Жуырда Болат Ешмағамбетовтің былтыр жарық көрген «Өз-өзіммен әңгіме» атты кітабы қолыма тиді. Белгілі шахтер, Саран қаласының құрметті азаматының қалың шығармасын оқып шыққандағы мақсатым, оның туған ағасы Ғазиз туралы жаңа деректерге кезігемін бе деген ой еді. Олай болмады. Болат ағамыз өзінің өндірістік ортасы, аралас-құраластарының тыныс-тіршілігі, қоғамдық қатынастардан өрбіген пайымдарынан толғаныс тудырған екен. Оқиғалар желісі өзіне тартып тұратын кітаптың атына орай, өзі жайлы да жарытып жазбаған. Бауырларына қатысты баян тіпті жұтаң. Ағасы Ғазизге қаратып «НұҺ пайғамбардан кем болған жоқ» деген жалғыз теңеуді қолданыпты. Түсінгенге халықтық байламымыздағы өте жоғары бағам.
Бұл нені көрсетеді? Рухани құндылықтардың қастерленетіні мен азаматтық ұстанымның үнемі әспеттелетінін ұққандай болдым. Мен ойлаймын, Ғазиз Ешмағамбетов те кітап жазған болса, дәл осылай етер еді. Көзі тірісінде Ленин, Октябрь революциясы, төрт бірдей Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған кісінің алдына талай бардым. «Мені қайтесің, жазсаң ұжым туралы жаз» дегеннен танбайтын. Еңбегімен еңселеніп, тұлға деңгейіне жетіп қалған адамның қарапайымдылығы таң қалдыратын. Қазір, қайтыс болғанына жыл толғалы отырған ағамызды еске ала отырып, халқымыздың тек тазалығы туралы жылы ойларының әсеріне бөленгендей боламын.
Қолымдағы жұқалтаң деректерді толықтыру мақсатында анау жылдары Көкшетау облысын басқарған қадірменді қария Шапай Әбутәліповті сөзге тарттым. Ғазекеңнің құрылыс саласында жұмыс істейтін ұлы Серіктен ағамыздың өз қолымен жазылған өмірбаянын алдым. Курстасым әрі «Егеменде» бірге қызмет атқаратын Қорғанбек Аманжолов та Ғ.Ешмағамбетов жайлы қалам тартқан екен. Ғазекең жайлы дүниелердің барлығы тек мәселесін қаузайды. Бұл енді тегін емес.
Ағамыз облыстық деңгейдегі басшылар арасында кесек мінезімен, сөлді сөзді өжеттігімен ерекшеленіп тұратын еді. Соған орай қимылы қарымды, еңбекте жанкешті, батыр тұлғасындағы бекзат байыптылығы қатар ере жүретін. Ол текті бабалардың ұрпағы болатын. Арғы атасы Бәсентиін руының Қангелді ұрпағынан тарайтын Айтбай Абылай ханның қадірлейтін батырларының бірі болыпты. Оның денесі Түркістандағы Ахмет Ясауи зиратына жерленуі де көп нәрсені аңғартса керек. Айтбайдың Шүленбайынан Ғазекеңнің әкесі Ешмағамбет, қызы Сақыптан қазақтың біртуар азаматы, көрнекті мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімов туады.
Ғазекеңнің атасы Шүленбай Көкшетаудың дуалы ауыз билерімен қатар жүріп, ел ішінде абыройлы кісілердің бірі болған. Қызыл қырғын кезінде кеңес өкіметін келемеждеп Қызылжардың түрмесіне тоғытылған Үкілі Ыбыраймен сыбайлас болды деген дүрмекпен ол да абақтыға жабылған. Бұл туралы Ғ.Ешмағамбетовтің естелігінде «Атам сонда түрменің жаман исіне шыдамай темекі тартуды үйреніп келіп еді. Артынан қойды» деп жазылыпты.
Осы жағдай қорлық-қияметтің бастамасы болып шықты. Кәмпеске келіп, өшіккен белсенділер бай-құлақтың тізіміне іліктіріп, ақыры жер аудартып тынды. Бұлар 1931 жылы Петропавл жағындағы қазақтар Кіші Тораңғыл, Ақбалшық атайтын жерге айдалды. Бар жүгі бір абдыра, бір кебеже, бір қазан, бір самауыр. Бұл уақытта ел ішіне ашаршылық та кірген. «Таңғы ас тәңірден» деген тіршілік жетегіндегі Шүленбай мен Ешмағамбет отбасын аман сақтап қалу қамымен араға жыл салып, Омбының Азов ауданындағы Мещеряки селосын паналапты. Атасының еті тірілігі ғой, Шүленбаевтың орнына «Сүгірбаев» деген мөрлі қағазбен. Әкесі Ешмағамбет осындағы политотделдің атқосшы-көшірі болып орналасады. Кезінде революционер Кировпен бірге болған политотдел басшысы Шаумян атқосшысына жанашырлықпен қараған сияқты. Осының да ықпалы шығар, ешкіммен қақ-соғы жоқ Шүленбай әулеті ел ішіне еркін сіңісіп кеткендей.
Бір қызығы, алыстағы Мещеряки мектебінде он бес шақты бала қазақша дәріс алған. Жанболат Тәшкенов деген мұғалім сабақ беріпті. Ғазиз бірінші сыныпты сонда оқыған. Күніге бір мезгіл тамақтандырады. Қағаз бен қарындаш мектептен. Әпкесі Мәйкеш екеуі ескілеу бір етікті кезектесіп киеді. Уақыт солай. Ауыр кезеңнің арманшыл балаларының ортақ тағдырына қатысты бір сурет қана бұл.
Анасы Нұрила колхоздың сауыншылығына қабылданып, жанұшыра жұмыс істейді. Мәселе көзге түсіп, екпінді атануда емес еді. Әйткенмен, еңбегі еленіп, мадақтала бастайды. Тіпті, 1935 жылы Омбыдағы жиналысқа шақырылыпты. Сонда Ленин орденіне ұсынылып, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің Бүкілодақтық бірінші съезіне делегат болып сайланады. Бірақ секемшіл Шүленбай қария: «Неше жерден орден берсе де емшектегі баламен алыс жолға шығармаймын», деген сылтаумен Мәскеуге жібермейді. Бұған жоғарыдағы шенеуніктер аса қинала қоймағандай. Ақыры Нұрилаға сыйлыққа «Зингер» тігін мәшинесі мен гүл шашақты кәріс шәлі бұйырған екен.
Жаңағы секем алудың астарында біраз мәселе барын аңғару қиын емес. Нұрила шешейдің көптің назарына ілініп, аты шыға бастауы алмағайып замандағы адамдар үшін аса тиімді болмайтыны түсінікті. Өйткені, бүгінгі сауыншы Айыртаудың Ботай ауылындағы атақты Шәлтік қажының немересі, Сүлеймен молданың қызы. Әрі құран хадистеріне жатық, араб тілінде оқып, жаза біледі. Ортасы кеңейген соң бұл жайды, сондай-ақ, басқа фамилияны жамылып жүргендерін біреу-міреу біліп қойып, керексіз сөзді көлденеңдетіп тұрса, бұлардың құрығаны. Оның үстіне Шүленбай атаның жасы еңкейгендегі туған жерді аңсары бар, ақырында бұлар, 1936 жылы бұрынғы Бәсентиін – қазіргі «Он бес жылдық Қазақстан» ауылына қайтып оралды. Бұл кезде Конституция қабылданып, Кеңес Одағы бойынша тұңғыш сайлау өткізілгелі жатқан. Абыр-сабырдың әсері ме екен, ескі тізімнің негізінде «Шүленбаев» болып тіркеуге алынып, үлкендер жағы дауыс беруге қатысты. Көп ұзамай олардың толық ақталғаны жөніндегі хабар да келген. Үйелмелі-сүйелмелі балалар еш қуыстанып-қорқақтамай мектепке баратын болды.
Ғазекең 1946 жылы әуелі Шұқыркөл, содан кейінгі сатыда атақты Сырымбет мектебін бітіріп шықты. Соғыстан кейінгі жылда ауыл баласының арман қуып, оқу іздеуге қайдан шамасы келсін. Анасы ауыр жұмыс, қиын тұрмыстың ауыртпалығынан 1943 жылы қайтыс болған. Әкесі соғыстан жаралы оралып, үй маңынан аса алмай қалды. (Ол кісі алпысыншы жылдардың басында дүниеден озды). Бір жылдай кітапханашы болды. Жиған-тергенін қамдап, жазғытұрым аудан орталығы Саумалкөлдегі жиен ағасынан ақыл сұрай келгенде, жақсы хабардың үстінен түсті.
Бұл кезеңде республикамызда кадр мәселесі айрықша өзекті болатын. Қазақ зиялыларының басым көпшілігі қуғын-сүргінге ұшырап, елімізде білікті мамандар жоққа тән еді. Мұндай жағдайдың қалыптасуына соғыс та жойқын әсерін тигізді. Сол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің араласуымен ВКП(б) мен Халық Комиссарлары Кеңесінің «Қазақстандағы ұлттық кадрлар туралы» арнайы қаулысы жарияланады. Аталған құжаттың негізінде Қазақстан азаматтарына Ресей, Украина, Закавказье және басқа республикалардағы жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін квота бөлінген. Ғазиз Ешмағамбетов сәтін салып, Барнаулдағы Алтай ауыл шаруашылығы институтына баратын бес адамның тізіміне ілігеді.
Ғ.Ешмағамбетов аталған білім ордасын 1952 жылы ғалым-агроном мамандығы бойынша бітіріп шығып, туған елге оралады. Көкшетау облыстық совхоздар тресінің жолдамасымен Айыртаудағы «Ақан» кеңшарына жіберіліп, табаны күректей 14 жыл бойы бас агроном қызметін атқарды. Ғазиз ағамыз осы жылдары өзінің шын мәніндегі жердің жанашыр қамқоршысы екендігін таныта білді. Ырыздық молшылығын жасауда «Ақан» совхозы үнемі алда болды. Адал еңбек еңселендірген Ғазиз Ешмағамбетов 1956 жылы 28 жасында Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Білікті маман 1966 жылы Чистополь ауданындағы «Краснознамен» совхозының директоры қызметіне жоғарылатылды. Осы екі шаруашылықта жұмыс істеген жылдары Ғазекеңнің аймақты өркендетудегі айшықты қолтаңбасы жарқырай көрінді. Жол құрылысына, су тораптары мен су жүйелерін тартуға, тұрғын үйлер салуға ерекше көңіл бөліп, істің барысын тікелей қадағалап отырды.1973 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығына ауыстырылғанда да күрделі құрылыс саласына жетекшілік жасау Ғазиз ағамызға тапсырылған болатын.
Ғазиз Ешмағамбетұлы басшы, маман, азамат ретінде облыстық астық өнімдері басқармасының бастығы болып қызмет істеген жылдары да жақсы қырынан танылды.
Елінің арда ұлы 1988 жылы республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты. Алайда, ол жұмыс жолын тоқтатпады, ол қоғамға керек еді. Ғазиз аға бұдан кейін де он жыл бойы аймақтық астық зертханасының меңгерушісі, жеке меншік «Дән» фирмасында астық өнімдерінің бағасын анықтап, нарықтық қозғалысын үйлестіруші қызметін атқарып, жастарға бай тәжірибесінің маржанын шашып өтті.
Ғазекең Көкше өңіріндегі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген агрономы атағын алған санаулы азаматтардың бірі еді. Аяулы жеңгеміз Дақан Уәйісқызы екеуі 50 жылдан астам бақытты ғұмыр кешіп, алтын асықтай екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді, немере-шөберелерінің шат күлкісіне бөленді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.