Заң мен Тәртіп • 18 Желтоқсан, 2024

Зияткерлік меншік мәселелері заңмен қалай реттеледі?

35 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың қатысуы­мен «Зияткерлік меншік: Қазақстандағы инновациялар мен шығармашылықты қорғау» тақырыбында бас­пасөз мәслихаты өтті.

Зияткерлік меншік мәселелері заңмен қалай реттеледі?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Іс-шарада Қазақстандағы зият­­керлік меншік пен шығар­машы­лықты құқықты қорғаудың өзекті­лігі жан-жақты талқыланды. Вице-министр Ботагөз Жақселекова қазір әлем мемлекеттері зияткерлік меншік құқықтарын тиімді қорғау арқылы экономикалық дамуға жол ашып отырғанын, Әділет министрлігі авторлық құқық мәселелері бо­йынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеп, заң жобасын әзірлегенін, сондай-ақ министрліктің Марракеш келісімін ратификациялау туралы да заң жобасын дайындап болғанын айтты.

«Марракеш шарты» деген зағип жандар мен көру қабілеті бұзылған азаматтардың кітап, журнал оқуына мүмкіндік туғызып, олардың қоғам өміріне, мәдени және әлеуметтік салаларға тең дәрежеде араласуына жағдай жасайды. Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісі аталған екі заң­ды да қарап жатыр.

«Зияткерлік меншік заңнамасына зияткерлік меншіктің жаңа нысаны – «географиялық сілтеме» енгізу ұсынылып отыр. Мәселен, осыған дейін «Қызылорда күріші», «Талғар алмұрты», «Нарынқол картобы», «Көкшетау балмұздағы», «Катонқарағайдың балы» деген секілді атаулар ауызша ғана айтылып келді. Бұл өнімдердің сапасы сол өңірдің жерімен, табиғатымен, мә­дениетімен тікелей байланысты еке­нін ескерген жоқпыз», дейді спикер.

Әділет органдары мамандары ауылшаруашылық өнім­дерін, азық-түлікті, қолөнер және өнеркәсіп­тік тауарларын ресми тіркеу барысында «географиялық сипатқа» шектеу қоймайтынын, осы арқылы Қазақстанның әртүрлі өңірлерін­де өндірілетін тауарлардың ұлт­тық брендін қалыптастыруға жол ашатынын тілге тиек етті. Бұл қадам ол өнімдердің әлемдік нарықта танылуына жол салып, инвестиция тартуға, тіпті туристік саланың бойы­на қан жүгіртуге де септігін тигізеді.

Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін министрлік зияткерлік меншік институтымен бірлесіп, жергілікті әкімдіктермен жұмысты жандандырып жатқанын, жыл басында жер, өңір атауын тауарларға беруге қатысты семинарлар өткізілгенін, нәтижесінде наурыз бен желтоқсан айларының арасында географиялық атауды ресми иеленген өнім саны 5-тен 38-ге дейін өскенін, мұның сыртында тағы 140 өтінім Ұлттық зияткерлік меншік институтының қарауында жатқанын мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатында Әділет министрлігінің Зияткерлік мен­шік құқықтары жөніндегі комитеті­нің төрағасы Шолпан Әбдіреева авторлық құқық объектілерін пайдаланушылар қаламақы төлеуге мін­детті екенін айта келіп: «Біз мейрамханаларда кімдердің ән­дері орындалып жатқанын, оған қан­ша роялти (қаламақы) төлейтінін білмейміз. Бұл мәселелермен арнайы айналыса­тын авторлық құқықты қорғау жөнін­дегі ұйымдар бар. Олардың дерегі­не қараған­да, 2023 жылы авторлық құқық объектілерін пайдаланғаны үшін шамамен 1,5 млрд теңге қаржы жиналған», деді.

Комитет төрағасы әділет органдары авторлық құқық объектілерін пайдалануға бақылау жасамайтынын, авторлық құқығы бар туындыларды заңсыз пайдаланған­дар­ды азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатынын жеткізді.

Әділет вице-министрі Б.Жақ­селекова елімізде өнертап­қыш­тардың технологиялары мен ин­новацияларын қолдайтын 32 орталық бар екенін мәлімдеді. Бұлар университеттер базасында жұмыс істеп жатыр. Қазір мұндай орталықтар еліміздің 18 өңірін қамтып отыр.

«Өнертапқыштардың идеясын қолдау, қорғау, тіркеу арқылы өңір­лердегі инновациялық кәсіп­керлікті дамытуға болады. Сондықтан да пайдалы модельдерге және басқа да өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтық қорғауды дер кезінде ресімдеп беруіміз керек. Мұндай міндетті жоғары оқу орындарына ғана жүктеп қоймай, өндіріс ошақ­тарынан да өнертапқыштардың технологиялары мен инновацияларын қолдайтын орталықтар ашуымыз керек», деді вице-министр.

Спикерлер зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына қатысты сот процестерінің де көбейгенін хабарлады.

«Қазір елімізде авторлық құқықтың бұзылуына қатысты ай сайын 50-60 әкімшілік іс қаралады. Оның 80 пайызы тауар таңбаларына қатысты туындап отыр. Тауар таңбаларына қатысты даулар бизнес саласы қарқынды дамыған Алматы, Қарағанды, Астана, Ақтау, Атырау қалаларында жиі кездеседі. Авторлық құқыққа қатысты сот отырыстарының көбейгені кемшілік емес, керісінше халық арасындағы құқықтық сауаттың артқанын білдіреді», деді «Ұлттық зияткерлік меншік институты» директорының орынбасары Айдын Артықова.

Сала мамандары туындыларды ресми тіркеуде әділет орган­дарының да қателесуі мүмкін екенін мәлімдеді.

«Қазір жасанды интеллекті қарыштап танып жатыр. Мәселен, бір кітап жарық көрді делік. Оның суреттері жасанды интеллектімен салынуы мүмкін. Әлемде жасанды интеллектінің туындыларын анықтап беретін механизм жоқ. Бұл жайт авторлар арасындағы дауды бұдан әрі де өршітуі мүмкін», деді А.Артықова.

Сондай-ақ вице-министр «Meta» компаниясы мен авторлар арасын­дағы қарым-қатынастарды реттеу мәселесінде де проблемалар бар екеніне тоқталып, қазақ әндерінің әлеуметтік желілерден жоғалып кетуіне қатысты пікір білдірді.

«Meta» мен отандық ұйымдардың бірінің арасында келісім болған. Бірақ қараша айының соңында төленетін сыйақы мөлшеріне қатысты дау туындап, соның салдарынан желілерден қазақ әндері жойылып кетті. Екі тараптың да өз ұстанымы болғандықтан, ортақ шешімге келе алмады. Қазір «Meta» авторлық құқық қорғау мәселесімен айналысатын Қазақстандағы басқа ұйыммен байланыс орнатпақ ниетте. Тараптар келісімшарт талаптарын талқылап жатыр. Жақын арада бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын», деді Б.Жақселекова.

Мамандардың мәліметіне қара­ғанда, Қазақстанда зияткерлік меншік құқығы мәселесімен айналысатын 15 ұйым бар екен. Ал басқа елдерде мұндай ұйымдар саны 1-2-ден аспайды-мыс. «Авторлық құқыққа қатысты ұйымның көптігі бұл саладағы бәсекелестікті арттырады. Ал «Meta» компаниясының қай ұйым­мен байланыс орнатарын өздері шешеді», дейді мамандар.