01 Мамыр, 2015

«Күрең күз»

1244 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
М.МакатаевМұқағалидың ғана емес, Мәдинаның да қоштасу әні болды Өлеңнің ішінде де өне бо­йыңа дәрумендей тарап, өкпе-бауырыңды жұлып алардай жан-дүниеңді қопарып, дәурен кештіретін, сөйтіп барып, сазгерін тапқанда керемет әнге айнала­тын жырлар бар. Ол – Мұқағали­дай ақиық ақындардың жауһар ­жырлары. Осы тақырыпқа азды-көпті қалам сүйкеп жүргенде түйсін­геніміз, керемет ән туу үшін оның сөзін жазған адам да, әуенін тапқан сазгер де сансыз іштей сабылады, шынайы толғанады, шын мәнінде жылап, жасандылықсыз азап шегеді немесе ешкім елестетіп те көрмеген ғажайып күй кешеді... – Мына дүниеде біз білмейтін бір тылсым күштің, ақылымыз жетпейтін заңдылықтардың бар екені рас. Мен үшін халыққа ең тез тараған шығарма болғанымен, қатты қиналып шыққан ән «Күрең күз» болды, – деп бастады әң­гімесін елге танымал композитор, әнші, күйші, «Құрмет» орденінің иегері Гүлнәр Дәукенова. – Осы әнді жазарда жүрегімді бір мұң кернеп, жанымды қоярға жер таппай, Мұқағалидың өлең жинағын қолыма алсам болды, не құдірет екені белгісіз, 226 беттегі «Күрең күз» деген жыр қайта-қайта көлбеңдеп шыға берді. Қош енді, қош бол, күрең күз, Күрең мұң саған жібердім. Күлермін деп ем, түнердің, Білермін қалай, білермін?... ayapov-15-1DS34802-editӨлең жолдарын алғаш оқы­ғанда бір түрлі тосырқап, апыр-ай, «күрең бел», «күрең ат» дегенді білуші едім, күрең күзі несі деп, түсіне алмадым. Артынан өлеңді оқи-оқи келе, пенде мына дүниеден баз кешкенде сары алтындай күздің өзі күрең тартып кететінін бар жаныммен ұқтым. Көкірегімдегі шерлі саз да осы өлеңнің сөздеріне үйлесетін секілді. Шынымды айтсам, ешқашан Мұқағалидың өлеңдеріне ән жазуға жүрегім дауаламайтын, ол бір жұмбақ, күрделі ақын ғой. Оның поэзиясына жақын келуге батпай, алыстан орағытып жүруші едім. Жанымды жеген бар қайғымды осы әуен сыртқа шығарғандай болды. – Алайда, басында бұл әнді Мәдина Ералиеваға беремін деп ойлаған жоқпын. Әнді жазып, нотаға түсіріп, «пісіріп» жүргенде Мәдина өзі телефон шалып қалмасы бар ма. Мен жаңа ән жазып бітіргенімді айтып, оны телефон арқылы Мәдинаға орындап бердім. Ол тыңдап болды да «Осы әнді маған берші» деді. Мен мұндай күтпеген өтініштен кейін, не айтарымды білмей, үндемей, ойланып қалып едім, Мәдина: – Әніңді маған қимай тұрсың ба, шынымды айтсам, мен де соңғы кезде бір түрлі «Күрең күз» болып жүрмін, – дегені... – Сонымен, бұл әнді ақыры Мәдина орындайтын болды. Ол менің «Сағындым, сағым жылдар», «Шыңдағы шынарым-ай» атты әндерімді де жүрегімен орындап, жұрттың қошеметіне бөленіп жүрген кезі еді. Бұл ән де осылай Ералиеваның еншісіне тиді. Бірақ, «Күрең күз» оның қоштасу әніне айналатынын кім білген? – дейді талантты композитор ойланып. Әрине, Гүлнәр Дәукенова­ның Мәдина Ералиеваның орын­дауындағы «Күрең күзден» бөлек халық арасында кең тара­ған «Сағындым, сағым жылдар», «Қайран уақыт», «Аппақ қарлар», «Өмірлік әнім болшы», «Өмір» атты тамаша әндері бар. Компо­зитор «Аппақ қарлар» мен «Қайран уақыт» сияқты бірқатар әндерін өзі де нәшіне келтіріп үлкен сахналарда орындап жүр. Гүлнәрдің кейінгі жылдары жазылған «Ойласам сені», «Бал сезім», «Түнгі танго», «Ға­шық­пын», «Құштар көңіл», «Астана байтақ» сынды әндері де тың­дармандар арасында жап-жақсы танымал болды. – Ән шыққанда емес, әнді әншіге берерде қатты қиналамын. Иесін іздеймін. Сол әншінің дауы­сын, диапазонын, болмысын, тіптен халыққа қалай жет­кізіп орындайтынына дейін зерт­теймін. Содан кейін ғана барып ұсынамын. Ән ұшып кеткенше тыным таппаймын, жаным жай таппайды. Көкейімде әлі де жазсам деген әндер маза бермей тұрады. Кейде халық бұрынғы әндеріңіздей – «Сағындым, сағым жылдардай» ән шықсын», деп өтініш білдіріп жатады. Әннің кереметтілігі әртүрлі болса ғана жаңа серпіліс, толғаныстар болады. Кеше жазылған әнді бүгінгі әуен қайталамау керек деп ойлаймын, – дейді композитор. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.