04 Ақпан, 2015

Ғибадат жасау

1191 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Ислам-2

Оны культке айналдыру неліктен қауіпті?

Қазақ елі ортағасырлық қараң­ғы түнекке оранғаны жақсы ма, жоқ әлде, оның ғылымды дамыту, мейірім мен әділетті нығайту жолымен құт-берекелі мекенге ай­налғаны жөн бе? Сұрақты бұлайша қабырғадан қоюға бізді кейбір дін атын жамылған теріс ағымдардың әрекеттері мәжбүрлеп отыр. Олар ұлттық мәдениетімізден мұсыл­маншылықты бөліп алып, екеуін соғыстырып қоюға бейілді. Олар­дан: «Сендер кімсіңдер?» десең, «мұсылманбыз» дейді. «Ұлтың кім?» десең, «ұлтымыз жоқ, біз мұсылманбыз» дейді. Бұл рет­те сыртқы ғибадат амалдары олар­дың қолында қазақ арасына жік тү­сірудің таптырмас құралы болуда. Енді жеткізбек ойымызды рет-ретімен баяндап көрелік. Дін мұсылманда Құдайдың бар және бір екеніне сенім «иман» делінеді. Ойшыл кемеңгерлер Құдай­дың ісін, ғылымын, дана­лығы мен заңдарын танып-білуді, бір сөзбен Алланың хикметін сезуді «шын иман», «хас ғибадат» деп атайды. Өзге құлшылықтың түрлері сыртқы ғибадатқа жатады. Сөйтіп, иман – діннің ішкі сыры, ал ғибадат оның күзетшісі ғана. Абай айтқандай, Құдай жолы (немесе шын иман) шексіз, ал сыртқы ғибадат, мәселен, хүкім-шариғат өлшемі, шеңбері бар нәрсе. Ар-әділетті, адам өмірінің құндылығын бәрінен жоғары қоятын әлеуметтік орта қалып­тастыру – кез келген қоғамның асыл арманы. Бірақ, адамгершілік мінез, діни сана өз-өзінен толыса алмайды, сол сияқты имандылық та тек ғибадат қылумен гүлденбек емес. Егер адам шын пейіл, ынтасымен мейірім, әділетке тал­пынбайтын болса: «Күллі тәнмен қылған құлшылықтарың ешбірі ғадәләтті мархаматты бер­мейді, – дейді Абай 38-ші қара сөзінде. – Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не халәттә екендіктерін, оған дәлел керек емес». Тереңдейік. Алланың ғылымы мен адамның ғылымы бар. Мүлтіксіз айналған аспан денелері, жердегі тіршілік иелері, күллі жара­тылыс – Алла ғылымының көріністері. Бұл жерде Құдай ғылымы және Құдай ісі дегеніміз бір ұғым. Ал дін ісі – тәрбие жолы және Құдай ісін, даналығы мен хикметін танып-білуге саяды. Ол – адамның рухани азығы. Сөйтіп, он сегіз мың ғаламды жарату және оны мүлтіксіз меңгеру – Құдай ісі, ал Құдайдың ісі мен әмірлерін адамның ақылы жеткен дәрежеде түсіндіріп, пендені иманға ұйыту – дін ісі болып табылады. Көріп отырсыздар, Құдай ісі мен дін ісін айыра білу аса маңызды екендігін, тіпті шын мұсылмандық осының аражігін айыруға тірелмек. Ол үшін терең рухани білім керектігі сөзсіз. Тағы Абай: «Әрбір наданның біз тариқатқа (дін жолы) кірдік деп жүргені, біз бұзылдық дегенімен бір болады», деп ескертеді. Адам­дық көркем мінезге әкелетін руха­ни биікке әлі жетпеген бол­саң, «сопысынып қылма наз» (Шәкәрім). Жә, қарапайым халық, атам қазақ қашан шын иманды сыртқы тағат, ғибадатпен шатастырған еді? Жоқ, бұлай болмаған. «Малым жанымның садағасы, жаным арым­ның садағасы» деуі соның дәлелі. Көшпелі өмір жағдайында тағатты орындау қандай деңгейде мүмкін болса, оны сол дәрежеде ғана алып, пайдаға асырып отырған. Мұсылман болу – жүрек таза­лы­ғында деген қағидат тұғыры кеңестік дәуірде де шайқалған емес. Алдыңғы буын біздердің бала кезімізден көріп өскеніміз мынау: үлкендер жағы «әй, кәпір-ай» деп тек әділдікті белінен басқан, қиянатшыл қылықтарға барған адамды ғана сөгуші еді. Яғни, «кәпір» үғымы намаз оқы­майтын кісіге емес, ар-ұяттан жұрдай, Құдайдың мейірім, әділет заңынан бейхабар наданға қарата айтылушы еді. Бүгінгі таңда салафиттер өз бауыры – мұсылманды дінсіз деп айыптайды (яғни, кәпір дейді). Бірақ, Алла адамды дінсіз деп айыптауға тыйым салады: «Сәлем бергенді дүние-мүлікке қызығып, «мүмін емессің» демеңдер» (4:94). Сол сияқты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да хадистерінде мұсылманды дінсіз деуге үзілді-кесілді тыйым салады. Әрбір діннің рухани және ғұрыптық жақтары бар. Оның рухани жағы мәңгі әрі бүкіл адам­затқа ортақ. Ал ғұрпы, ғибадат жағы дала төсіндегі майсадай түрліше болады. Исламның рухани әлемі діннің ішкі мазмұны, ал ғұр­пы, дәстүрі оның сыртқы піші­ні болып табылады. Айтайын дегенім, намаз, әрине, сенімнің сыртқы пішіні. Енді намаз туралы аят-хадис­терге көшелік. Намаз оқудың маңыздылығы жайлы хадистердің аса көптігі Пайғамбардың жаңа дінді орнықтыру миссиясымен түсіндірілетін жайт. Ал Құран Кәрім мәтіні туралы бұлай деуге келмейді. Онда намаз оқу, оны орындау қадап айтылған аяттар санаулы ғана. Атап айтқанда, Мүминұн сүресі, 9-аят, Рұм сүресі, 31-аят, Бақара сүресі, 43-аят, Таха сүресі, 132-аят, Ғанкәбүт сүресі, 45-аят және т.б. Құрандағы Алланың бұйрық­тары әдетте намазбен бірге, зікірге де қатысты. Кең мағынасында зікір дегеніміз – Алланы еске алу және Оның істерін ойлану. Мәселен, Ғанкәбүт сүресінің 45-аяты: «Кі­тап­­­тан саған уахи етілгенді ғана оқы да намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды. Әрине, Алланы еске алу, аса ірі нәрсе. Сондай-ақ, Алла не жасағандарыңды біледі», деген. Сонымен, намаз туралы аят­тарға Алланы еске алу (зікір) жай­лы аяттарды қоссаңыз, жиыны 70-ке тарта аят бары мәлім болады. Енді салыстырып көрелік, ғылым-білім алуға, оны іздеуге қатысты аяттардың саны 750-ге жетіп жығылады. Барлық әлемдік діндердегі сияқ­ты Исламның ішкі ғибадаты һәм тірегі – Алланың ісін (ғылым, мейірім, әділет көріністерін) танып-білу және адамзатқа түскен әмір­лері мен бұйрықтарына мойын­сұну болып табылады. Ислам­дық бес парыздың әуелгісі – іш­кі иман, қалған төртеуі (намаз, ораза, зекет, қажылық) – сыртқы ғиба­дат болып есептелуі осының ай­ғағы. Біріншісі – Құдайға жан-дүниеңмен, екіншісі – тәніңмен қылған құлшылық. Жақсы болсаң, құлшылықтың осы екі түрін де жақсы тұт. Мәселен, намаз оқитын, бірақ ата-анаға қайырымсыз, сабақ үлгерімі төмен баладан не үміт, не қайыр? Адамның ішкі сарайы, шын иман гүлденбеген хәлде «күллі тәнмен қылған құлшылықтарың ешбір ғадәләт-мархаматты бермейді» (Абай). Сөйтіп, бастысы – көкейдегі саңылау, оның өлшемі – шын иман, ал намаз – иманның жемісі. Бұған көпшіліктің назарын ауда­рып отырғаным жайдан-жай емес, қазіргі таңда еліміздің бас­паларынан жарық көріп жатқан діни әдебиеттердің басым көпші­лігі ғибадатқа, мұсылманша ғы­лым­хәл уағыздарына арналған. Діни және парасат құндылықтары (халықтық тәрбие, отбасын қастер­леу, тілді дәріптеу, үлкенді сыйлау, қонақты ардақтау, аруаққа құрмет, табиғатты аялау, т.б. қағидалар) бірге өріліп, тұтастықта болғанға не жетсін. Дініміз дамуының дәл қазіргі кезеңінде намаздың салафия құр­ған қақпанға айналу қаупі бай­қалып отыр. Салафшы, тәкфир­ші шіркіндер таза ислам ұғымын тек тән құлшылығына, яки намазға әкеліп тірейді. Олар діннің ғұр­пы жағын тастай ұстанады, ал Құран­ның бүтін рухы неде екеніне бас қатырмайды. Салафшы ғалымсымақтар ислам­ды ислам мәдениетінен, ал Құдай ісін дін ісінен айыра алмай өздері мықтап шатасты, бүкіл мұсылман қауымын да адастырып бітті. Намаз – діннің діңгегі, Пайғам­бар сүннеті деген ай­қын қағидаға қарсы келуден Жарылқаушымыз бір Құдайдың өзі сақтасын. Намаз арсыздықты тыяды. Сондықтан, намазхан болу, жалпы тақуалық, сөз жоқ, жақсылық. Дей тұрсақ та, намаздың орны мен рөліне қатысты біраз сыни ой-пікірлерімізді ортаға салдық. Олардан діндар оппоненттер «күпірлік» я «дінсіздік» таңбасын тауып, атойлап өре түрегелуі мүмкін екенін біліп отырсақ та, бұл нәзік тақырыпты айналып өтуді жөн көрмедік. Ондағы мақсат – өмір тәжірибесі аз жас­тарымызды соқыр сенімнен, ғибадатты табыну­шылыққа (культке) айналдырудан сақтан­дыру болды. Құр діншілдік неге әкеліп соқтыратынын араб елдері тәжірибесінен көріп отыр­мыз. Абайдың сәжде қылу туралы: «Менің қаупім бар, олар хас ғибадат осы екен, Құдайдың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды» (38-ші қара сөзі), деп ескертетіні сол. «Адамды сүй, Алланың хик­метін сез». Біле білсек, адам болу өнері де, хас ғибадат пен кәміл мұ­сыл­мандық та осы өсиетте тұн­ған. Өмірдегі де, діндегі де түзу жолымыз осы болса керек. Сон­дай-ақ, қоғамның мақсаты – жас­тар­ды ғылым-білімге үйір қылу, адал еңбекке баулу екеніне кім таласар? Сөз соңы, қазіргі қазақ қоға­мын мазалап отырған әсіре дін­шілдік фактілерінің өрістеуіне «кінәлі» Сауд Арабиясынан жалау болып жеткен «таза ислам» (салафизм) доктринасы демеске лажымыз жоқ. Таухид пен намазды жамылған салафия идеологиясы Қазақ еліне орта­ғасырлық қараңғылық түнегін қайта орнатқысы келеді. Ең үлкен қауіп, міне, осы демекпін. Асан ОМАРОВ, абайтанушы ғалым. АСТАНА.