Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Баспасөз, телевизия және радио күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этносаралық қатынастар мәселесіне қатысты жетекші журналист-сарапшылар клубының алғашқы отырысы болып өтті. Күн тәртібінде – Ел бірлігі доктринасын жүзеге асыру мәселелері, сонымен қатар, біртұтас ақпараттық кеңістіктің құрылуы.
Клуб Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы тұрақты жұмыс істейтін кеңестік-сараптық және ақпараттық орган болып табылады. Құрамына этносаралық тақырыпты қозғайтын республикалық, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жетекші журналистері және этносаралық қарым-қатынастар саласындағы сарапшылар кіретін клубтың ашылуы Ассамблеяның 15-сессиясы барысында қабылданып, ал тұсаукесері өткен жылдың 17 қарашасында өткен болатын.
Алғашқы отырысқа Ассамблея Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің кафедра меңгерушісі, профессор Ғ.Шаяхметов, сондай-ақ бірқатар басылымдардың бас редакторлары қатысты. Алдымен келе жатқан журналистер мерекесімен құттықтаған Ералы Тоғжанов көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын этностық мәселенің өте кірпияздығын айтып өтті. Алысқа бармай-ақ, көршілес қырғыз елін алып қаралық. Этностық мәселе дегеніміз осы, деді ол.
Бұдан соң отырыс тақырыбы Қазақстанның Ел бірлігі доктринасына ойысты. Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының негізгі ойы да, мағынасы да – тәуелсіздік. Ондағы үш бөлім сол тәуелсіздікті әрі қарай нығайта түсуге бағытталған. Сондықтан Қазақстан үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті, терең құндылық болуы да мүмкін емес. Елімізге тәуелсіздік 1991 жылы келгенімен, оның қалыптасу кезеңі бертінге дейін біртіндеп жүзеге асты. Ал қазіргі уақытта біз сол жылдары еліміздің тәуелсіздік іргетасы мықты қаланғанының куәсі болып отырмыз. Доктринада айтылатын көп мәселе – жаңа ұғым. Тәуелсіздікті ел бірлігі арқылы нығайту мәселесі – ең маңызды мәселе. Бұрын біз жалпы қоғамдық келісім туралы сөз қозғап келген болсақ, бүгінгі күні нақты елдің бірлігі туралы мәселені алға шығарып отырмыз, деп атап өтті Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.
Клуб мүшелері отырысының екінші жартысында “Казахстанская правда” республикалық газетінің бас редакторы Татьяна Костина осы газеттегі этностық тақырыпта жарияланатын материалдар туралы шеберлік-сыныптарын өткізді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.