Фото: Қарағанды облысы әкімдігі
Жаңа қала басшысын қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Депутаттар кандидатураны мақұлдады. Саран басшысына қаланы дамытудың басым міндеттері белгіленді.
«Дарын Бейбітұлы қала әкімі лауазымында оған дейін басталған жобаларды жалғастырып, аяқтайтынына және жаңаларын іске асыратынына сенімдімін, бұл жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасына және жалпы қаланың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді», деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев
Дарын Бұлқайыр 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызметте істеген. Қарағанды қаласы әкімінің аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеген.
2013 жылдан 2015 жылға дейін «Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ бас маманы, басшысының орынбасары болған.
Содан кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында – бас маман-заңгер, бюджетті атқару бөлімінің бас маманы, мемлекеттік сатып алу және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген.
2017 жылдан 2021 жылға дейін Қарағанды қаласы Октябрь ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
2021 жылдан 2023 жылдың шілдесіне дейін Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасын басқарған.
2023 жылдың шілдесінен бастап осы тағайындауға дейін Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарды.