01 Мамыр, 2015

Елдің елдігі мен ерлігі

608 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ВОВ-1Елдің елдігіне, ердің ерлігіне сын болған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістен бері 70 жыл өткен екен. Ұлы Жеңіс Отанымызды, халқымызды ықтимал құлдықтан азат етті, тәуелсіздігімізді, теңдігімізді баянды етті. Әлемдік өркениетті фашистік озбырлық пен қорлаудан қорғап қалды. Сын сағатта Семей облысы Шұбартау ауданының өрендері де майданға аттанып, ерліктің тамаша үлгілерін көрсетті. Мың жарымнан аса ер-азаматтарымыз майданға аттанды. 750-ге жуық жерлесіміз халқымыздың болашағы үшін жандарын құрбан етіп, туған жерге оралмады. Жерлесіміз, сарықамыстық Мұқатай Әбеуловтің Кеңес Одағының Батыры атануы, айғыздық Сабалақ Ораза­линовтың Матросовтың ерлігін қайталап даңққа бөленуі, ақын, журналистер Шыныбек Кенжебаев, Бейсембай Тәттімбетов, Ұзақ Қисықовтың жауынгерлерді жалынды жырларымен рухтандырып, алғы шепте жүруі, Сәрсембай Тәттімбетов, Кәкіжан Шитенов, Мәміш Әбдірахманов, Аман Шитенов, Қасыл Қашмашымов, Бәйкен Әбдірахманов, Талапбек Рысбаев, Саржан Боданов, тағы басқаларының небір ауыр шайқастарға қатысып, ерліктерін мұра етуі бүгінгі ұрпақтың қашанда жүрегі мен көңілінде. Солардың бірі он екіде бір гүлі ашылмай тұрып, қаршадайынан ел арасында ақиық ақындығымен, жезтаңдай әншілігімен, ауызекі сазгерлігімен аты шыққан Бейсембай Тәттімбетов еді. Бейсембай 1925 жылы Семей облысының Шұбартау ауданындағы Байқошқар ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың 15 тамызында 17 жасында майданға аттанды. Бейсембай Курск маңындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Талай рет жауынгерлік ерлік көрсетті. Отан шекарасын фашизм жендеттерінен азат етуге ерекше үлес қосты. Амал не, жауынгер жерлесіміз өзінің халық алдындағы міндетін қалтқысыз атқара жүріп, 1943 жылдың 6 шілдесінде ерлікпен қаза тапты. Денесі Курск облысындағы Померевский ауданы Кашара деревнясының терістік жағындағы биік төбешіктің етегіне жерленді. Жас өнер иесі шет жерде жалт етті де жоқ болды. Иә, азаматымыз арманда кетті. Бейсембай Тәттімбетовтің артында ескерткіш болып, өзі шығарған аздаған өлеңдері, өлеңін де әнін де өзі шығарып, өзі орындаған бірнеше әні қалды. Өлеңдерінің бірнешеуі өзінің көзі тірісінде, 17 жасында республикалық «Лениншіл жас» және аудандық газеттерде жарияланған. Енді «Үшқызыл» әні және Үшқызыл жері туралы толығырақ айтқанды жөн көріп отырмыз. Үшқызыл – бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданындағы Ұйымдас ауылының жерінде (қазіргі Аягөз ауданындағы Байқошқар ауылы) қатар тұрған үш шоқы. Үшқызыл күмбез Бақанас, Байқошқар, Балқыбек өзендерінің түйіскен жерінде сән түзеп тұр. Үш өзен тал, терек, қайың аралас тоғайына оранып тұрғанда тіпті әсем көрінетін. Қазір тоғайы оталып, жалаңаштанса да Үшқызыл әсемдігін жоғалтқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Тәңірдің өзі келіп орната салғандай ғажап күмбездер. Үшқызыл 17 жастағы балғын өнерпаз Бейсембайды қатты әсерлендіріп, оған арнап ән шығаруға итермелеген. Ол әннің сөзі мынандай: ҮШҚЫЗЫЛ Үшқызыл бауырың жазық, басың биік, Мен сені құрметтеймін, жаным сүйіп. Мың жылдар ата-бабам мекен етіп, Жоныңда жортқан тағы арқар, киік. Қарасам бүгін, міне, келбетіңе, Орнаған колхозды елім бір шетіңе. Жағалай жайқалады жасыл егін, Қанша айтсам сөз жетпейді суретіңе. Суың – бал, шөбің – шүйгін, ауаң – дәру. Төрт түліктен қайысқан далаларың. Бірлесіп, білектесіп, мәз-мейрам боп, Жұмылып еңбек еткен жас пен кәрі. Үшқызыл жайнаң қағып, шалқып тастың, Еңбекпен социалистік құшақтастың. Дәуірінде партияның арманы жоқ, Әні деп есіңе алшы бұл бір жастың. Отан үшін, ел үшін жан аямай күрескен, сұрапыл майдан шебінен оралмай, ерлікпен қаза тапқан осынау әкелер мен ағалардың аруағы алдында құрметпен бас иемін. Фарида БАУОВА, жоғары санатты ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы.