Дүбірлі жарыс ұлттық ат спортының көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу сынды төрт түрі бойынша ұйымдастырылды. Байрақты бәсекеге облыстың барлық аудан мен Қонаев қаласынан 160-тан аса жас спортшы қатысты. Көкпарда 7 команда бақ сынады.
Аударыспақта спортшылар 52-90 кг аралығындағы 8 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жамбы ату қазақ, корей стильдері бойынша өтті. Теңге ілуде қатысушылар «бес белес», «қос құлаш», «жеті құт» атты үш стильде бәсекеге түсті.
Чемпионаттың негізгі мақсаты – ұлттық ат спорты түрлерін насихаттап, жастардың шеберлігін арттыру, ұлттық ат спорты түрлерінен облыс құрамасына іріктеу өткізу. Салтанатты ашылу рәсімінде мәртебелі меймандар мен Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері сөз сөйлеп, жарыстың аймақтағы ат спортының дамуы мен жетілуіне жаңа серпін беретініне тоқталды.
«Мен бала кезімнен ат спортымен айналысамын. Бүгінгі жарыста Райымбек ауданының намысын қорғаймын. Биыл Шымкентте өткен республика чемпионатында Алматы облысы құрамасының сапында өнер көрсетіп, 3-орынға ие болдық. Командамыз өте ұйымшыл, футболдағыдай әрекет етеміз – бір ойыншы серкені көтереді, екіншісі оны қарсыластардан қорғайды, ал үшіншісі қарсы шабуылдап, жол ашады. Бұл – біздің тактикамыз», – дейді Райымбек ауданының көкпаршысы Береке Қасымақын.
Үш күндік сайыстың қорытындысында Қарасай ауданының өкілдері көкпар турнирінің жеңімпазы атанды. 2-орынды Райымбек ауданының, 3-орынды Кеген ауданының командасы еншіледі.
Аударыспақ сайысында Райымбек ауданының спортшылары Қайрат Әбдусабыр, Сұлтанбек Сәрсенбай, Алмас Төкенұлы, Әділет Обылжан, Талғар ауданының өкілдері Нұршат Аранғазиев, Санжар Сәбит, Кеген ауданынан Әли Ермұхамет, Ұйғыр ауданынан Әлихан Мақсатұлы үздік нәтиже көрсетті.
Жамбы атудан (ат үстінен садақ ату) Алматы облысында жасөспірімдер мен қыздар бірдей өнер көрсетеді. Олар биылғы республикалық жарыстарда көш бастады. Чемпионаттың үздігі болып Мадияр Шәріпбай (Кеген) танылды.
Теңге ілу сайысының дамуына Еңбекшіқазақ, Қарасай, Кеген аудандарының қосқан үлесі зор. Биылғы жеңімпаз атағын Еңбекшіқазақ ауданынан Ерсін Нұрәли иеленді.
Жалпыкомандалық есепте 1-орын Райымбек ауданы, 2-орын Кеген ауданы, 3-орын Ұйғыр ауданына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктер, медальдар, дипломдар, ақшалай сыйлықтар табысталды. Жүлде қоры 2 600 000 теңгені құрады.
Алматы облысы