03 Ақпан, 2015

Жүрекке жылылық ұялатқан жыл

378 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДАБиылғы жыл көпұлтты Қазақстан халқы үшін айрықша қуаныш пен құрмет сезімінің сәулелерімен нұрланып бас­талды дегім келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады. Бұл беделді қоғамдық ұйымның өзі құрылған 20 жылдық белесте  атқарған қыруар жұмыстарына берілген жоғары баға және ертеңгі ерен істердің жауапкершілігін алға тартқан пайым екендігін білеміз. Өйткені, тәуелсіз еліміз үнемі биік мақсаттар жетегімен үлкен жетістіктерге жетіп келеді. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, «Мәңгілік Елдің» кірпіштері қалана бастады. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы ынтымақ туын биік ұстайтыны кәміл. Сол абыройлы сапта Ақмола облыстық «Истоки» славян мәдени-ағарту бірлестігі де өзіндік үлесін қосатыны анық. БулычеваБіздің қоғамдық бірлестігіміз 1991 жылы құрылып, қазіргі таңда славян халықтарының салт-дәстүрі мен мәдениетінің жаң­ғы­руына айтарлықтай үлес қосып отыр. Бірлестік – Қазақстан Тәуел­сіздігінің құрдасы. Осының өзі орталықтың елмен бірге барлық сындарлы өткелдер мен сынақты кезеңдерді бастан кешіріп, ортақ Отанымыздың гүлденуіне үлес қосқандығын аңғартады әрі толғанысты сезімге бөлейді. Тәуелсіз мемлекетіміз қысқа мерзімде көп ұлттылығымен қоса, бірлігі жарасқан, құт-бере­кесі молайған ел ретінде әлем наза­рына ілікті. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұстанып отырған салиқалы саясаты мен тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассам­блеясын құрғандағы көреген­дігінің жемісі деуіміз керек. Қоғамымыздың басты құжаты – Президенттің дәстүрлі Жолдау­лары халықтар достығы мен өзара түсіністікті нығайту ұранымен басталатыны, бұл бағытта кең көлемді жұмыстар жүргізілетіні әр шаңырақтың шаттық нұры деп есептейміз. Сондықтан, облысымыздағы 41 этномәдени бірлестіктің барлығы өзіне жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындап, Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың сенімін ақтауға күш салатыны анық. Бірлестігімізді Көкшетау қаласының құрметті азаматы Зи­наида Санчило 15 жыл бойы бас­қарып, жемісті ізін қалдыр­ды. Өзіміз де жас кезіміз­ден бірлестік жұмысына араласқандықтан, ең басты құн­дылығымыз – ұлтты ұйыстырушы қазақ халқымен бауырмалдық қарым-қатынасты, достық түсініс­тікті нығайтуды бірінші кезектегі парыз санаймыз. Біздің ғана емес, облысымызды мекендейтін барлық этностың тағдырында қазақ халқының кеңқолтық көңілі мен тап-таза ықылас-пейілі ай­рықша орын алады. Бізде «Орыс әні» халықтық ән-би ансамблі, «Злато» жас­тар вокалдық ансамблі мен өзім жетекшілік ететін «Юность Си­негорья», «Улыбка» үлгілі ансамбльдері, басқа да мүдделер бойынша үйірмелер жұмыс істесе, кез келген көпшілік шарамыз қазақ халқының мәртебесін көтерумен байланыстырыла жүргізіледі. Бірлестігіміздің «Адам және оның тағдыры», «Жұлдыздар жұлдызды жағады», «Әлем бала көзімен», «Әзіліміз жарасса», балаларға арналған «Жол қозғалысы белгілері әлемінде» атты іс-шараларына қазақ, татар, украин, поляк, чешен-ингуш, тағы басқа ұлттың өкілдері қатысты. Өз кезегінде, біздің концерттік бағдарламаларымыз өзге ұлт өкілдерінің ән-билерімен жарасымды өрнектелетінін айтқым келеді. АНК Елбасы, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының Төраға­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың өңірімізге әрбір сапары ортақ мерекеге айналып кете ба­ратыны бар. Былтырғы жазда Пре­зидентіміз Көкшетау қала­сын­дағы жаңа «Достық үйінің» ашылу салтанатына қатысты. Емен-жарқын әңгіме құрып, ән шырқадық. Осының өзі баршамыздың жүрегімізге жігер құяды, болашағымыздың жарқындығын айшықтай түседі. Біздің ортақ үйімізде ұлттық, діни салт-дәстүрлер мен мерекелер де ортақ. Біз осындай қызықты да қуанышты күндерде, тағылымды шараларда әрқашан біргеміз. Біртұтас Қазақстанымыз жайнап жасарып, жасампаздық белестерден көріне бергей.  Галина БУЛЫЧЕВА, «Истоки» славян мәдени-ағарту бірлестігінің төрайымы. Ақмола облысы.