Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2024

Оралда көптен күткен мектеп ашылды

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күніне орай Орал қаласында 400 орындық су жаңа мектеп ашылды. Білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы барды, деп хабарлайды Egemen.kz

Оралда көптен күткен мектеп ашылды

«Бүгін біз Орал қаласы үшін ерекше маңызды оқиға үстінде бас қосып отырмыз. Осындай тамаша мектептің салынуы – білім саласындағы қол жеткен жетістік қана емес, Мемлекет басшысының тапсырмалары өңірде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Осы мектеп қабырғасында біздің балаларымыз білім нәрімен сусындап, жаңа адам болып қалыптасады. Сапалы білім, саналы тәрбие – ел дамуының кепілі. Ұрпақтың заманауи білім алуы – біз үшін басты қағида. Соңғы екі жыл ішінде ғана біздің облыста 22 мектеп жаңадан бой көтерді. Келер оқу жылына дейін біз Орал қаласындағы №8 мектептің ғимаратын да жаңадан салып бітіреміз», деді өз сөзінде Нариман Төреғалиұлы.

Орал қаласындағы №31 мектептің су жаңа ғимараты төрт қабатты, 3 блоктан тұрады. Кіріп-шығу есіктеріне турникет қойылған. Ғимараттағы 47 камерадан тұратын бейнебақылау жүйесі, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шаралары балалар үшін жасалған. Оқушылар оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін қоятын жеке шкафпен қамтылған. Сондай-ақ балалардың кітап оқитын, шығармашылық қабілетін ұштайтын, демалатын бөлмелері – спорт залы, мәжіліс залы, кітапхана, асхана, медбике бөлмесі: «Тамақтану мәдениеті», «Үй мәдениеті», «Дизайн және технология» атты үш шеберхана бөлмесі, физика, химия, биология, STEM шеберханасы т.б. 36 кабинеті бар.

Жаңа мектепте ерекше балалардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін пандус, лифт, арнайы дәретхана және инклюзивті білім беру кабинеті жасақталған. Сондай-ақ мектеп аумағында футбол, баскетбол, волейбол және т.б. спорттық шараларға арналған алаңдар жасалған.