Жәдігер • 12 Желтоқсан, 2024

Қимақ жауынгері

43 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Марқакөл мен Катонқарағай арасындағы тау биігіндегі кең жазықта археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, VII-IX ғасырларға жататын жауынгерлер мен жылқылардың жерлеу орындары табылған. Кейіннен сол орыннан табылған қимақ жауынгерінің жаңғыртпасы жасалып, облыстық тарихи-өлкетану музейіне ұсынылды.

Қимақ жауынгері

Музыкалық аспап асынған Қимақ жауынгері киімінің жаңғыртпасы 2012–2014 жылдары қалпына келтірілген. Ескерт­кіштердің бірегейлігі сол, жерленген жауынгерлермен бірге жібек матадан тігілген киімдердің қалдықтары, қару-жарақ, ат әбзелдері және үш бірдей музыкалық аспап табылған.

VIII ғасырдың жауынгер-музы­кантының киімін, сауыт-саймандарын және қару-жарағын ғылыми тұрғыда архео­лог Зейнолла Самашев пен сурет­ші, этнограф-қарутанушы Қалиолла Ахметжан қалпына келтірді. Костюм жиын­тығын дайындау кезінде ортағасыр­лық көшпелілердің киімін тігу және пішу әдістеріне барынша жақын технология қолданылып, қимақтардың киіміне тән ерекшеліктер көрсетілді.

Жауынгердің үстіндегі киімі сары, жеңі қызғылт түсті жібек матадан тігіліп, толықтай ою-өрнекпен көмкерілген. Бел­діктің алтын жапсырмалары түгел­дей Қарақаба обасынан табылған артефактілер негізінде жасалыпты. Жауынгердің басына темірден тоқылған, шынжыр торлы мойын сауытпен бірік­тірілген дулыға киілген. Дулығаның жоғарғы жағында кішкентай қызыл түсті жалауша орнатылған. Бұл жауынгердің әлеуметтік мәртебесі мен әскери лауазымын көрсетуі мүмкін. Сондай-ақ шайқас кезінде айрықша белгі ретінде қолданылған. Мұндай элементтер көшпелілердің әскери мәдениетінде жиі кездескен. Жауынгердің қолында екі ішекті домбыраға ұқсайтын музыкалық аспап бар. Бұл оның жауынгер ғана емес, музыкант болғанын да көрсетеді. Белінде белдікке байланған қысқа қылыш және қосымша жабдықтары бар. Бейненің ерекшелігі – көшпелі мәдениеттің, тұрмыс пен өнердің үйлесімін бейнелеп, сол дәуірдің тарихи болмысын нақты көрсетеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы