Фото: senate.parlam.kz
Әр кезеңнің жүгін арқалап, халық санасындағы сұранысты дөп басып отырған басылымның жаңа үрдістер фонында тоқырамауы мәнді мәтін, сырлы сөз, терең таным, байыпты байлам жасауымен байланысып жатқаны ақиқат.
«Той тойлайтын емес, ой ойлайтын» кезеңде газетіміз 105 жылдық торқалы тойын мәдени-интеллектуалдық форматта атап өтті. Мәдени жиынға әр жылдары басылымды басқарған азаматтар, халық қалаулылары мен қоғам қайраткерлері, газет ардагерлері қатысты. Ұлт мүддесін әр кез ұмыт қалдырмаған ұжымды мәртебелі мерейтоймен құттықтаушылар легі орасан болды. Осы қатарда Сенат және Мәжіліс Төрағалары да бар.
Сенат спикері өз құттықтау хатында дәуірлер дүбірінде «Egemen Qazaqstan» сан саланы дамытуға мол үлес қосқанын ерекше екшеген.
«Тәуелсіздікті нығайту, халықтың әлеуетін арттыру және ұлттық руханиятты дәріптеу жолында «Egemen» мен егемендіктердің алар орны ерекше. Қазіргі таңда бас басылым қазақтың дүниетанымын кеңейтуге, тарихы мен құндылықтарын дәріптеуге, әдебиеті мен мәдениетін, білімі мен ғылымын дамытуға және елдің береке-бірлігін сақтауға үлкен үлес қосып келеді», деді Мәулен Әшімбаев құттықтауында.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мерейтойға арналған құттықтау хатында қазақ руханиятының қарашаңырағына айналған басылымның талай толқын қаламгер, журналистің кәсіби толысуына сеп болған шеберхана екеніне назар аударған.
«Газет қабырғасында қазақтың қаншама буын талантты журналистері еңбек етіп, қалыптасты. Қаламдарын ұштап, шеберліктерін шыңдады. Дәуірдің тынысын, қоғамның үнін халыққа шынайы жеткізді», делінген Ерлан Қошановтың құттықтау лебізінде.
Газеттің осы биіктен табылуына әр жылдары қазақтың қаймақтары білек түре еңбек етті. С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, Т. Рысқұлов, О.Жандосов, Ғ.Мүсірепов сынды біртуар тұлғалар қолының табы тиген «Egemen Qazaqstan» газеті биыл 105 жылдық мерейтойға сол абырой биігінде жетіп отыр. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов газет ұжымын құттықтау хатында айрықша атап өткен.
«Ғасырдан астам уақыт бойы Алаш жұртымен бірге жасап, абыз басылымға айналған «Егеменнің» орны әрдайым биік тұрады. Бүтін бірнеше дәуірдің шежіресін бойына бүккен ел газеті отандық баспасөзді жаңа сапалық деңгейге көтеріп қана қоймай, тұтас ұлт тағдыры талқыға түскен сындарлы сәттерде мемлекет мүддесін қорғауға қызмет етті. Сондықтан қай тұрғыда алып қарасақта «Egemen Qazaqstan» қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, егемендіктің эталоны деуге әбден лайықты» екенін айтып Олжас Бектенов «Руханиятымыздың абыройын асқақтатқан ұлағатты істеріңіз өрге бассын», деп Премьер-министр ізгі ниетін білдірген.
«Egemen Qazaqstan» газетінің алғашқы санынан мұрат еткен мүддесі - елдік жол. Сол жолдан таймай табанды еңбек етіп келе жатқан ұжымға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балава да арнайы құттықтау хатын жолдады.
«Газет ұжымы оқырмандарына жаңалықты жедел, сапалы әрі шынайы түрде жеткізіп, жұртшылық арасында байыпты насихаттауда. Мемлекеттік мүдде мен журналистік биік талапты тең ұстайтын басылымның кәсіби деңгейі, ұстанған бағыты ешқашан өзгерген емес және алдағы уақытта да халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлестеріңізді қоса бересіздер деп сенемін», делінген Аида Балаеваның құттықтауында.