Бұл грантты оқу орны 2022 жылы тағайындаған. Биыл байқауға университеттің үш мыңнан астам оқытушысы, докторанттары мен постдокторанттары қатысты. Сөйтіп, университеттегі директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, белгілі кәсіпкер, инвестор Талғат Дүйсеков басқарған комиссия жалпы құны 84 миллион теңгені құрайтын 10 жобаны анықтады.
«Қазір Мемлекет басшысы тарапынан ғылым мен ғалымдарды жан-жақты қолдау ұдайы артып келеді. Бір жағынан, отандық ғылым алдында ғалымдардың инновациялық әзірлемелерін коммерцияландыру және оларды экономикаға енгізу міндеті тұр. Бұл – ортақ мақсат. Сондықтан екі жыл бұрын ЕҰУ зерттеушілерін қолдау бағытында «Жаңа асу» гранты тағайындалды. Биылғы байқауға 36 жоба қатысып, оның 10-ы үздік деп танылды. Оның ішінде энергетика, микробиология, экология саласына арналған жобалар бар. Енді бұдан әрі де бизнес-идеяларды, коммерцияландыру болашағы бар жобаларды дамытып, ғалымдарды жан-жақты қолдауға барлық жағдай жасаймыз», деді университет ректоры Ерлан Сыдықов.
Одан кейін сөз алған ЕҰУ ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева екі жыл ішінде «Жаңа асу» гранты ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қолдаудың табысты құралы болғанын жеткізді.
«Бастапқыда 3 миллион теңгені құраған бұл гранттың алғашқы иегерлерінің кейбірі бүгінде 150 миллион теңге табыс деңгейіне жеткені қуантады. Менің ойымша, бұл факт ғылымды қажет ететін бизнесті қалыптастыруға ең аз инвестициялардың да жоғары нәтижелілігін айқын көрсетеді. Отандық ғалымдар мен олардың әзірлемелерінің әлеуетіне сену керек», деді ол.
Жаңа грант иегері, ЕҰУ механика-математика факультетінің докторанты Айдана Кәріпова жасөспірім қыздарға арналған «Sezin» мобильді қосымшасын әзірлеген.
«Бұл – еліміздегі қазақ тіліндегі алғашқы мобильді қосымша. Онда қыздардың жеке дамуына бағытталған білім мазмұны бар (электрондық кітапхана, онлайн оқыту курстары, сұлулық блогі, лайфхактар, т.б.). Мен осы жобаға авторлық құқық патентін бір жарым жыл бұрын алдым. Қосымша жасау идеясы мектепте оқып жүргенде ойыма келді. Өзім ауыл мектебінде білім алдым. Сонда мен қыздарға мұндай ақпараттық қолдаудың қаншалықты қажет екенін түсіндім. Менің мақсатым – кез келген қиындыққа тап болған әрбір бойжеткенге көмектесу, қолдау көрсету», деді жоба авторы.
Ал Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ экология кафедрасының 3-курс докторанты Медет Ахтаев көміртегі шығарындыларын азайтып, отынды үнемдеуге сутегі отынын генерациялау жүйесін енгізу бірегей ғылыми жобасымен айналысады.
«Біз бұл идеяны екі салада сынап көрдік. Жобаның бірегейлігі сол, әлемдік аналогтер жаңа жабдықтарға арналған болса, біздің әзірлемелерді отандық өндірістегі қазіргі дизельдік жабдыққа енгізуге болады. Болашақта жоба еліміздің ауыр өнеркәсібіне орасан пайда әкеледі деп сенемін», дейді докторант.
Сондай-ақ байқауда Физика-техникалық ғылымдар институтының (ФҒЗИ) докторанты Азат Нұрқасимовтың «Оң температуралық коэффициенті бар полимерлі композит негізіндегі отандық өзін-өзі реттейтін жылу кәбілін өндіру технологиясын құру», Жаратылыстану факультеті докторантурасының ғылыми қызметкері Нұргүл Ықсаттың «Ауыл шаруашылығы дақылдарының вирустық ауруларын диагностикалаудың РНҚ технологияларын әзірлеу және зерттеу», Механика-математика факультетінің оқытушысы Дәурен Балтабайдың «Әртүрлі мақсаттағы робот-манипуляторлардың 3D үлгілерін жасау және бағдарлама жасау», Экономика факультетінің докторанты Арай Есейқызының «Daneqer» жобасын басқаруға арналған бағдарламалық модельдеу ойыны», Филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазының «Танымал шетелдік музыкалық шығармалар мәдениетінің қазақ тілінде жаңғыруы: ән мен тіл тоғысы», тағы басқа жобалар жеңіске жетті.