Биыл жетінші рет өтіп отырған агрохакатонға Орталық және Солтүстік Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенінің 2025–2027 жылдардағы ғылыми-технологиялық даму мәселесі күн тәртібіне қойылды. Шетелдерден оның жұмысына АҚШ, Германия, ҚХР ғалымдары қатысты. Ғылым мен өндірістің байланысын арттыратын маңызды шарада облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, «Атамекен Агро» АҚ басқарма төрағасы Кинтал Исламов, т.б. қатысып, сөз сөйледі.
Тәртібі бойынша ұзаққа созылатын хакатонда аграрлық саланың 65 ғалымы, шаруашылық басшылары мен сарапшылар қауымдастығынан 15 адам сөз алды. «Германия қазақ-герман арасындағы халықаралық аграрлық саясат диалогін 2009 жылдан бері қаржыландырып келеді. Оның басты мақсаты – аграрлық салаға ғылыми-технологиялық жетістіктерді енгізу. Сол үшін ғылыми орталықтармен, консультациялық органдармен, шаруашылықтармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Соның ішінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен де тығыз ынтымақтастықтамыз», деді Германия – Қазақстан аграрлық саясат диалогінің басшысы Ольга Хангер.
Агрохакатонға қатысқан Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки сөзінде жоғары ғылыми-техникалық комиссияда Премьер-министр О.Бектенов ғылыми-технологиялық сессиялар мемлекеттік маңызы бар біршама түйінді шешуге қол жеткізу үшін стратегиялық құрал болып табылатынын айтқанын жеткізді. «Біріншіден, олар ғылыми-техникалық қызметті дамытудың басым бағыттарын қалыптастырудың жаңа тетіктерін әзірлеуге көмектеседі. Екіншіден, ғылыми-технологиялық сессиялар, ғалымдар мен өндірушілер арасында инновациялық шешімдерді жасау үшін бірлесіп жұмыс істейтін алаң құрып, экономиканың нақты сұраныстары мен қажеттіліктерін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Өзара іс-қимылдың бұл форматы ғылым мен бизнес арасындағы кооперацияны жақсартып, жаңа, экспортқа бағдарланған өнім өндіру үшін коммерцияландыру жобаларын ілгерілетуге ықпал ететіні ерекше маңызға ие. Бұл ел экономикасының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін қажет», деді Д. Ахмед-Заки.
М.Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы Ербол Исақаев та хакатонға жоғары баға берді. «Өңірдің салалық ерекшеліктерін ескерсек, бұл – біз үшін өте маңызды оқиға. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығында жоғары технологияны енгізу қарқынды дамып келеді. Өз технологияларын, өнімділігін жақсартып, шаруашылық жүргізудің органикалық тәсілдерін қалыптастырғысы келетін көптеген кәсіпорын пайда болды. Ғылымсыз және жаңа серпінді зерттеулерсіз мұны жүзеге асыру мүмкін емес екені мәлім. Сондықтан бүгінгі міндет – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен тікелей айналысатын кәсіпорындардың мәселелерін анықтап, ғалымдармен бірлесіп шешімін табу», деді ол.
Сондай-ақ іс-шара аясында қатысушылар «Зенченко и К», «AVAGRO» және «Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріндегі сүт зауытының өндірістік алаңын аралады.
ПЕТРОПАВЛ