Спорт • 11 Желтоқсан, 2024

Токиода түгел ұтылды

48 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы маусымның қо­­рытынды жарысы То­кио қаласында өт­­ті. «Үлкен дулыға» сана­­тын­дағы турнирден елі­міздің беткеұстар ба­луандарының бар­лы­ғы да босатылып, Жа­по­ния астанасында қосалқы құ­рамдағы спорт­шылар өнер көр­сетті.

Токиода түгел ұтылды

Өкінішке қарай, із­басарлардың дүбірлі додаға қатысып, дүлдүлдермен тең дәрежеде белдесуге әлі де дайын емес екені осы жолы анық байқалды. Күншығыс елінде татамиге шыққан дзюдошыларымыз алғашқы айналымдардан аса алмады. Дәурен Сүйекенов пен Шерзад Давлатов (60 кг) тұсаукескер кездесулерінде бразилиялық Мишель Аугусто мен моң­ғолиялық Елік Қа­зірбиектен жеңілді. Ба­қыт­жан Әбдірахманов (66 кг) румыниялық Лусианом Борстан басым түскенімен, іле-шала америкалық Джек Енезукиге жол берді. Жалғас Қайролла (73 кг) жапониялық Кайто Аманодан айласын асыра алмады. Әділет Сапарғалиев (100 кг ) Моңғолияның өкілі Энхбаяр Алтаншағайдың алдында дәрменсіздік танытты. Оларға қарағанда Максим Мейірлан (81 кг) тәуір күресті. Бастапқы бәсекелерде Оңтүстік Корея мен Италияның мықты балуандарынан басым түскен ол үшінші кезеңде татами қожайыны Гоки Тажимағаға есе жіберді.

Күншығыс елінде қыздардан да нәтиже болмады. Толғанай Әбеуова (52 кг), Дана Әбдірова (57 кг), Самалай Ерғалиева (63 кг), Назгүл Маратова, Карина Тәкиева (+78 кг) «шу» дегенде сүрінді.