
– Оу, ағасы, тыныштық па, не болып қалды соншама?
– Нашарсыңдар, осалсыңдар.
– Неге?
– Мықты болсаңдар, мына қоғам осындай қойыртпаққа толып кетер ме еді?
– Айтып та, жазып та жатырмыз. Одан кенде болған жеріміз жоқ. Бірақ соны естір құлақ, ұғар сана аз болып тұр ғой.
– Міне, сендердің осалдықтарың – құлақтарға естірте, саналарға ұқтыра алмағандықтарыңда. Дәстүрлі журналистиканы өз деңгейінде ұстап қала алмадыңдар. Түрлі әлеуметтік желіде «оттайтындар» мен даттайтындардың, жеңілтек, әрсіз де нәрсіз ойын айқайлап айтпай айызы қанбайтын жайдақтардың, блогерлер мен «пиаршиктердің», ішкені мен жегенін дәріптейтін даңғойлардың даурықпа үнінің астында қалған қоғамды салиқалы, салмақты, дәстүрлі журналистика құтқаруға тиіс.
Мен ойланып қалдым. Он жерден ойланып, толғансаң да ағам айтып отырған мәселенің шешімін табу қиын-ақ. Мұны шарасыздық дейміз бе, қалай?..
Ағам сөзін жалғады.
– Дәстүрлі журналистиканың қадамын ашып, алға оздыру керек. Осының амалын таппай оңбаймыз. Мына ақпараттық кеңістігімізге, ақпарат алмасу алаңымызға сырттан келіп жатқан неше түрлі бейәдеп, жұртты бұзатын, адастыратын, еліктіретін, желіктіретін көрсетілімдер мен жарияланымдар, саяси һәм мәдени-танымдық шабуылдар біздің өз ішіміздегі әлеуметтік желіні оңды-солды пайдаланушылар тарапынан көріп жатқан құқайымыздың жанында жіп есе алмай қалды, – деді ағам.
Ағамның айтуынша, анаған да, мынаған да араласып едіреңдеген әпербақандар мен қолтыққа су бүркушілердің, отқа май құйып, бүлікке үндеушілердің, танымымызға жат дүниелерді насихаттаушылардың, қазақтың салт-дәстүрінен хабары аз, бірақ оның жанашыры болғансып шала бүлініп жүргендердің, ұлтымызға, тілімізге болысқан түр танытқанымен өз жазылушыларының көп болуынан өзге тілеуі жоқ жойдасыздардың, жартыкеш деректерін тықпыштап тарих пен әдебиеттің төбе биі болуға ұмтылған айғайшылардың, ішкені мен жегенін, кигені мен шешкенін мән-мағынасыз жариялайтындардың, не айтса да екі сөзінің бірі былапыт, боқтық сөзден тұратын, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын мәдениетсіз мәстектердің, Құдай нәсіп етіп есімі ел аузына іліккен, көптің көз алдында өнерімен жиі көрінетін, дарыны мен таланты даралаған, жұрттан осы артықшылығын ізгілік пен игілікке, қоғам тәрбиесіне, өзінен кейінгіге үлгі болуға арнаудың орнына халық денсаулығын уайымдағансып, түрлі дәрі-дәрмек, жақпамайды ұят пен әдепті сырып қойып, ыңғайсыз кейіпте жарнамалаушылардың қоғамның бетін оңға емес, солға бұрып, тығырыққа тіремесіне ешкім кепіл бола алмайды. Егер ешкім кепіл бола алмаса, онда осы бастан батыл түрде тиісті шаралар қабылданғаны жөн. Әсіресе бүгінде нәзік те сезімтал мәнерде жүргізілуге, сыртқа байқатпай іске асырылуға тиіс саяси-экономикалық, мәдени-рухани шаруаларды, қазақ қоғамы ішіндегі тыныс-тіршілікті, өз қазанымыздың қалай қайнап жатқанын бүкіл әлемге паш етуде осы әлеуметтік желілер алдына қара салмай келеді. Бұл бізді ойландыруға тиіс. Өйткені мәселенің төркіні мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатысты.
Оның ойынша, ел болып ақылдасып, әлеуметтік желілерді сөз бостандығына нұқсан келтірмейтіндей, пікір алуандығына тұсау салынбайтындай етіп бір жүйеге келтіру керек. Бұл жүйе «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» шарты аясында қалыптастырылуға тиіс. Ереже керек. Бұл ең құрығанда желі пайдаланушылар мәдениетін көтеретіндей, жауапкершілік жүгін сезіндіретіндей, әдепті болуға үндейтіндей деңгейде болғаны абзал.
Қарап отырсам, менің ағам елге шын жаны ашитын тілеулес мыңдаған ағайынның жиынтық бейнесі секілді.