Білім • Бүгін, 08:50

Инновациялық технология және білім жүйесі: Жаңашыл жастардың жобасы қолдауды қажет етеді

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде барлық салада әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті мамандардың болуы маңызды. Экономиканың жаңа үлгісіне көше бастаған елімізде ғылым мен инновация әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономиканың басты тірегі болуға тиіс. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IT мен биотехнология саласындағы революция адамзатты өзгертіп жатқандықтан білім жүйесі жаңа реалияларға тез бейімделуді қажет ететінін айтқан болатын.

Инновациялық технология және білім жүйесі: Жаңашыл жастардың жобасы қолдауды қажет етеді

«Әлемдегі жетекші мектептер балалардың креативтік потенциалын дамытумен айналысады, цифрлық технологиялар мен нақты ғылымдарды оқытады. Педагогтер оқыту әдістемесін ойын форматына ауыстырып, үнемі жаңа мамандықтар мен дағдыларды үйренеді. Бәріміз Қазақстанды гүлденген, дамыған елге айналдыруға ұмтыламыз. Бұған жетудің кілті – сапалы және қолжетімді, қазіргі заманғы білім. Осы салаға қуатты күш беру маңызды болып отыр», деді Мемлекет басшысы өткен жылы тамыз конференциясында. Президенттің игі бастамаларын негізге алған жастар бүгінде тың идеяларын іске асырып, инновациялық технологияларын ұсынып отыр. Нақтылай айтсақ, отандық «Q-Vision» IT компа­ния­сы негізгі қызметі білім са­ласында оқу үдерісінің тиімділі­гін арттыруға және білім ресурс­тарын цифрландыруға бағыт­талған инновациялық стендтер жасап шығарды. «Егемен­нің» Түркістан облысындағы тілші­лер қосынына арнайы келген жаңа­шыл жастардың мақсаты – инновациялық стендтерін елге кеңінен таныстыру, білім саласындағы басшылардың назарына салу, мұғалімдердің, оқушылардың пікірін білу.

– Шетелде өз қаражатымен білім алған бизнес серіктесім Дар­хан Есмағұлов елге келгенінде білім беру саласындағы жаңа­шыл, заманауи әдіс-тәсілдер тура­лы айтып, біздің елімізде де сон­дай инновациялық технология­ларды енгізу қажеттігі жөнінде ой тастаған еді. Сол мақсатта біз әлемдік және отандық білім саласын толық зерттедік. Бір жарым жылдық ізденістің нәти­же­с­інде осындай жобаны жа­сап шықтық. Біз жасап шыққан инновациялық стендтер мектептердің ішкі көрінісін сәндеп қана қоймай, заманауи технологиялардың көмегімен оқу сапасын жаңа деңгейге көтереді. Оқу үдерісін жетілдіру бағытында интерактивті 3D модель, өзекті ҰБТ тестілері және көптеген бейне­-контент мектеп бағдарламасын тереңірек түсінуге, меңгеруге ықпал етеді, яғни оқушылардың жалпы білім деңгейін арттырады. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгінің баласы смартфон, гаджеттерге қызығады, көп уақытын бөледі. Жобаны жасау барысында бұл жәйт те ескерілді, яғни стендтер олардың оқуға қызығушылығын арттырады, заманауи технологияларды қолдану оқу үдерісін тартымды етіп, пәндерді те­реңірек меңгеруге ынталандырады. Әрбір «Q-Vision» стенді QR-кодтар арқылы қол­жетімді көптеген мәліметті қам­тиды, бұл пайдаланушыларға ауқымды білім базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қол­дануға ыңғайлы, яғни ақпарат смартфондар арқылы қолжетімді және сыныптағы үлкен экрандарда көрсетіледі. Ақпараттар үздіксіз жаңартылып отырады. Стендтерді ауыстырмай-ақ материалдарды тұрақты түрде жаңартып, ақпараттың әрдайым өзекті және зама­науи болуы қамтамасыз етіледі. «Q-Vision» стендтері жоғары сапалы акрилден жасалған және күн сәулесі мен ылғал сияқты әсерлерден қорғалған. Дайын материалдар мұғалімдерге уақытты тиімді пайдалануға әрі оқушылармен жеке жұмысқа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ интерактивті стендтер көптеген дәстүрлі оқу материалдарын алмастырып, мемлекеттік қаражатты едәуір үнемдейді. Ауылдағы оқушылар ҰБТ-ға дайындық кезінде қалаға келіп, курстарға жазылатыны жасырын емес. Біздің жоба бойынша қалаға барып әуре болмай, мектепте да­йындала алады, – дейді «Q-Vision» компаниясының бас директоры Ілесбек Жақыпбекұлы.

Қазіргі таңда инновациялық стендтер Жамбыл, Батыс Қа­зақ­стан, Атырау облыстарында және Түркістанның 1-2 мекте­бін­де опробациядан, яғни тәжіри­бе жүзінде зерттеулерден өтіп жа­тыр екен. Алдағы уақытта елі­міздің барлық мектебіндегі сынып қабырғаларында осы стендтерді көреміз деген ниеттегі жастар инновациялық өнім мұғалімдер мен оқушыларға ең ыңғайлы және қолжетімді форматта – ерекше авторлық дизайндағы стендтер түрінде ұсынылғанын айтады. Әрбір «Q-Vision» стенді AR/QR-кодтар арқылы терабайттар көлеміндегі мәліметтерге қолжетімділік, пайдаланушыларға ауқымды білім қорын бір жерден алуға мүмкіндік береді екен. «Мысалы, инновациялық «Эволюция» стен­ді Жердегі өмірдің эволюциясына арналған және біздің пла­не­тамыздың тарихын 635 000 000 жыл бұрын өмірдің пайда болуы­нан бастап «Homo sapiens»-ке дейінгі әсерлі көрнекі нұсқаулық ретінде ұсынады. Стендте әртүрлі организмдердің, жануарлар мен өсімдіктердің шамамен 200 иллюстрациясы, сондай-ақ әрбір эволюциялық кезеңдерін және біздің планетамыздағы биологиялық әртүрліліктің дамуын көрнекті түрде көрсетеді. Менделеевтің 118 элементін негізгі пән тақырыптары бойын­ша өзіміз тәжірибе жасап, видеоға толықтай түсіндіріп, оқушыларға қарапайым түсінікті тілмен жеткіздік. Ол жердегі, яғни біздің контенттегідей ақпарат интернетте, YouTube немесе басқа әлеуметтік желілерде жоқ. Тіпті жасанды интеллектіге салса да ондай ақпарат шықпайды. Өйткені оны өз мамандарымыз жасап шықты. Командамызда 40-қа жуық қызметкер бар. Жоба­ны жасау барысында ІТ-маман­дарын, НЗМ мұғалімдерін, ға­лымдарды тарттық. Еліміздің әйгілі профессорлары, білімін жетілдіру мақсатында шетелде жүрген отандастарымыз көмекке келді. Химия, биология, физика бойын­ша зертханалық жұмыстар жүргізілді. Оқушыларға үдеріс­терді көрсету мақсатында зерт­ханалық зерттеулер жасалды. Кітаптан оқыған бөлек, әрине көзбен көргеннің жөні басқа. Инновациялық стендтердегі барлық ақпарат мемстандартқа сәйкес, сырттан алынған жоқ. Барлығы мектеп бағдарламалары шеңберінде. Біз оны 3D форматында өзгерттік, дамытып, жан бердік десек те болады. Отандық өнім, барлық ақпарат қорғалған, баламасы жоқ, басқа жаққа көшіре алмайды. Бейнематериалдардың сертификаты, өзіміз түсірдік деген құжаты бар», дейді бас директор.

«Q-Vision» компаниясы 6 пән бойынша стендтердің 18 түрін жасап шығарған. Олардың ішінде 200-ден астам жоғары сапалы бей­не-лабораториялық жұмыстар, қазақ әдебиеті және орыс әдебие­ті бойынша анимацияланған бей­­нешығармалар, жыл сайын жаңар­­тылып отыратын ҰБТ-ға дайын­далуға арналған 30 000 өзек­ті тест бар. Барлық ақпарат үш тіл­де, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілінде дайындалған. Кері байланыс та қамтылған. Яғни мектеп директорынан бастап оқушыға дейін компанияның «қолдау қызметіне» хабарласып, ұсыныс-пікірін айта алады. Ол қызмет тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істейді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын жақсартуға қатысты айтқан бастамалары жобаны жүзеге асыруымызға ықпал етті, жігер беріп ынталандырды. Президент Алматыдағы Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде бүгінде орасан зор капитал немесе қызметкерлердің көптігі емес, бірегей идеяларды тудырып, оларды жүзеге асыра білу қабілеті басты артықшылық саналатынын, ал ол жастардың, өзгерістерден қорықпайтын табанды әрі батыл адамдардың, соның ішінде ғалымдардың қолы­нан келетінін айтты. «Әлемдегі «Google», «Microsoft», «Apple» сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бас­тайтын IT-компаниялар құрады деп сенемін. Өз мүмкіндігіміз­ді мүлт жібермей, әлемдік техно­ло­гиялық бәсекедегі позиция­мыз­ды нықтай түсу қажет», деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі, жер­гілікті жерлердегі білім бас­қармалары біздің жобамызды қолдайтынынан үміттіміз. Егер қаржылай қолдау көрсетілсе, еліміздің бүкіл мектебін қамту ниетіміз бар. Осы тарапта біз жасаған отандық өнім жан-жақты қолдауды қажет етеді», дейді ком­панияның бас директоры Ілесбек Жақыпбекұлы.

Жоба авторлары бүгінгі дең­гейде тоқтап қалмай, заман талабына сай инновациялық стендтерді жаңартып, оқушыларды қызық­тыру мақсатында технологияны дамытуды көздеп отыр. Ма­мандар оқытудың басымдығы оқушылардың белгілі бір білім, білік және дағдыларды игеруі емес, олардың өз бетінше білім алып, оны өңдей алу, қажет нәрсені таңдау, оны мықты есте сақтау және басқалармен байланыстыру қабілеті болуы керектігін айтады. Бұл орайда жобаны жүзе­ге асырушы жастар ұсынылып отырған инновациялық технологияларды кеңінен енгізу мектеп оқушыларының білім сапасын, танымдық белсенділігі мен оқу ынтасын жақсартуға жағдай жасайтынына сенімді. 

 

Түркістан облысы