Маман • 12 Желтоқсан, 2024

Майталман бұрғылау машинисі

127 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Елге ел қосылса – құт» дейді халық даналығы. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Әлиев –
2008 жылы атажұрт­қа сағынышпен оралған қандастың бірі. Атпал азаматтың адал еңбегінің арқасында бүгінгі жеткен жетістігі кімге де болса үлгі.

Майталман бұрғылау машинисі

«Осындайда «атажұрт» деген сөзді ауызға әрең аласың. Өйткені туып-өскен, кіндік қанымыз там­ған Қарақалпақстандағы Қоңырат қаласы да ата-бабамыз мыңдаған жылдар қоныс қылған құт мекен ғой. 100 жылдай бұрын большевиктер келіп бөлшектегенге дейін бұл аймақтың тілі мен ділі бір, қаны мен жаны бір, түп-тамыры бір ұлт болып ұйыған халықтар емес пе еді?» деді тұңғиық ойға берілген Бауыржан.

Жақында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін алған кейіпкеріміз 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы «Восход – Oriel» ЖШС компаниясында бұрғылау қондырғысының бұрғылау машинисі болып ең­бек етіп келеді. Өз кәсібінің хас шебері 1982 жылы Өзбекстандағы Қоңырат қаласында туып-өсіп, орта мектепті сонда тәмамдаған. Теміржол саласында жұмыс істеп, локомотив тізгінін ұстаған кезі де бар. Жеке бір мекеменің экспедитор, электромонтер қызметін де атқарған.

Кеңес одағы ыдырап, тәуел­сіздік таңы атып, сырттағы қарға тамырлы қазақ біткен атажұртқа бет алғанда өзбек елінің аумағына қоныс тепкен қалған қандастар да көш көлігін елге қарай түзеген. Атасы мен әкесінің атажұртқа қатысты түпкі мақсатын жүзеге асыру оны көп мазалайтын. Ақыры 2008 жылдың шілде айында тәуекелге белбуған. Жұбайы Жанат Кеңесбайқызы да ерулі ерінің елшілдік мақсатын құп алып, жанына серік, көңіліне демеу бола білді.

«Айтылған уақытта Ақтөбе облысы, Хромтау ауданына отбасыммен көшіп келдім. Атажұртқа ата-бабам мен әкемнің аңсары болған сағынышын арқалап жет­тім. Жалынды жастықтың арыны басылмаған сол жылдарда осы елдің бір азаматы ретінде алдымда адал еңбек етсем, тіршілік кешсем деген қарапайым мақсат қана тұрды. Ал қазір елге ең керекті металл өндіретін кен орнында еңбек етіп жүргенім көңіліме шадыман шаттық, шалқар қуаныш сыйлайды. Адал еңбекпен жетіс­тікке жетуді әкем құлағыма құйып, сүйегіме сіңірген, анам қасиетті ақ сүтімен бойыма дарытқан», деді машинист.

Кейіпкердің «елге ең керекті металды» дегені еріксіз елең еткізді. Бұл жөнінде еңбек май­талманы: «Хром – ақ, сұр түсті, қатты, ауыр, балқитын металл. Қолданылуына қарай таза күйін­де немесе темірмен қо­рыт­пасы – феррохром түрінде өнді­ріледі. Оны хром кентастарын тотықсыздандыру арқылы алады. Тотығу дәрежесі +3 болатын хром көп тұз, ашутас түзеді. Хром-калий ашутасын былғары илеуде, мата өнеркәсібінде, кино пленкасын жасауда қолданады. Хром металдан жасалған бұйымдардың бетін әрлеу үшін пайдаланылады. Құрамында хром бар болат таттанбайды, қажалмайды, үйкеліс пен қызуға төзімді келе­ді. Металлургиялық мақсатқа құ­ра­мында хром тотығының мөл­шері 45%-дан астам жоғары сорт­ты рудалар қажет. Хром руда­лары Қостанай, Ақтөбе, Абай облысы өңірлерінде мол. Кезін­де кеңес одағы хромиттің бар­лан­ған және жылдық өндірілу мөл­шері жөнінен біздің елдің арқа­сында әлемдік рейтингте үне­мі бірінші орынды иеленіп жүрді. Дүние жүзінің 40 еліне экспортқа шығарылатын осы кен рудаларының сапасына жер шарында тең келетін бір де бір кен орны жоқ. Кен рудалары Ақ­төбе хром қосындылары зауыты, Ермак ферроқорытпа зауытында қорытылады. Елге ең керекті металл дегенімнің мәнісі осы», деп кең көлемде түсіндіріп берді.

Бауыржан мен Жанат бере­келі отбасында бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Қызы әке кәсіпті тереңдетіп игеру мақсатымен жоғары оқу орнында химия мамандығы бойынша дәріс алып жүр. Ұлдары әлі мектеп жасында.

– Көппен бірге еткен еңбегім­ді бағалап, наградаға ұсынған бас­­шылық пен оны құп алып, марапаттаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы­на айтар алғысым шексіз, – дейді Бауыр­жан Сәрсенұлы. – Дегенмен аттас атам Бауыржан батырдың айтқаны да осындайда ойға оралып тұрғаны: «Мен істедім дегенше, Мың істеді десейші. Мың істеді дегенше, Ер істеді десейші. Ер істеді дегенше, Ел істеді десейші. Мен мыңдікі болмасам, Ер елдікі болмаса, Кім істеді дер едім», деген екен атамыз.