Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің «Сәулет және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, суретші Майса ЫҚЫЛАСОВАМЕН сұхбат
– Майса, Омбыда сурет көрмесін өткізіп келіпсіз. Қандай туындыларыңыз қойылды, жалпы, көрмеге омбылықтардың қызығушылығы қай деңгейде болды?
– Жақсы өтті, көңіл бір көтеріліп қалды. Киіз басу өнеріне ресейлік қазақтар үлкен қызығушылық танытты. Осы сапардан бұрын өткен жылы Омбыда өткен «Евразия-Art» суретшілер көрмесіне бір топ павлодарлық суретшілер барғанбыз. Сонда көрмеге келген жер-жердің суретшілері киізден жасалған картиналарға қатты қызыққан еді. Ал, бұл жолғы сапарға Омбыдағы аймақтық «Мөлдір» атты Сібір аймақтың қазақ мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісова сіңліміз бастамашы болды. Көрмеге омбылық қазақтар, өзге ұлт өкілдері, оқушылар, студенттер келді. Пушкин атындағы орталық кітапхананың үлкен залында ұйымдастырылған көрме ел Тәуелсіздігінің 23 жылдығына арналды. Көрмеге «Менің Қазақстаным» атты пейзаждар сериясы мен ақын Мұқағали Мақатаевтың поэзиясын арқау еткен «Мұқағали» атты графикалық суреттер сериясы – барлығы 30 туындым қойылды. Тіпті, қой жүнін бояп, киізге басу арқылы қалай ұлттық бұйымдар жасау керектігі жайлы шеберлік сыныптарын да өткіздім. Сапар барысында
сол жердегі Көркемөнер институтының директоры, Ресей Суретшілер одағының мүшесі Қайыртай Әмірғазин, суретші Амангелді Шәкенов сияқты әріптестеріммен де кездестім. Біздің еліміздің Омбыдағы консулы Елдар Қонаевтың қабылдауында болдым. Екі ел арасындағы мәдени байланысқа қосқан үлесім үшін Алғыс хат табыс етті.
– Мұқағали ақынның поэзиясына арналған графикалық суреттерді бұрын да көрмеге қойып па едіңіз?
– Бұл суреттердің көрмесін тұңғыш рет өткізіп отырмын. Оны перфоманс түрінде, яғни сурет пен поэзия, музыка мен видео қосып жан-жақты өткіздім. Бұл орындаушылық, шағын қойылым дегенді білдіреді. Перфоманс өткен ғасырдың 60-жылдардағы авангардистеріне тән стиль.
– Өнерге қалай келгеніңіз туралы айта кетсеңіз.
– Біздің отбасы менің бала кезімде осы Омбы жақтан Ақтоғай ауданына көшіп келді. Кішкентайымнан сурет сала бастадым. Бұл өнер маған анамнан дарыды. Анам он саусағынан өнері тамған адам еді. Сырмақ жасау, оюлар, құрақ құрау, кестенің түр-түрін қалай тігіп, қалай жасауды анамнан көріп өстім. Бала қиялым өмірдің ғажайып құбылыстарын сурет арқылы көрсеткісі келді. Осы өнер мені жетелеп Алматыдағы театр және көркемсурет институына алып келді. Оқу бітірген соң, 1986-1996 жылдары сол кезде Алматыда орналасқан «Қазақ телевизиясының» «Алатау» телеарнасында суретші-көркемдеуші болып қызмет атқардым. Сонымен бірге, өзіңіз білесіз, біздің облыс орталығындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыкалық драма театрында «Қыз Жібек» операсының, «Абылай ханның ақырғы күндері», «Хан Кене», «Отырар дастаны», «Жарқанат», «Ең әдемі келіншек» сияқты басқа да қойылымдардың сахналық суреттерін жасадым. Кейін Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында «Мұқағали», «Сиқырлы шөп», «Ағасы бардың...» , басқа да спектакльдердің сахналық қоюшы суретшісі болдым.
– Айтпақшы, сіз 1986 жылдары телеарнаны атақты сыншы, патриот Сағат Әшімбаев ағамыз комитет төрағасының орынбасары, төраға болған кезде жұмыс жасаған екенсіз ғой?
– Иә. Өмірімдегі ұмытылмас естелік. Желтоқсан оқиғасы болған жылдар. Бәрі де біздің көз алдымызда өтті ғой... Сағат ағамен бірге шығармашылық жұмыс жасау бақыты бұйырды. Телеарнада «Шашу», «Алатаудың ән отауы», «Тамаша» ойын-сауық бағдарламаларын бүкіл қазақ сүйіп көрді. Осы бағдарламалардың да безендіру жұмыстарын атқардық. Сағат ағамыздың жетекшілігімен сол кезде режиссер Ботагөз Исмайылова, редактор Айсұлу Иманбекова бәріміз Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Дариға жүрек» атты бір сағаттық телевизиялық деректі фильм түсірдік. Бұл фильм Мұқағали ақынның ауылы Шалкөдеде, Қарасаз жерінде түсірілді. Айтпақшы, Дариғаның рөлін біздің жерлесіміз, павлодарлық Бақыт Айтова бейнеледі.
– Мұқағалидың өлеңдеріне сурет салуға «Дариға жүрек» әсер етті ме?..
– Әрине, әсері болды. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында қызмет жасап жүргенімде театр ұжымы Серік Тұрғынбековтің «Мұқағали» драмасын сахналады. Қоюшы-режиссер – Болат Ұзақов. Ал, мен сахналық көріністердің суреттерін салдым. Осы драма да маған үлкен ой салды, өзім салған көріністер мазалап, өлеңдері ойымнан кетпеді
. Ақындардың өлеңдеріне әдетте көбіне ән жазады. Бірақ, сурет салына бермейді ғой. Бұл бір сөзбен айтқанда, поэзияны суретке айналдыру, Мұқағалидың өлеңдері еріксіз сурет салуға жетелейді. Өлеңдері өзінен өзі суретке сұранып тұр. Ақынның өлеңдерін студент кезден бастап жатқа оқимын. Ақын мен суретші шығармашылығының үндесуі заңдылық деп ойлаймын. Мысалы, «Ғашықпын», «Раушан гүліне», «Сен гүлімсің», «Иек артқан теңізге», «Үнсіздік», «Тағы да күз», «Жалаң аяқ қыз», «Жарық дүние-ай!», «Өмір сүрейік алмасып», «Бақыт деген», «Махаббат диалогы» сияқты Мұқағалидың екі қазақтың бірі жатқа білетін өлеңдеріне жасалған графикалық суреттерім бар. Сонымен бірге «Менің замандастарым» атты портреттер сериясын жасадым. Жұмыстарымның бәрі де «тушь, акварель, монотипия» және керамика мен батик техникасында орындалды.
– Мұқағали поэзиясын суретке айналдырдыңыз. Ақын рухы қолдасын. Баянауыл мен Ертіс өзенінің сұлу табиғатын қой жүнін бояп, түрлендіріп, киізге басып шығарып жүрсіз. Жүннен ойыншықтар жасай бастадыңыз. Жүнге қызығуға не себеп болды?
– Жалпы, поэзияға, өлеңдерге сурет салатын суретшілер көп емес. Бір Сейдуллин деген суретші болды, ол кісі Сəкен Сейфуллиннің өлеңдеріне суреттер салатын еді. Ал қой жүніне келсек, бұл да оңай шаруа емес екен. Бұл енді жаңалық емес, бұрынғы әжелеріміз, апаларымыз қолданған қазақтың кәдімгі ұлттық қолөнері ғой. Ұмытылып бара жатқан соң, енді біздер оны жаңартып, жаңғыртып қайта қолға алып жатырмыз. Қой жүнін, бояуларды, суреттердің қоршау ағаштарын бәрін өзім сатып аламын. Қазақтың ұлттық қолөнері – киізден кескіндеме жасап, жүннен түрлі ойыншықтар, әшекей бұйымдар жасаймын. Ертіс өзенін, Баянауыл келбетін, Жасыбай көлін киіз бетіне басу үшін қой жүнін түрлі түске бояп, ақ бұлт, көк аспан, көгілдір көл, тау, тас, қарағайларды өрнектеп саламын. Киіз кескіндемесі деп атаймыз. Бала кезімде анам өрнектеген киіздер кескіндемесі есіме түседі. Қазақтың төл өнері – киіз басу дәстүріне сәйкес жасалған «Наурызша», «Торайғыр көлі», «Күн шуағына шомылған түз» атты туындыларым бар. Әр қазақ баласы қызылды-жасылды боялған жүннен жасалған ұлттық ою-өрнекті текеметтің үстінде ойнап өсті. Қой жүні қазақтың баспанасы, киімі, төсеніші болды ғой. Киіз үй, қой жүнінің емдік қасиеті сол сусамыр ауруына шалдықтырмайды дейді үлкендер. Олай болса, қой жүнін қазір неге кәдеге жаратпасқа, неге одан экологиялық таза балалар ойыншықтарын жасамасқа деген ой келді. Киіз кескіндемемде жылдың төрт мезгіліне арналған, сондай-ақ дала көріністерін бейнелеген туындыларым бар. Шетелдіктер қызығушылық танытып алып кетті. Боялған жүнді ретімен орналастыру, сурет жасап шығару оңай емес.
– Өзіңіз ұстаздық етіп жүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университеттің сәулет және дизайн бөлімінің студенттеріне қандай үміт артасыз?
– Өзімнің бойымдағы өнерді студенттерге, шәкірттеріме үйретудегі мақсат – сурет өнерінің құдіретін білсін деймін. Ұстаз болу бақыт. Өзіммен бірге сурет салып, поэзия мен суретті ұштастырып жүрген шəкірттерім бар. Олар жас қой. Болашақта сурет сала ма, қой жүнін бояп, киіз кескіндей ме, əлде өздерінше жаңа бір бағытқа ілесе ме, уақыт еншісінде. Суретші боламын деп қыл қаламды серік етіп жүрген талантты шәкірттерім, студенттерім барына қуанамын. Өзімнің жеке шеберханам болмаған соң, талай жыл аядай үйде жұмыс жасап жүрген едім. Облыстық Суретшілер одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өсербай Шұрановқа ризашылық білдіргім келеді. Бәрімізде қазір шеберхана бар. Ол кісі төраға болып тағайындалған соң, жергілікті суретшілер арасында ерекше серпіліс пайда болды, пленэрлер ұйымдастырылуда, бірқатар жоба-жоспарлар жасалды. Мұқағали ақынның туған күні де жақындап қалды. Өлеңдері сурет болар сәттер көп болсын. Сүйікті газетім «Егемен Қазақстанды» таяуда өткен 95 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Шығармашылық табыстарымыз мол болсын!
– Рахмет әңгімеңізге. Айтқаныңыз келсін!
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.