Мұнай бағасы
Негізінен 2024-2025 жылдары әлемдік экономика өсімінің қарқыны 3,3% деңгейінде болмақ. Бұл кейінгі үш жылдағы төмендеу үрдісін тоқтатады. Яғни экономика сәл болса да жақсарады. АҚШ пен Еуропадағы инфляция 2%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде, ақша-кредит саясатын тұрақтандырып, экономиканы түзетуге көмектеседі. Қытайдың ақша саясаты жеңілдетіледі (яғни ақша көп шығарылады), сонымен қатар бюджет шығындары көбейеді, бұл жаһандық экономиканы ынталандыра түспек.
Бірақ АҚШ-тың жаңа әкімшілігі мен геосаяси өзгерістер бізді белгісіздікке салып тұр. Әлемдік саудада қандай өзгерістер болатыны әлі де анық емес. Десе де ҚҚҚ хабарлауынша, ел экономикасына келетін басты қатер – мұнай бағасының төмендеуі болмақ. АҚШ-та тақтатас мұнай өндірісінің өсуі мен ОПЕК+ ұйымының мұнай бағасын төмен деңгейде ұстауға дайын болуы шикізат нарығына қысым көрсетеді. Бұл жағдай экономикалық өсу қарқынына, сауда балансы мен бюджетке түсетін кірістерге, келесі макроэкономикалық көрсеткіштерге, теңге бағамына, инфляция деңгейіне кері әсер етпей қоймайды. «Шикізатқа тәуелділіктің салдарынан экономиканы әртараптандыру мен халықтың әл-ауқатын жақсарту шаралары қиындай түсуі мүмкін» деп жазады қауымдастық.
Инфляция...
Осы жылдың соңына қарай теңгенің долларға шаққандағы бағамы 10%-дан астам құнсыздануы мүмкін. Бұл ішкі сұраныстың артуы мен ұсыныстың шектеулі болуына байланысты. 2025 жылы 1 доллар 545,2 теңгеге дейін өседі деген болжам бар. Демек келер жыл қысыммен басталады. Оның себебін жоғарыда айтып кеттік.
Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8-9% деңгейінде қалыптаспақ. Бұл Ұлттық банк болжамының жоғарғы шегіне жақын. 2025 жылы инфляцияны 5%-дық межеге қайтару қиын болады. Инфляцияны күшейтетін факторлар көп: ұлттық валютаның әлсіреуі, бюджеттік шығыстардың артуы, тауарлар мен қызметтерді өндіру шығындарының өсуі үркітіп тұр. Тіпті сарапшылардың пікірінше, 2025 жылдың соңында инфляция 9,5% деңгейінде болуы әбден мүмкін.
2025 жылы жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен инфляция корпоративтік секторға кредит беруді бәсеңдетеді деп пікір білдіреді сарапшылар. Осы жылы ірі бизнес несие ресурстарына қол жеткізгенімен, келесі жылы жағдай қиындайды. Шағын және орта бизнес үшін қосымша реттеуші шаралары да жасалады.
Экономикалық өсім
Биыл ел экономикасының өсімі өткен жылғы 5,1%-дан төмендеп, шамамен 4% деңгейінде қалыптасады деген болжам бар. Бұған мұнай өндірудің тоқырауы мен төмен баға себеп. Дегенмен сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және байланыс салаларындағы оң динамикасы ішкі жалпы өнім өсіміне серпін береді. Сосын әдеттегідей, Ұлттық қордан алынатын қосымша трансферттер экономика тұрақтылығын қамтамасыз етеді...
Алайда шикізат өндірісінің ұлғаюы (97,2 млн тоннаға дейін), ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы және жоғары бюджет шығындары (33,5 трлн) экономикаға демеу болмақ. Бұл факторлар шикізат бағасының төмендеуі мен жоғары пайыздық мөлшерлемелердің теріс әсерін жеңіп, экономика өсімін 4,4% деңгейінде ұстап тұруға көмектеседі. Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын жалғастыра бермек...