Групп ЛТД» ЖШС 1000 бас сиыр сауатын ТСФ құрылысын іске асырып жатыр. Жобаға 3,5 млрд теңге инвестиция тартылған.
Ауданда 10 ай ішінде 4,9 млрд теңге-нің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Жаңа өндіріс ошақтары да салынып жатыр. Мысалы, қуаттылығы сағатына 50 тонна болатын «Гранит Север» ЖШС асфальт-бетон зауыты пайдалануға берілді. Іске қосылғаннан бері кәсіпорын 68 мың тонна асфальт өндірді.
Ауданда 5 млрд теңгеге құрылыс, жол жөндеу, ауызсумен қамту жұмыстары жүргізілді. Бұл былтырдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8 пайызға артық. 5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ауданды таза ауызсумен қамтамасыз ету саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 66 шақырымдық құбыр тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мерген, Жалтыр, Крещенка ауылдарына су апаратын 660 млн теңгенің 2 жобасы іске асырылды. Келер жылы Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталап, Ступинка, Семиполка, Повозочный ауылдарына су жеткізетін, екі жылға жоспарланған 5,6 млрд теңгенің жұмысы аяқталады.
Аудан тасжолының жалпы ұзындығы – 557 шақырым. Оның 182 шақырымы – республикалық маңызы бар жол. Былтыр Кеңес ауылынан бастап көршілес Есіл ауданына дейінгі жолдың 25 шақырымы 1,3 млрд теңгеге жөнделді. Облыстық маңызы бар, Арай ауылы мен Социал ауылының ортасындағы 13 шақырым жол 1 млрд теңгеге қалпына келтірілді. Аудандық маңызы бар, 297 шақырымдық Городецкий мен Семиполка ауылдарының кіреберіс жолдары 1 млрд-тан артық сомаға жөнделді.
Бүгінде ауданда 18 мыңға жуық адам тұрады, олардың 10 мыңы экономикалық белсенді тұрғын. Жыл басынан бері 1277 аудан тұрғыны жұмысқа орналастырылды, олардың бес жүзге жуығы тұрақты жұмыс орындарын тапты. 1 қарашадағы жағдай бойынша ауданда 473 жұмыссыз адам тіркелген, 238 адам мансаптық орталықта есепте тұр. Жұмыссыздық деңгейін төмендетуге қатысты белсенді шаралар қабылданып жатыр.
Ауданның денсаулық саласында 173 адам қызмет етеді. Оториноларинголог, педиатр, акушер-гинеколог, клиникалық зертханалық диагностика дәрігері, травматолог, терапевт мамандар жетіспейді. Кадр тапшылығын жою мақсатында медициналық жоғары оқу орындары, колледждермен ынтымақтастық жасалған. Соның арқасында үш дәрігер жұмысқа қабылданды.
Мектеп түлектерінің ҰБТ-дан алған балы 74 болып, 85 жас жоғары оқу орнына түсті. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 130 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, бейнекамералар полиция бөлімінің жедел басқару орталығына қосылды. Бес білім беру нысанына – төрт орта, бір негізгі мектепке күрделі жөндеу, Куприяновка, Новопокровка мектептеріне жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмыстарының жалпы сомасы 580 млн теңгені құрады. Оқушыларды тасымалдауға кейінгі жылдары жаңадан 4 автобус сатып алынды.
Солтүстік Қазақстан облысы