Мәселен, бүгінгі таңда Қазақстанның халықаралық процестердегі рөлін айтатын болсақ, бірінші кезекте еліміздің ядролық қарудан бас тарту идеяларын ілгерілетудегі көшбасшы мемлекет екенін атап өту керек. Бұл бағыттағы бастамаларды еліміз тек биік мінберлерден айтып жүрген жоқ. Сонымен қатар ел аумағында Магатэ көмегімен төмен байытылған уран орталығын құруға ниет білдірді. Нәтижесінде бүгінде Шығыс Қазақстанда Магатэ-нің төмен байытылған уран банкі орналасқан. Бұл жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды қадам деп айтуға болады.
Одан кейін халықаралық қақтығыстарды реттеуге медиатор ретінде еліміз бейбіт бастамаларды ілгерілетіп келеді. Бұл тұрғыдан алған кезде біз Алматыда өткен Иран мәселесі бойынша Алматы раундтары, Астанада өткен Сирия мәселесі бойынша Сирия раундтарын жүргіздік. Енді қазір Сириядағы жағдайдың ушығуына орай Қазақстан Түркия, Ресей, Иран және Сирия оппозициясы арасындағы келіссөздердің алаңы бола алады деп сеніммен айтуымызға болады. Өйткені бұған дейінгі кейстер табысты, нәтижелі болды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Ресей мен Батыс арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге екі тараппен әріптестік қарым-қатынасты сақтай алды. Қазір көп жақты және екі жақты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Оның бір дәлелі елімізге қаншама мемлекет басшылары келіп жатыр. Кешегі күні өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы, одан бөлек Орталық Азия мемлекетттер басшыларының жуырда өткен отырысын – Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт кездесулерін атауға болады. Бұл тек кездесу үшін жасалған жиын емес. Шын мәнінде мұны мемлекетіміздің осы Батыс пен Шығысты байланыстырып отырған қадамы деп білуіміз керек. Бір жағынан бұл – түрлі тараптардың да, еліміздің де мүддесін ескере отырып, бейтарап көпвекторлы саясаттың нәтижесі.
Қазақстан әлемдегі климаттық мәселеге бейжай қарап отырған жоқ, оны жақсартуға үлесін қосып жатыр, экологиялық проблемаларды шешуге белсенді араласып келеді. Бұл – бүгінгі таңда әлем бойынша күн тәртібінде тұрған үлкен мәселе. Мысалы, елімізде Арал теңізін қалпына келтіруге байланысты көптеген жұмыс атқарылды. Нәтижесінде қазір Аралдың суы көбейгенін көріп отырмыз.
Тағы бір қасиетіміз ірі державалар арасында тепе-теңдікті сақтау қабілетіміз бар екенін ерекше атап өтерлік. Бұл, әрине, біздің географиялық орналасу жағдайымызға байланысты. Десе де, шешуші фактор бұл емес. Біздің екі стратегиялық көршіміз Ресей мен Қытайды алғанда өзге елдермен де қарым-қатынасымыз тұрақты. Ресей – Қытай – Батыс арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, еліміз сыртқы саясаттың бірегей моделін сақтап отыр. Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігіміз – осының бір мысалы. Бұл Ресеймен өңірлік интеграцияны білдіретін болса, Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы арқылы Қытаймен экономикалық байланыстар орнатты, яғни экономикалық әртараптандырудың нақты мысалы.
Сонымен қатар еліміз Мәскеумен арадағы тығыз қарым-қатынасқа қарамастан Ресейдің бірқатар әрекетін мойындамай, Украинадағы қақтығыста өзінің егеменді көпжақты көзқарасын сақтап отыр. Бұл еліміздің өзіндік ұлттық мүдделерінің бар екенін және оған басымдық беретінін көрсетеді. Еліміздің сыртқы саясатының ерекшеліктері өте көп. Маңыздысы – мультивекторлық саясатты ұстануы. Бұл кез келген текетірестен, қақтығыстан аулақ болып, халықаралық аренада беделін, ұстанымын сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Өйткені қазіргі геосаяси жағдайда бір жақты қолдамай, өзінің бірегей саясатын жүргізе білу маңызды. Бұл кез келген елге тән қасиет деп айта алмаймыз. Ал енді Қазақстанда бұл тұрғыда өзінің прагматизм мен бейтараптық саясатын ұстанып, ерекшелігін көрсетіп келеді. Халықаралық, екі ел аралық қақтығыстарда тараптардың қай жағын болса да ашық қолдаудан аулақ болып, екі тарапты қақтығысты тоқтатуға келіссөздер жүргізу арқылы сенімді делдал болуға ниет білдіріп отырмыз. Мысалы, Ресейге жасалған санкциялық қысымға қарамастан Мәскеумен экономикалық байланыстарды қолдап, Еуроодақ, АҚШ-пен қарым-қатынасты белсенді дамытып отыр. Бұл дегеніміз – сыртқы саясатымыздың ерекшелігі.
Бұдан бөлек, аймақтық қауіпсіздік мәселесінде өзінің көшбасшылық рөлін атқарып отыр. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі одақ ұйымы өңірлік интеграциядағы, Азияда өзара іс-қимыл жөніндегі келісімшарт алаңы арқылы еліміз өңірлік интеграцияда белсенділік танытып жүр. Қорыта келгенде, Қазақстан – өзінің әлемдік проблемаларын шешуге бірегей шешімін ұсына алатын, бейтарап күш ретінде орта державаның толыққанды жан-жақты мүмкіндіктері бар, көпвекторлық үйлесімге негізделген мына жаһандық турбуленттік жағдайда халықаралық ынтымақтастықты дамытуға барынша үлес қосып келе жатқан дамушы ел.
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
саясаттанушы