04 Ақпан, 2015

Ассамблея асулары

858 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДАРозақұл Сатыбалдыұлы, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеяны 1992 жылы Тәуел­сіздіктің бір жылдығына арнал­ған Қазақстан халқының форумында айтқан еді. Бұл өміршең идеяның сол кезде жайдан-жай айтыла салмағаны түсінікті. Алдымен осыған тоқталып өтсеңіз. – Әлемдегі бірқатар мемле­кет­тердің орнықты дамуына этностық және діни жанжалдар айтарлықтай қатер төндіріп отырғаны шындық. Қазақстан мұндай мәселелерді жүйелі түрде шеше білуге қабілетті екенін көрсетті. Еліміз этносаралық татулық пен келісімнің бірегей үлгісін жасай алды. Барлық қазақ­стандықтардың ұлты мен наным-сеніміне қарамастан, тең болуы және бір-біріне деген құрметі, қоғамдық келісімнің нығаюы, халық­тар достығы Қазақстанның мемле­кеттік саясатының басты басымдықтары болды және солай бола бермек. Этносаралық қаты­настардың берік бірлікке негіз­делген үлгісін жасаудағы Қазақ­станның тәжірибесі сәтті шыққан және бірегейлігімен ерекшеленеді. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылып, ұлттық-мемлекеттік саясаттың орталық институты ретінде қалыптасқан Қазақстан халқы Ассамблеясына әлемде балама жоқ. 11-4Қазақстанға тәуелсіздігін жария­лағалы бергі 23 жыл бойы этнос­аралық тұрақтылықты сақтаудың сәті қалай түсті? Бұл көптеген сарапшылар үшін жұмбақ болып келе жатыр. Және бұл – жай ғана бейбітшілік сүйгіштікті сақтау ғана емес, ол бұрнағы КСРО аумағымен шектелмей, бүкіл Еуразия кеңестігінде ұлтаралық теңдіктің, тыныштық пен келісімнің эталонына айналу. Ал елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы ұлт­тық саясатты, этносаралық және дінаралық үнқатысуды жүзе­ге асырудың бірегей әрі тиімді тетігі құрылған. Бұл орган этнос­аралық қатынастардағы жарасым­ды­лықтың орталық буыны болып табылады және саяси тұрақтылықты орнықтыруда, қоғамдық келісім мен тыныштықты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Жалпы, еліміздегі көпкон­фес­сиялы, көпэтносты қоғамда бірлікті сақтау мен нығайтудың бай әрі бірегей тәжірибесі жинақталған. Ассамблеяның қызметін демо­кра­тиялық институттарды қалып­тас­тыруда санғасырлық тәжірибесі бар мемлекеттер де мұқият зерттеп отыр. Осының бәрі айтарлықтай ауқымдағы кешенді және көпэт­нос­ты әрі көпконфессиялы Қазақ­стан халқы бірлігінің өзіндік үлгі­сін құрайды. Бұл – республиканы өркендетуге, қуатты және қарқын­ды дамытуға бастайтын бағдар. Биыл Қазақстан халқы Ас­сам­­­блея­сының құрылғанына 20 жыл толады. Халық ара­сын­да­ғы берік келісім мен бейбіт­­ші­­лікті қамтамасыз ету мен толе­рант­тылықты қалыптастыруды тек саяси норма ретінде ғана қарастырып қоймай, қазақстандықтардың өмір салтына айналдыру Нұр­сұлтан Назарбаевтың мемлекеттік бас­қарудағы алғашқы қадамдарының бірі болды. Кеңес Одағы ыдыраған соң, 70 жыл бойы қордаланған ұлтаралық мәселелер Тәжікстанда, Кавказда, Таулы Қарабақта бой көрсете бастады. Сол жылдары Батыстың кейбір сарапшылары ендігі кезек Қазақстанға келсе, бұл елдің жағдайы өте қиын болады. Себебі, онда жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады, олардың ортақ мәмілеге келуі қиын. Қазақстан деген мемлекет жойылып кетуі де мүмкін деген болжам жасаған еді. Жоғарыда атап өткендей, Елбасымыз 1992 жылдың жел­тоқсанында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қазақстан халқының бірінші форумын шақырды. Жиынға еліміздегі барлық этностардың өкілдері қатысты. Ол кезде мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Сайрам ауданының әкімі едім. Форумға делегат ретінде мен де қатыстым әрі жеті адамның бірі болып сөз де сөйледім. Президентіміз өзінің баяндамасында елдегі, әлемдегі болып жатқан жағдайларды айта келіп: «Біз дамыған ел болуымыз үшін, Қазақстан халқы жақсы өмір сүруі үшін бізге керегі халықтың бірлігі, қоғамдық келісім және бар­лық ұлттардың арасындағы татулық», – деді. Мемлекет басшысының сөзінің түпкі мәнінде кейбіреулер сияқты таяқ алып көшеге шықпайық, елі­міздегі тұратын ұлттар мен ұлыстардың өкілі бас қосып, өзде­рінің проблемаларын талқы­лай­тын бір қоғамдық институт құру қажеттігі жатқан болатын. Кезекте сөз алған мен Елбасының ұсынысына қолдау білдіре келіп, осындай қоғамдық институт құру керек, дедім. Қызды-қыздымен сөзімді өзбек тілінде аяқтадым. Бұл Сайрам ауданында тұратын өзбек ағайындардың өтініші еді. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының бі­рін­ші сессиясында (24 наурыз, 1995 жыл) сөйлеген сөзінде «Біз­дің қоғамды біріктіретін тұтқа­лардың біріҚазақстан хал­қы Ассамблеясы болуға тиіс» деп атап өткен екен. Ассамблея осы сенімнен қалай шыға білді? – Ассамблея – Қазақстан Пре­зиденті жанындағы орган. Бұл – Конституциямызда айтылатын және заң шығарушы билікті құру барысында маңызды рөл атқаратын беделді құрылым. Бірақ, ол басқа да конституциялық органдарға қарағанда, мемлекеттік билік органы емес. Мұнымен қоса, оның Қазақстанның саяси жүйесіндегі орны мен беделі биліктің клас­сикалық үш тармағының кез келген органынан – Парламент, Үкімет және Жоғарғы Соттан еш кем емес. Өйткені, бірінші кезекте Ассамблеяның қызметін Қазақстан Президенті басқарады. Демек, басқа да билік сатылары айналып өтіліп, Қазақстан халқы топтарының қажеттіліктері мен пікірлері Елбасына Ассамблея арқылы тікелей жеткізіледі. Ассамблея шешімдері Пре­зидент үшін кеңес мағынасына ие. Қоғамның әрбір бірлігінің мүддесін мұқият ескеру қажет болатын этносаралық қарым-қатынастарды үндестіру саласында, Парламенттегідей міндетті ше­шім­дерді дауыстар санының көптігімен қабылдау зиянын келтіретін еді. Сонымен қатар, халық топтарының дауысына институттық ресімдеу қажет. Ассамблеяның парламенттік емес қызметтермен саяси жүйеде «парламенттік» әдіспен құрылуы да сондықтан. Мемлекет басшысы ҚХА-ға қатысты іс-қимылдар ер­кіндігін сақтайды, мұнымен қоса, қа­зақстандық мемлекетті құрайтын барлық топтардың мүддесін ес­кереді. Ассамблея – консенсустық негізде және халықтық егемендіктің жоғары бейнесі – мемлекет өз Пре­зидентімен келісімде жұмыс істей­тін ұлттың моральдық беделінің органы. Мамыр-4-1 ТАЛДЫКОРГАН Ассамблея билік құры­лым­дарының жұмысында қарама-қайшылық туғызбайды, олар үшін «басы артық» мекеме де емес. Ол өзінен басқа саяси жүйенің бірде-бір институты тиімді жүзеге асыра алмайтын нақты айқындалған өкілеттіктерге де ие. Президенттің та­ғайындауымен мемлекеттік би­лік органдары өкілдерінің Ас­самблеяға кіруі өте маңызды. Бұл – онда мемлекеттік билік пен Қазақстан халқының шынайы топтары арасында өзара тікелей шығармашылық әрекет жүзеге асып жатқандығының белгісі. Бұл билік тармақтарын араластыру емес. Өйткені, Ассамблея билік органы болып табылмайды. Бірақ маңызы жағынан олардан еш кем емес. ҚХА-ның Қазақстанның сая­си жүйесінде артып отырған рөлі, оның қоғамдағы беделі 2007 жыл­дың мамыр айында Прези­дент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған Қазақстан Конс­титуциясына енгізілген түзетулерде көрініс тапты. Осылайша, бұдан былай Мәжілістің 107 депута­тының 9-ын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Бұл – тәуелсіз мемлекеттің жаңа саяси сапаға қадам басуының белгісі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай норма, саяси шешімдерді дайындау мен қабылдау үдерісін одан әрі жетілдіруге, биліктің үш тармағының өзара және Ассам­блеямен іс-әрекеттерін заң шығару қызметінде Қазақстан халқының алуан түрлі пікірлерін әлдеқайда толық ескеру үшін тереңдетуге ықпал ететін болады. Қазіргі кезде елімізде қазақ тілінде оқытатын 3784 мектеп, орыс тілінде оқытатын 1672 мектеп, өзбек тілінде білім беретін 65 мектеп бар және 14 мектеп ұй­ғыр тілінде білім береді, екі мек­теп тәжік тілінде оқытады. Респуб­ликаның 104 мектебінде өзіндік пән ретінде Қазақстан халқының 18 тілі оқытылады. Этносаралық қатынастар саласындағы біздің тәжірибеміз, Қазақстан халқы Ассамблеясының табысты қызметі – Нұрсұлтан Әбішұлының керемет саяси ноу-хауы – бүгінгі таңда әлемдік үлкен қызығушылық пен құрмет тудырып отыр. Және біз бұл тәжірибені ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыздың барысында толық пайдалана білдік. Ассамблея осы жылдар ішінде Мемлекет басшысының болашаққа ұмтылған халқымыздың бірлігін одан әрі нығайтудағы тірегі болды және солай болып қалады. – Бүгінде еліміздің то­ле­рант­тылық пен қоғамдық келісім тәжі­рибесі беделді халықаралық ұйым­дардың, сондай-ақ, көп­те­ген елдердің назарын аударып, қызығушылығын тудырып отыр. Бұған не алып-қосар едіңіз? – Тәуелсіздіктің алғашқы күні­нен бастап Қазақстанда мемлекеттік ішкі саясаттың басты бағыттарының бірі болып этносаралық және конфессияаралық келісім белгі­ленді. Азаматтардың ұлттық және діни тиесілігіне қарамастан, тең құқылығы қағидаты жоғары заңнамалық деңгейде бекітілді. Ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздыратын әрекеттерге, діни негізде саяси партиялар құруға заң тұрғысынан тыйым салынды. Ұлтаралық үнқатысуды нығайту, сондай-ақ, мемлекет тарапынан жүргізілетін саясатқа ондағы этностардың түгелдей қатысуын қам­тамасыз ету мақсатында 1995 жылы Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.На­зар­баевтың бастамасы бойынша елде бірегей қоғамдық-саяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Өткен жылдар ішінде Ас­сам­­блея еліміздегі этномә­дени бірлестіктердің қоғам­дағы эт­носаралық және конфес­сия­аралық тұрақтылықты сақтау жөніндегі бастамаларын өткізуіне мүмкіндік беретін өзіндік порталына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға сапары ке­зінде біздің елдің этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі сая­сатын жоғары бағалай келіп, «Қазақстан аз санды ұлттар мен этностық топтардың салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін сақтау арқылы ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізін қалап отыр», деп атап көр­сетті. Біздің этносаралық келі­сімді нығайту жолында жеткен жетістіктеріміз еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға болуына зор ықпалын тигізді. Ұлы өркениеттер түйіскен тұста орналасқан еліміз мәдениеттер мен діндер арасында тұрақты үнқатысудың болу қажеттігін же­те сезініп қана қоймай, осындай үнқатысулардың іске асуына араағайын ретінде белсене атсалысып келеді. Бүгінгі күні Қазақстан Шығыс пен Батыстың арасын жалғайтын «көпір» ретінде бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін ашық талқылаудың қолайлы алаңына айналып отыр. Президентіміздің бастамасы бойынша Астанада өткізіліп жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері конфессияаралық және мәдениетаралық үнқатысудың озық нысанына айналды. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құруға да бастамашы болды. Бұл Ұйым қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру жөніндегі жаһандық жүйенің ажырамас бөлігіне айналып, құрлықтың азиялық бөлігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Осы жерде Қазақстанның мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы үнқатысуды дамыту, этностар мен конфессиялардың өзара түсіністігін тереңдету ұстанымына адалдығы тұрғысынан атап өтетін бір жағдай, БҰҰ-ның 62-сессиясында біздің еліміздің ұсынысы бойынша 2010 жылды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы деп жариялау жөнінде қарар қабылданды. Бүгінде көптеген интегра­ция­лық үдерістер аясында этностық жә­не мәдени әралуандық пробле­масы өзекті мәнге ие болуда. Өйт­кені, барлығымыз байқап жүр­гендей, бұл проблема көп жағ­дайда дағдарыстар мен қақты­ғыс­тардың себебіне айналып отыр. Оның үстіне, бүгінгі әлемде бірен-саран болмаса, бір ұлтты мемлекетті кездестіру де қиын. Қазіргі мемлекеттердің негізін полиэтностық халық құрайды. Сон­дықтан да мәдениеттер арасындағы үнқатысу арқылы толеранттылықты қалыптастыру ісі қазіргі заманғы маңызды өлшемдердің бірі ретінде қарастырылуда. Мемлекеттік, мәдени және білім беру салаларын қамтитын мультимәдениетті әлемдік қоғамдастықтың біртіндеп дамуы да толеранттылық мәсе­лесінің маңызын арттыра түсуде. Еуразиялық идеяның негізін қалаушылардың бірі болған Л.Н.Гумилев: «Халықтың күші оның санының көптігінде емес, оның ұрпақтарға және басқа әлем­ге бере алатын рухани мәде­ниетінде жатыр», деп айтқан екен. Осыған байланысты ұрпақтар сабақтастығы, оның ішінде қоғамда этностық, мәдени және діни татулықты сақтау тұрғысындағы сабақтастық мәселесі басым бағытқа ие болып отыр. Жас адамды мәдени құндылықтардың иесі ретінде қалыптастыруға, ұлттық-мәдени сәйкестік пен мәдениетаралық толеранттылықты қалыптастыру үдерісін үйлестіруге қабілетті педагогикалық шешімдерді жасап шығару – аға буын ұрпақтың алдында тұрған міндеттердің маңыздысы. Қазір жастарымыз өмірдегі алғашқы қадамын бұрын ата-баба жинақтаған бай мұраның үстіне өзінің жаңа білімі мен құн­дылығын қоса отырып, аға ұрпақ қол жеткізген биіктен бастай алатындай рухани трансмиссия тетігін қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті бола түсуде. Еліміз өткен замандардан ұлт­тық мәдениеттер мен дәстүрлердің әралуандығын мирас етті. Ел ау­мағында тұратын этностардың өкілдері азиялық және еуропалық компоненттерді үйлестіретін бірегей мәдени нақышты құрайды. Сондықтан жаһандық мәдени стандарттар мен үлгілерді жаппай тарату жағдайларында мәдени әралуандық пен өзіндік ерекшелігі бар мәдени дәстүрді сақтау өзекті мәселеге айналып отыр. Өз мәдениетін қорғау үлгілерін әр ел өз қолымен жасайтыны кездейсоқ емес. Осы мәселенің маңыздылығын ұғынған Қазақстанда мемлекеттік деңгейде басым бағыт – мәдени саясат нысаналы түрде жасала бастады. «Мәдени мұра» бірегей бағдарламасы соның негізін қалады, осы бағдарламаның елдегі мә­дени тектік қорды сақтауға, дамыту мен таратуға қатысты жүйе­лі тәсілі нақты практикалық іс-шара­лардың жемісі арқылы іске асырылуда. Ел Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев ұйытқы болған осы бағдарлама біздің қоғамымыздың мәдени және рухани жаңғыруында маңызды рөл атқарды. Өйткені, еліміз өзінің әлеуметтік және мәдени саясатын жүргізуде елдің этностық-мәдени әралуандығын, атап айтқанда, жанында этномәдени бірлестіктер жұмыс істейтін Қазақстан халқы Ас­самблеясы сияқты құрылымның қолдауы арқылы сақтауға күш салады. Мәдениетаралық, конфес­сияаралық үнқатысудың түрлі нысандарын реттей отырып, осындай құрылым Еуразия халықтарының рухани бірігуіне, тілдердің, мәде­ниет­тер мен діндердің үйлесімді үндес­тігінің дамуына септігін тигізуде. Елдің бірлігі мен қоғамдық ке­лісім бұл тек біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем елдері үшін де ерекше маңызды мәселеге айналды. Міне, ел тәуелсіздігіне 23 жылдан асты. Әлгі Батыстың сарапшылары мен саясаткерлерінің сәуегейлік танытқандары далада қалды. Ал бүгінде осындай ынтымаққа, бірлікке, татулыққа қалай қол жеткіздік деген сұрақ көпшілік елдерді қызықтырып отыр. Бұрын біздер шетелдерден үйренсек, енді олар бізден үйрене бастады. Бүгінге дейін Ассамблеяның іс-тәжірибесін білу үшін алыс-жақын шетелдерден 50-ге жуық делегация келген екен. – Қазақстан халқы Ассам­блеясын «қазақстандық бренд» деп те атайды ғой. – Бірқатар елдерде ассамблея­лар жұмыс істейді. Бірақ, олар қо­ғамдық ұйым болып саналады. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекшелігі, ол конституциялық ор­ган ретінде Парламентке депутат сайлау құқығы бар. Сайланған тоғыз депутат арқылы Ассамблея заң шығару үдерісіне қатысады. Екін­шіден, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Елба­сы­ның өзі. Президент Ассамблеяға Төраға болғаннан кейін ҚХА-ның әр сессиясында талқыланған мәселе бойынша қабылданған қаулы және Мемлекет басшысының сессияда берген тапсырмаларын орындау үшін арнайы іс-шаралар әзірленіп, мемлекеттік органдарға жіберіледі. Олар сол тапсырмаларды жүзеге асыруға міндетті болады. Біздің Ассамблеяға қатысты «қазақстандық бренд» дегеніміз, міне – осы. – Розақұл Сатыбалдыұлы, Ел­басымыз өткен жылдың соңына таман Қазақстан халқына Жол­дауын жария етті. Бұл құжат бұрынғы Жолдауларға қара­ғанда өзгешелеу болған сияқты. – Қазақстанның бүгінде жа­һандық саяси додада шешуші дауысы мен өзіндік орны бар. Әлем көшбасшылары Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың уәлі сөзін тосатын, кесімді пікірімен санасатын, айғақ ойына келісетін болды. Бұл – Назарбаевтың ғана таққа отыруы емес, қазақтың таққа отырғаны. Бұл – біле білсек, баға жеткісіз ұлттық абырой, айрықша мемлекеттік мәртебе. Әлемдегі танымал саясаттанушылар мен сарапшылар «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жариялаған Елбасының Қазақстан халқына «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» деп аталған Жолдауын еліміздің Жаңа Экономикалық Саясаты деп бағалауда. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы жаһандық дағдарыс кезеңінде Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етуге ба­ғытталған стратегиялық маңызы зор құжат ретінде тарихта қала­тыны сөзсіз. Өзінің мазмұны тұрғысынан алғанда, Жолдау біздің елдің шеңберінен тыс мәселелерді де қамтитынын атап өткен жөн. Бұл ішкі және сыртқы мәселелерді қамтыған халықаралық құжат болып табылады. Жолдаудың талдауға, ойланып-толғануға, тұжырым жасауға рухани азық бере алатынын ерекше айтуымыз керек. Сондықтан да әлемдік қоғамдастық біздің Президенттің үндеуіне белсенді және мүдделі түрде көңіл бөліп отырғаны түсінікті жайт. Біздің жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Ел. Бұл идеяны өміршең ететін – елдің бірлігі. Бірлік болмаған, ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде береке болмайды. Сол себепті Елбасы Жолдауда айтқандай, біздің кейінгі ұрпаққа аманат етер ең бас­ты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек. Қазақстан халқының бірлігі, мемлекеттік тіл, барша азаматтардың теңдігі және олардың Отанымыз алдындағы жауапкершілігі Қазақстанның ХХІ ғасырдағы қарышты дамуын қамтамасыз ететін темірқазыққа айналуы қажет. Биылғы жыл – ұлттық тари­хы­мызды ұлықтау және бүгін­гі биіктерімізді бағалау тұрғы­сы­нан ерекше жыл, яғни Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мен Конс­титуциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы. Бұл тарихи белес­тер ел бірлігін нығайтуда, қазақ­стандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Рим философы Сенеканың «Жолды жүрген адам еңсереді» деген сөзі бар. Елбасы бастаған халқымыз нұрлы жолға түсті, бұл жарқын болашақтың бағдары екені анық. Ендеше, Елбасының сөзімен айтқанда, «Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын!» – Салиқалы әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».