04 Ақпан, 2015

Yміттің үрейі ұшып тұрған шақ

237 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Асыра да, асыға да айтып отырғанымыз емес, ешкімнің де бостан-босқа үрейін ұшырып, құтын қашыра түсу де ниетіміз де жоқ, бірақ дәл бүгінгі күнгі дүниенің бар келбеті мен бітімінің сиқы сол, біз шынында да аса бір алмағайып уақытта өмір сүріп отырмыз. Бұл алмағайыптылықтың ауырлығы мен алаңдатарлығы да оның жалғасы неге апарып соқтырары мен соңының қалай болып бітерін әзірге бұл әлемнің жүзінде ешкімнің білмейтіндігінде болып отыр. Осы белгісіздік бұл жолғы дағдарыс дүрбелеңінің бұрынғы жылдардағы қандай да бір депрессиядан да асып түсуі ықтимал екенін де анық аңғартып бағады. Рас, Жер шарының әр қиырында қылаң беріп, құйындата соғып жатқан дауыл дағдарыстың салқыны мен екпіні әзірге біздің елімізге сезіліп тұрған жоқ. Бұл көп жағдайда Үкіметтің осындай жауапты кезеңдерге күні бұрын жоғары жауапкершілікпен дайындала білуінің арқасында мүмкін болды. Алайда, мұның өзі бізге арқаны кеңге салып, аяқты көсіп тастап отыра беруге себеп бола алмайды. Себебі, айналаны жаппай қармап, дүниені қусырып келе жатқан «қара дауылдың» қарқыны қалайда бір бүйірден ұрып өтпейтініне кепілдік жоқ. Сондықтан, ағайын, қамданғанның қапы қалмайтынын ескеріп, бардан да, жоқтан да үнемдейтін заманның келіп қалғанын қаперлеріңізге салып өткеннің артықтығы болмас. Біздің бұл сөзімізді төмендегі топтамалар да біршама байқатып бере алады. 03-02-15-zabastovka-1

bloomberg-logoАҚШ-та мұнайшылардың 35 жылдан бергі ең ірі ереуілі басталды

АҚШ-та басталған мұнай саласы қызметкерлерінің ереуілі тоғыз мұнай өңдеуші және химия өнеркәсібі зауыттарын қамтыды. Бұл туралы Американың Bloomberg ақпарат агенттігі хабарлады. Осындай акцияның басталғаны туралы ақпарды оны ұйымдастырушы – «Металлургтер бірлестігі» (United Steelworkers) кәсіподағы өзінің сайтында жариялады. Ереуілге қамтылған кәсіпорындардың қуаты Америка мұнай өңдеу саласы еңбеккерлерінің 10 пайыздан астамын құрайды. Ал акция 1 ақпан күні жергілікті уақыт бойынша 12:01 сағатта басталды. «Әзірге наразылық қозғалысы мұнай өңдеу зауыттарының бірқатарын ғана шарпып отыр. Бірақ соңғы рет мұндай көлемдегі ереуіл сонау 1980 жылы өтіп, үш айға созылып еді», – деді Saxo Bank-тің аға стратегі Оле Хансен Reuters тілшісіне. «Металлургтер» өкілдеріне ірі мұнай компанияларымен зауыттардағы еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде мәмілеге келудің мүмкіндігі бола қоймады. Атап айтқанда, Shell өкілдері жұмыстан тыс уақытта еңбек етуді қысқарту, өндірістегі қауіпсіздікті көтеру секілді тағы да бір­қатар тармақтар бойынша талап қойған кәсіподақ­тарға нақты ештеңе айта алмай, келіссөз үстелінен кетіп қалды», – делінген United Steelworkers хабарламасында. Ақпанның 2-сі күні болып өткен WTI мұнайының солтүстікамерикалық сортының наурыз айындағы фьючерсі баррелінің таңертеңгі 47 долларлық бағасы 14:40 сағатта 49,5 долларға дейін өсті. Бұл қаңтардың ортасынан бері орын алған ең ірі өсім болып отыр. Осыдан кейін ереуіл басталып кетті де, баға қайтадан арзандауға бағыт ұстады. Bloomberg тілшісінің атап өткеніндей, мұнай компаниялары өнім өңдеу көлемін қысқартып, өндірілген шикі мұнайдың ауқымы тағы да артылып жатады, деген қауесет тарағаннан кейін орын алды. 03-01-15-uzbekistan-1

untitledБүгін – Грекия, ертең – Испания мен Италия ма?

«Грекияның қаңтардың 25-і күні парламент сайлауында жеңіске жеткен СИРИЗА партиясы дағдарысты ұлттық тәуелсіздік үшін шетелдің езгісіне қарсы күрес деп есептейді», – деп жазады Португалияның Publico газеті. Басылымның баяндауынша, СИРИЗА жеңіске жеткен күні түнде итальян философы әрі радикалы Паоло Флорес Д´Аркайс: «Бүгін – Грекия, ертең – Испания, ал арғы күні – Италия», деп жазыпты. Жеңіске жеткен партияның лидері Алексис Ципрас сол бойда Еуропа елдеріне турне жасап шығатынын мәлімдеді. Ол сол сапарында Еуропаны қайта құруды аяқтап шығуға уәде етті. «25 қаңтар – бұл тек бәрінің басы ғана, енді СИРИЗА-дан кейін Испанияда Podemo партиясының жеңісі келеді, ал келесі жылы Ирландияда Sinn Féin бәрінен басым түседі», – деді ол осы сәтте сөйлеген сөзінде. Podemos-тың көшбасшысы Пабло Иглесиас өз кезегінде: «2015 жыл Испания мен Еуропа үшін бетбұрысты кезең болады. Біз мұны Грекиядан бастаймыз», – деп мәлімдеді. Сонымен бірге, «қатаң үнемдеу дәуірінің» аяқталғаны, енді Грекияның 2010 жылы еуроаймақта жасаған қадамының доминодағыдай кері бұрылатын кезеңі келгені» жария етілді. Қазір сол «армандастар-құрдастар» тарихта 1848 жылы орын алған «халықтар көктемінің» жаңа нұсқасы келе қалатынына батыл сеніп отыр. Бірақ көтеріңкі көңілдің қабағына кірбің түсіретін үш түрлі жағдаят бар. Біріншіден, СИРИЗА өзіне одақтас ретінде «Тәуелсіз гректер» (АНЭЛ) партиясын таңдап алды. Бұл жаңалық Рим мен Париж үшін үстерінен біреу тосыннан мұздай суды құйып жібергенмен бірдей болды. Сондықтан Даниэль Кон-Бендит мұндай коалицияны «табиғатқа жат тірлік» деп бағалады. Екіншіден, Финляндияда 19 сәуірде өтетін болып белгіленген парламент сайлауында Еуропа одағына сын көзімен мысқылдай қарайтын «Нағыз финдер» партиясы мұны электоратты Брюссель мен оңтүстікке қарсы қоюға әдемі пайдаланып кеткелі тұр. Егер бұл партия жеңіске жетер болса, ол «гректерге қарсы» сайлаулардың ең алдыңғы шебін бастамақшы. Үшіншіден, Грекияның ішінара жойылмақшы болып жатқан қарыздарының дүмпуі Солтүстік Еуропа елдерін табандарынан тік тұрғызады. «Бұл күресті әсіре оңшыл күштер мен ұлттық партиялар бастаулары мүмкін», – дейді осы орайда британиялық талдаушы Гидеон Рахман. Бірақ оңтүстіктің өзі біртекті емес. Португалия екі партиялы логиканы ұстанып келеді. Францияда еуро мен доллардың арасындағы қатаң экономикалық күрестің пайдасын Марин Ле Пен ханымның «Ұлттық майданы» көретін түрі бар. Мұны осы аптада жүргізілген сауалдама қорытындысы аталмыш партияның сайлаушылардың 30 пайызға дауысын алатынын көрсеткені де айғақтай түседі. Ал Марин СИРИЗА-ны қолдайды, дәлірегі, оны Еуропа одағын «сынға алу» науқанын кеңінен өрістетуге жақсы пайдаланғалы отыр. Италияда да осы жағдай: СИРИЗА-ның жеңісін солшыл радикалдар емес, қазіргі кезде Ле Пенмен жақындасып алған Беппе Грилло мен «Солтүстік лигасы» өз мүдделеріне пайдаланбақшы. 03-02-15-film_muhammad-1

logo-newsweekПайғамбар туралы фильм сунниттер мен шииттерді екіге жарады

«Мұхаммед пайғамбардың суретін салуға байланысты туып отырған бүкіләлемдік жанжалдың үні әлі саябыр таппай тұрған кезде ол туралы өмірбаяндық фильмнің экранға жол тартқалы тұрғаны мағлұм болып, мұның өзі ислам дүниесінде жаңа кикілжің мен қарама-қайшылықтың туып кетуіне себепкерлік еткелі тұр», – деп жазады АҚШ-тың Newsweek газеті. Картина Иран Ислам Республикасында түсірілген. Елдің бүкіл кинематография­сы тарихындағы ең қымбат фильм болып отырған оның алдағы жексенбі күні тұсаукесері өткізілмекші. «Жаратқанның елшісі Мұхаммед» деп аталатын лента Теһранда Ислам революциясының 36 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған халықаралық кинофестивальдің ашылу рәсімінде көрсетіледі. Режиссер Маджид Маджиди картинаны түсіруге өзінің бес жылын және мемлекеттің 30 миллион доллар ақшасын жұмсады. Пайғамбар өмірінің 12 жастағы кезеңінен бастап қамтитын бұл фильм межеленген трилогияның басы болып табылады. Батыста пайғамбардың суретін келемеждеп салу соңғы апталарда мұсылмандар тарапынан қатты ашу-ыза туғызып, соның сызаты қарулы исламистердің карикатураға жауабы ретінде Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына басып кіріп, 12 адамды жер жастандыруына ұласқаны белгілі. Бұған қарсы жауапты редакция қызметкерлері арада бір апта өткенде журналдың алдыңғы мұқабасына Мұхаммед пайғамбардың рәсімін қайта шығару арқылы беріп, тағы да күллі мұсылман әлемінің тегеурінді қарсылықтары астында қалды. Олар жер бетінің бірқатар елдерінде ереуілдер түрінде көрініс тапты. Алайда, «жаңа фильм ешкімнің де мұндай наразылығын туғызбауы керек» деп есептейді Иран кино қайраткерлері. Олар мұны картинадағы бірде-бір кадр­да пайғамбардың кескін-келбеті көр­сетіл­мейтінімен түсіндіреді. Нақтырақ айтқанда, Маджиди арнайы шақырған итальян кинематографисі, «Оскар» сыйлығының жеңімпазы Витторио Строраро мұны Иран­да дінге қатысты құрмет түрінде баға­ланатын визуальды түрде бейнелеу жолымен келтірген болып шықты. Құран пайғамбардың келбетін ашық көрсетуге нақты тыйым салмағанымен, ислам салтында оның бейнесін кескіндеуге рұқсат етіле қоймайды. Ал шииттер мен сунниттер Мұхаммед пайғамбардың визуальды кескін-келбеті жөнінде де бір пікірде емес. Демек, шииттер мекен ететін Иранда өмірге келген фильмнің Таяу Шығыс пен оның сыртындағы сунниттер тарапынан наразылыққа тап болып, оның екі жақты қырғи-қабақ қалыпқа барып қалуларына желеу болып кетуі әбден ықтимал. Режиссер осы фильмді түсірер алдында шииттермен де, суннит діндарларымен де кездесіп, ақылдасып көрген екен. Бірақ екі жақты бірдей қанағаттандырып, олардың ымыраға келулерін қамтамасыз ете алмаған. Ал суннит теологиясын зерттеудіңі әлемдегі жетекші институттарының бірі болып саналатын Египеттің «Әль-Аждар» университеті 2012 жылы осындай фильмді түсіру қолға алынғалы жатқанынан хабардар болған бойда оны жасаушыларды жерден алып, жерге салудан аса бір қатты қымсына қойған жоқ.  «Біз Ираннан бұл фильмді шығарудан аулақ болуды талап етеміз, өйткені, мұсылман баласының ақыл-ойында келбеті бұзылып көрсетілген пайғамбардан басқа ештеңе қалмай қояды. Біз барлық кинематографистерді дін мен пайғамбарларға құрметпен қарауға шақырамыз», – деп атап өтті өздерінің мәлімдемелерінде Ислам зерттеу адемиясындағы ғалымдар. Ал қазір олар Иранда аталмыш картинаны көрсетуден бас  тартуды ұсынып отыр.

logo-interfaxШекара шебін бекітуге кірісті

«Өзбекстан шекарасы шебін шұғыл бекітудің шараларымен шұғылдана бас­тады. Бұған билік республика территория­сына «Ислам мемлекеті» экстремистік тобыры мүшелерінің басып кіру ниеті бар екені туралы ақпарлар естіле бастағаннан кейін баруға мәжбүр болды», – деп хабарлады ресейлік Interfax.Ru ақпарат агенттігі. «Бізде Өзбекстан жерінде 2014 жылы қолға түскен «Ирак және Леванта ислам мемлекеті» (ИЛИМ) мүшелерінің мұндағы іс-әрекеттері жергілікті жастарды тобырға шақырумен шектеліп қалмайтыны жөнінде өте салмақты болжамдар бар», – деді Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қыз­метінің аналитигі сейсенбі күні респуб­лика бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуінде. Оның айтуынша, ИЛИМ мүшелері 2015 жылғы көктемде Өзбекстан территориясында бірнеше лаңкестік актілер жасамақшы болған. «Біз тап сол үшін де шекарадағы күзетті күшейтіп жатырмыз», – деді қауіпсіздік қызметінің қызметкері. Оның баяндауынша, қолға түскендер Пәкістанда 2013 жылы әскери дайындықтан өтіп, 2014 жылы елге оралған Өзбекстан азаматтары болып шықты. Олардың мақсаты тобыр қатарына жастар тарту болған. Шекараны бекіте түсудің бір себебі Ауғанстаннан келетін апиынның жолын кесуді көздейді.

financial_times_01Литва әскер шығындардың көлемін күрт арттыра бастады

«Биылғы жылы Литва әскери  шығындар көлемін күрт арттырып, НАТО-ның 28 елі арасында 19-орынға көтерілді», – деген ақпар таратты Британияның The Financial Times газеті. Республика соңғы кездерге дейін бұл көрсеткіш бойынша ең соңғы орынның алдында тұрып келді. «НАТО-ның қорғаныс шығындарын анықтап беруін басшылыққа алған елдің қорғаныс ведомствосы 2015 жылы ішкі жалпы өнімнің пайыздық үлес-салмағы бойынша НАТО-ның, армиясы жоқ Исландия мемлекетін қоспағанда, қалған 28 елі арасында 19-орынға шықты», – делінген Литва қорғаныс министрлігінің дерегіне сілтеме жасаған басылым. Дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».