Сіздің де, менің де, жалпы бәріміздің де көршілеріміз бар. Осынау аяқ-табағы араласып, қысылсаң қасыңнан табылар, қуансаң бірге тойлар көршілеріміздің арасында қай этностың да өкілдері кездеседі. Бұл –кәдімгі қазақстандық қалып. Ал осыны сахнадан тамшалаған қандай.
“Самұрық” ұлт театры көрерменмен қауыштырған жазушы-драматург Дулат Исабековтің “Бақыт құсы” атты лирикалық драмасының негізгі өзегі – осы көршілер. Бір мемлекеттің азаматтарының ортақ тағдыры мен бірлігі жарасқан тірлігі. Қарап отырып өзіңнің көршілеріңді, таныстарыңды табасың. Ойыма Мәскеудегі құрбым Аленаның: “Жолың түсіп жатса, қазы мен шұжық ала келуді ұмытпашы”, дегені және оның анасы Нэлля Григорьевнаның жыл сайын Қазақстанға бір келіп қайтуға асығатыны, тіпті бірде кетерінде арнайы ұн алып, барған соң балаларға елдің ұнынан нан пісіріп беремін, біздің ұнның дәмі ерекше ғой, шіркін, деген сөздері ойыма оралды. Осыдан әлденеше жыл бұрын бір көршіміз жазда анасын алып, Ресейде тұратын туыстарына кеткен. Қыдырып аунап-қунап асықпай жатамыз деген көршілеріміз араға 15 күн салып қайта оралды. Сөйтсе, алғашында туыстарын көріп, көңілі өскен кейуананың аз күннен кейін мазасы кете бастайды. Тәбеті жоқ, ас батпайды. Содан бұл кісінің сүт қатқан шәй ішкісі келген шығар деп оны баптап берсе де болмапты. Амал жоқ біраз боламыз деген туыстар жинала бастайды. Аман-есен үйлеріне жетіп, ас бөлмеге кіргенде қабырғада ілулі тұрған радиоқабылдағыштан домбырамен ән айтылып жатыр екен. Көз жанары жасқа толған кейуана: “Осы ғой маған жетпегені”,– деп отыра кетіпті.
Жер жаннаты Жетісудің алтын алқасы – ару Алматы қаласының тұрғындары. Қарапайым көршілер. Пәленбай жыл Бәтимамен (Ғазиза Әбдінәбиева, М.Әуезов атындағы театрдың актрисасы) көрші тұрған Василий Макарыч (Сергей Попов, М. Лермонтов атындағы орыс драма театрының әртісі) Ресейге көшемін дейді. Макарычтың өзі де, немересі Сусанна да (Виктория Кудрявцева, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясынан) елді қимайды. Сусанна Бәтима апасына келіп, мен кетпеймін, сіздің үйде қалайыншы, деген. Макарычтың баласы Григорий Емельяновтың (Евгений Жуманов, Н.Сац атындағы жастар театрының әртісі) Ресейде бизнесі бар. Оқиға өрісі осының негізінде жүреді. Елден бір кетіп, қайта оралған неміс көршілер, Бәтима мен Макарыч отбасылары аяқ табағы араласып кеткен көршілер. Ендеше, біреуінің ірге айырамыз дегеніне екіншісінің жаны ауырады, қимастық сезім бойларын кернейді.
Бәтима аузымен айтылған “Бақыт құсы” туралы аңыз адамдарды түсіністік пен ұғыныстыққа, келісім мен ымыраға, бауырмалдық пен адамгершілікке шақырады. Бақыт құсы кейде жеке адамның, кейде тұтас халықтың басына қонады екен. Тек оны үркітіп, ұшырып жіберудің қауіпті екенін айтады. Ал жас буын өкілдері Сусанна мен Бектұр (Жандарбек Садырбаев, М. Әуезов атындағы академиялық театрдың әртісі) бақыт құсын елімізге қондырамыз, оны ұшырып алмаймыз деген сенімде.
Ата-ананың ақ батасын Жаратушы Иенің де қолдайтынын осы қойылымнан көресіз (Қоюшы режиссер Нұрқанат Жақыпбаев). Бәтиманың көмегімен кішкентай қазақ қызын бауырына басқан корей отбасының Инна деп ат берген қыздарын қазақ етіп тәрбиелегені, балалардың кішкентай кезінде Бектұр мен Иннаны қосамыз деген баталарының жүзеге асқанын да көресіз. Елді қасиеттеуді, жерді қасиеттеуді спектакльдің өн бойынан табасыз.
Домбыра – қазақтың жаны. Қанша әкесінің қимас досы болса да, өзге елге көшіп бара жатқан көршісіне көз жұмған әкесінің домбырасын Бектұр тарту еткенде, апырай қалай болды деп қиналған тұс болғанын несін жасырайық. Бірақ, домбыра елде. Көрші көшпеймін деді. Өйткені, оның Отаны осында!
Әртістердің құрамынан байқалып отырғандай, спектакльге еліміздің бірнеше ұлттық театрларының әртістері қатысады. Сахнаның өзі күнделікті тіршілігіміздің өзіне айналып кеткендей. Қай-қайсысы да өздерінің салтын ұстап, әндерін айтады, бірақ олардың бәрін біріктіретін бір күш бар. Ол –Отан. Домбыраға қосылып ән салады, Қазақ елінің Әнұранын кеуделеріне қолдарын қойып тұрып шырқайды. Міне, бұл – Отан құдіреті.
Осылайша тұсауын “Бақыт құсымен” ашқан жаңа театрға шығармашылық табыс тілейік.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.