Несие • 18 Желтоқсан, 2024

«Жайлылық аумағынан» шығуы керек

64 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша экономикаға берілген кредит көлемі 39,2 трлн теңгеге дейін немесе бір айда 2%-ға өскен. Берілген кредиттердің негізгі көлемі (85%-дан астамы) банк секторына тиесілі – 33,5 трлн теңге. Микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар кредитінің үлесі – 6,8% немесе 2,7 трлн теңге. «Halyk Finance» сарапшыларының пайымынша, бизнесті несиелендірудің қазіргі деңгейі экономикалық дамуға әсер ете алмай отыр.

«Жайлылық аумағынан» шығуы керек

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Қазақстанда бизнеске несие беру 2008–2009 жылдардағы қаржы дағдарысынан бастап біртіндеп төмендеп келеді. Біздің пікірімізше, кейінгі уақытқа дейін жауап­ты мемлекеттік органдар бизнесті несие­лендірудің төмен деңгейінің себептеріне нақты баға бермеді», дейді сарапшылар.

2008–2009 жылдардағы дағдарыс салдарынан пайда болған проблемалық несие­нің бір бөлігі дағдарыс кезінде және одан кейін бірден есептен шығарылды. Алайда бұл проблемалық несиелердің басым бөлігі банк­тер портфелінде сақталып, 2017–2019 жылдары ғана есептен шығарылды. Қазір банктерге мемлекеттік бағалы қағаздарға ақша салғанды қолай көреді. Экономиканың нақты секторын қаржыландыруға мүдделі емес. Елімізде жұмыс істейтін шетелдік ірі компаниялар өндіріске керек қаржыны онсыз да шетелдік қаржы институттарынан алады.

Қаржыгер Мұрат Темірхановтың айтуынша, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында банктердің нақты секторды несиелеуге қатысу дәрежесінің төмендігінің себеп­тері дұрыс анықталған.

«Ұлттық даму жоспарында жағдайды қалай жақсарту ке­рек­тігі туралы ақылға қо­ным­­­ды жоспарлар бар, ал іс жү­зін­де керісінше болып отыр. Бізде айтылған ұсыныс­тар­дың на­рық­пен интегарция­сына мән беру жағы кемшін түсіп жатыр», дейді Мұрат Темірханов.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов журналис­термен кездесуде эко­номи­каны несиелендіру мәсе­ле­сі банк секторының жұ­мысын реттеу­мен шешіл­мей­тінін айтқан. Басты назар инфляцияны тежеуге бағыт­та­лу­ға тиіс дейді ол.

«Қаржы секторы осыған дейін мемлекет саясатының жетегінде жүріп, қаржыны бөлумен шектелсе, қазір ол маркетплейстер мен түрлі финтех сервистер есебінен экономикадағы жетекші күш­ке айналып отыр. Бұл ретте бас банк өз саясатын осы­ған бейім­деу үшін осы өзге­ріс­тер­дің ауқымын түсінуі керек», дейді Т. Сүлейменов.

«Freedom Holding Corp» компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турловтың пікірінше, қазіргі жағдайдың беталысы Парламенттің, сонымен қатар миноритарлық акционерлер мен директор­лар кеңесінің ықпалын күшей­туге қарай бара жатыр. Тап қа­зір кредиторлар мен депози­тор­­лардың сеніміне ие болу ма­ңызды.

«Қаржы саласының негіз­гі мәселесі оған қатысу­шы­лардың қолай­лы­лық айма­ғы­нан шықпай-ақ көп ақша табуы­мен байланысты. Ештеңеге тиіспеуге де, өзгертпеуге де болады. Бізде бәрі жақсы. Бірақ стратегиялық тұрғыдан бізге қажет ішкі жалпы өнімді екі есе өсіру үшін банктерді жайлылық аймағынан алып шығу керек», дейді Т.Турлов.

Біздің банктердің ұсы­нып отырған пайыз­дық мөл­шерлемесін экономи­ка­ның барлық саласы игере алмайды. Несиенің өзін ақтауы және бизнестің өзіне сенім­ді­лігін сезінуі үшін базалық мөлшерлемені төмендету керек. Сарапшы, кәсіпкер Олжас Мамадәлінің айтуынша, бизнес жеткіліксіз қаржы­лан­ды­рылды. Несиелендірудің өсуіне ең алдымен жоғары базалық мөлшерлеме кедергі келтіреді: ол қарыз қаражатын қымбаттатады.

«Банктер несие берген кезде өз портфелін тәуе­келдерді әр­­тарап­тан­дыратындай және қолайлы кірістілікті қам­­­­та­масыз ететіндей етіп қа­­­лып­тастыруға тырысады. Кор­поративтік несиелеу сала­сындағы мәселенің түбірі – ірі қарыз алушылардың жеңіл­дікті мемлекеттік қара­жат пен кепілдіктерге қол жеткізе алатындығында және екінші деңгейлі банктерді айналып өтіп, мемлекеттік бағ­дар­ламалар мен қорлар ар­қылы несие ала алатын­ды­ғын­да. Шағын және орта бизнеске несие беру – банктер үшін үлкен қауіп. Ірі бизнес­пен салыстырғанда ШОБ-тың төлем қабiлеті төмен. Ке­піл қою мүмкiндiгi жоқ. Тұ­ты­нушылық несие банктер үшін ішін табысты сегмент болып қала береді. Банктердің өзара бәсекеге түсетін, жаңа өнімдерді ұсынатын, ең көп табыс табуға мүмкіндік беретін ортасы да осы. ШОБ-ты несиелеудің қалтарыста қалатын себебін де осыдан іздеу керек», дейді О.Мамадәлі.

Базалық мөлшерлемені төмендету бизнеске тиімді. Бірақ оның экономикаға әсері Ұлттық банк пен Үкіметте аз зерттелген тақырып.

«Үкімет пен Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тө­мен­дету үшін бағаны еркі­не жібермеуге басымдық бере бас­тады. Бірақ теңгенің долларға шаққандағы бір мезгілде әлсіреуі импортты қымбаттатып, тауар­дың құнын көтеріп жіберді. Теңгемен есептегенде кірістері өсетін экс­порттаушылар табысы өсті. Мұндай жағдайдың соңы тең­генің құнсыздануына алып келетіні сөзсіз. Егер Үкімет тең­генің құнсыздануына мүд­делі болса интервенцияға неге барады?», дейді О. Мамадәлі.

Айтуынша, банктердің несие­леу бағдарламаларының пайызы жоғары. Себебі қара­жат­тың қайтарылмау тәуе­келі алдын ала ескерілуі, ол инфляцияны жабуға тиіс.

«Биыл заңды тұлғаларға берген несиенің 87%-ы – қысқа, 13%-ы ұзақмерзімді қарыздар болды. Қысқа несиелер айналым қаражатын толықтыру, бизнесті шамалы кеңейту үшін ғана пайдалы болады. Ал ин­новациялық кәсіпкерлікті да­мыту үшін біздің банк­тер тұ­рақ­ты қорландыру мен инфля­­­цияның қазіргі жағ­да­йын­да қам­тамасыз ете ал­май­тын ұзақ не­сиелер қажет», дейді О.Мамадәлі.

Ұлттық банк базалық мөл­шер­лемені төмендетуге және экономиканы несиелен­діруді қайта бастауға мүдделі тәрізді. Мөлшерлеменің төмендеуі валюталық сауда-саттық пен несие статистикасының динамикасынан көрінеді. Үкімет пайдаға салық салу арқылы ком­­мерциялық банктердің мемлекеттік облигацияларды сатып алуын шектеп, эко­номи­каны несиелендіруге мәж­бүр­легісі келеді.

«Бірақ мұндай тәсіл нәти­жесін бермейді. Банктер мем­­лекеттік қағаздарды сатып алудан түскен шығынды валюталық алыпсатарлықпен алмастыра алады. Несиелік тәуекелдер жоғары күйінде қалып отыр. Экономикалық өсім әлсіз босла, несиелендіруді жан­дандыруға бағытталған әре­кеттер мардымсыз болады», дейді сарапшы.

 

АЛМАТЫ