Спорт • 18 Желтоқсан, 2024

«Егеменнің» Ерланы ерледі

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада әуесқой спортшылар арасында белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлын еске алуға арналған бильярдтан рес­публикалық турнир өтті. Жарысқа белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкіл­дері, жалпы саны қырыққа жуық адам қатысты.

«Егеменнің» Ерланы ерледі

Астана қаласы әкі­мінің орынбасары Есет Байкен тур­нир­дің ашылуымен құттықтап, қаты­сушыларға сәттілік тіледі. Үзеңгілес дос­тары, қалам­герлер қауымы ақиық ақын тура­лы естеліктер айтты. Атал­ған іс-ша­раға бастамашы болған сенатор, Қаныш Сәтбаев атын­дағы халықаралық қор­дың Қамқоршылық кеңесінің төраға­сы Алтын­бек Нухұлы атап өткендей, ақынның артында қал­ған мол мұ­расын көпшілікке на­си­хаттау аса маңызды.

– Қазақтың ғұламасы, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы аясында осы тұл­ғаның алып болмысын тамаша сомдаған «Қа­ныш» поэмасының авторы, ақын Не­сіп­бек Айтұлын еске алу кешін ұйым­даст­ыруды жөн көрдік, – деді Алтынбек Нухұлы.

Әріптесіміз, «Egemen Qazaq­stan» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров турнир же­ңімпазы атанып, бірінші орынға, Несіпбек Айтұлы атындағы жүлдеге ие болды. Екін­ші орын­ды, Мұ­қағали Мақатаев атын­дағы жүл­дені Сенат депутаты Амангелді То­ламисовке бұйырды, үшінші жүлделі орын, Мұзафар Әлімбаев атындағы жүлде Л.Н.Гу­милев атындағы Еура­зия ұлт­тық уни­вер­­ситетінің фотографы Ербол Сейіт­хан­ұлына бұйырды.

Қаныш Сәтбаев атындағы жүлдені еңбек ардагері Оңдасын Мейірбаев, Медеу Сәрсеке атын­дағы жүлдені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аяған Сандыбай, Кәкімбек Салықов атындағы жүлдені ардагер журналист Әлімжан Сабыржанұлы, Нұртас Оңдасынов атындағы жүлдені Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, белгілі ак­тер Нартай Сауданбекұлы иелен­ді. Бұған қоса бес жүлде – «Ал­ғашқы шар», «Мер­ген ойын­шы», «Шебер ойыншы», «Мә­­де­ниетті ойыншы», «Үздік дуплет» аталымдарының иегерлері де анықталды. Жа­рыс жеңімпаздары мен жүл­дегерлеріне арнайы сый-сияпат табысталды. Турнирдің бас төрешісі ұлттық дәрежедегі төреші, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы болды.