Аталған жобалар экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру бағдарламасы шеңберінде іріктелді. Олар металлургия, химия, мұнай-химия, автокөлік, туризм, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты негізгі салаларды қамтиды. Басым бағыттардың бірі – оң нәтижелерге қол жеткізіліп отырған машина жасау саласы. Әрі қарай өсу үшін қазіргі қарқынды сақтау және өндірісті оқшаулау деңгейін дәйекті түрде арттыру маңызды. Ұзақмерзімді перспективада автомобиль өнеркәсібін мемлекеттік қолдау толыққанды кластер құруға алып келуге тиіс.
Тағы бір маңызды міндет – мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту. Қазіргі уақытта полипропилен мен полиэтилен өндіретін ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Бутадиен, карбамид және терефтал қышқылын өндіруге арналған болашағы зор жаңа жобалар әзірленуде. Аталған бастамалардың барлығы аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталуы маңызды.
Жоспарланған жобаларды іске асыру 25 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Күтілетін экономикалық тиімділік экспорт көлемінің 6 трлн теңгеге артуы және импортқа тәуелділіктің 1,5 трлн теңгеге төмендеуін қамтиды. Барлық жоба тұрақты экономикалық өсудің маңызды қадамы болатын жоғары өнімді және инновациялық өндірістерді дамытуды ынталандыруға, сондай-ақ экспорт пен импортты алмастыруға бағытталған.
2024 жылы құны 1,3 трлн теңгеге жуық 180 инвестициялық жобаны енгізу жоспарланған, оның 164-і өңдеу секторына тиесілі. Бірыңғай индустрияландыру картасы шеңберіндегі нысандар саны жөнінен бүгінде Қарағанды, Қызылорда және Жамбыл облыстары, инвестиция көлемі жөнінен Атырау, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр.
Өңдеу өнеркәсібі: негізгі көрсеткіштер
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өңдеу өнеркәсібі көлемі жағынан 48%-дық көрсеткішпен 45% деңгейіндегі шикізат секторынан асып түсті. Ондағы негізгі өсім бірден бірнеше секторда байқалады:
- Машина жасау: 6,9% өсім, бұған компьютерлік жабдықтар, электр аспаптары, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасы өндірісінің ұлғаюы ықпал етті.
- Қара металлургия: өсім 10,8%-ды құрады. Бұл ферроқорытпа, болат, шойын және жалпақ прокат өндірісі көбеюінің нәтижесі.
- Түсті металлургия: мыс, мырыш, қорғасын және алюминий өндірісінің өсуіне байланысты өндіріс көлемі 4,8%-ға өсті.
- Химия өнеркәсібі: 8,4% өсім тіркелді, полипропилен және натрий бихроматы өндірісінің ұлғаюы айтарлықтай үлес қосты.
Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің жиынтық көрсеткіші 5%-ға жуық оң динамика көрсетті. Осылайша, Мемлекет басшысының экономиканың өңдеуші секторын дамыту арқылы еліміздің өнеркәсіптік негізін нығайту жөніндегі тапсырмалары дәйекті жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар оның одан әрі өсуі мақсатында саланы тиісті бағамен, қажетті шикізатпен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Бұл алюминий мен мыс өңдеуді бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Бұл кабель, алюминий сым және басқа да өндірістің өсуіне де әсер етті.
Шикізат экспортын азайту бағытында өңдеу өнеркәсібінде ірі жобаларды жүзеге асыру жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Мәселен, темір рудасы жөнінен Қостанай облысында («ССКӨБ» АҚ) және Павлодар облысындағы металлургиялық кластер («Mineral Product International» ЖШС, ферроқорытпа, ыстық брикеттелген темір және болат өнімдері) ыстық брикеттелген темір өндіру жоспарланып отыр. Мыс кені бойынша Абай облысында мыс балқыту зауытын салу («KAZ Minerals Smelting» ЖШС ҚАЗ Минералс Смэлтинг/NFC), сондай-ақ Қазақмыс кәсіпорындары (Жезқазған және Балқаш мыс балқыту зауыттары) базасында Айдарлы және Көксай кен орындарынан шикізатты қайта өңдеу жоспарланған.
Геология саласын дамытудың басым бағыттары
Бүгінгі таңда минералды-шикізат базасы қатты пайдалы қазбалардың 987 кен орнын қамтиды және оларды барлау динамикасы оң күйінде қалып отыр. 2024 жылғы геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша құрамында минералды қоры мен ресурстары бар 17 кен орны мемлекеттік тіркеуге алынды:
- алтын – қоры 107,5 тонна, ресурстары 337,04 тонна,
- күміс – қоры 1904,5 тонна, ресурстары 172087,2 тонна,
- мыс – қоры 4916,7 мың тонна, ресурстары 7796,9 мың тонна,
- мырыш – қоры 2549,6 мың тонна, ресурстары 338,9 мың тонна,
- темір кендері – қоры 128 млн тонна, ресурстары 162 млн тонна,
- қорғасын – қоры 1319,5 мың тонна, ресурстары 64,1 мың тонна,
- вольфрам – қоры 409,9 мың тонна, ресурстары 743 мың тонна,
- хром – ресурстары 464,1 мың тонна,
- молибден – қоры 14 т, ресурстары 39 тонна,
- марганец – қоры 794 мың тонна, ресурстары 1137,3 мың тонна.
Сондай ақ биыл алғаш рет мемлекеттік есепке көмірсутек шикізатының 6 кен орны қойылды:
- газ – 1776,5 млн м3.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2026 жылдың соңына қарай ел аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін геологиялық-геофизикалық зерттеумен қамтуға қол жеткізуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. 3 жыл ішінде қаржыландырудың жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асады.
Сонымен қатар аудандарды геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік картаға түсіру және терең геологиялық картаға түсіру жұмыстарының нәтижелері де бар. Аталған жұмыстар нәтижелеріне сәйкес, бағалы, түсті және қара металдар бойынша болжамды ресурстары бар перспективалы 60 учаске анықталды. Бұл учаскелерді барлауға арналған лицензия шеңберінде одан әрі зерделеу үшін жер қойнауын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сирек жер металдары саласын дамытуға бағытталған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде 12 учаскеде іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Отандық өндірісті қолдау
Мемлекеттік сатып алулардағы отандық өнімдер тізбесінің кеңеюі жергілікті кәсіпорындармен жасалған келісімшарттар санының 1,4 есеге артуына, ал олардың жалпы сомасының 40%-ға өсуіне алып келді. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы, сондай-ақ басқа да жер қойнауын пайдаланушы ірі субъектілер отандық өндірушілермен жасалған ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар сомасы 622,3 млрд теңгеден 765 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Мұнай-газ саласында барлық сатып алудың негізгі көлемі (65%) үш ірі операторға (Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг, NCOC) тиесілі. Осыған байланысты, олардың барлық сатып алуларының 75%-ын құрайтын 16 тауар тобы бойынша елішілік құндылықты дамытудың ұзақмерзімді бағдарламаларын қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет қаражаты есебінен нысандарды салу кезінде отандық құрылыс материалдары мен жабдықтары барынша қолданылады. Мемлекеттік қолдау шаралары жаңа бірыңғай тізілімге енгізілген тексерілген отандық тауар өндірушілерге ғана көрсетіледі.
Тұрғын үй құрылысы
Тұрғын үй құрылысына қатысты арнайы бағдарлама шеңберінде 7 жыл ішінде 111 млн ш.м тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша, 1 млн-ға жуық отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар 2024 жылы даму жоспары түзетілді, нәтижесінде, 15,5 млн ш.м тұрғын үйдің орнына 18 млн ш.м баспана тапсырылады.
2024 жылғы мамырда «Отбасы банк» «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Оның аясында 188,3 млрд теңгеден астам сомаға 7 217 мың несие берілді.
Жыл басынан бері цифрландыру және қала құрылысы сараптамасын енгізу арқылы нақты заңсыз құрылысты іске асыру мүмкіндігі алынып тасталды. Бұл шара Президент бірнеше рет белгілеген нақты құрылыс мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Кешенді шаралар саябақтар мен әлеуметтік нысандарға арналған аумақтарда көппәтерлі үйлер салу мүмкіндігін жояды, бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және қалалық инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді.