Ұстаз да қарап қалған жоқ. Полицияға шағымданып, шәкіртінің әрекетіне қатысты арыз түсірді. Енді баланың ата-анасы ол үшін сотта жауап беруі тиіс.
- Педагог оқушылардың бірі мектеп ішінде оған әдепсіз сөз айтқанын көрсетіп, полицияға шағымданды. Жеткіншектің әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық сипаттары бар. Бұл ұсақ бұзақылық болып саналады, – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары тиісті тексеру жұмыстарын жүргізген соң кәмелеттік жасқа толмаған оқушының ата-анасын жауапқа тартты. Материалдар сотқа жолданды.
Таяуда Павлодар облысында тағы бір оқушының бейәдеп әрекеті әлеуметтік желілерде тараған еді. Ол сабақ үстінде орындыққа шығып, айқайлап, тренд түсірмек болды. Мұндай әрекеті үшін физика пәнінің мұғалімі шәкіртке қол жұмсады. Бұл сәт те бейнежазбада көрсетіліп, көпшіліктің талқысына түсті. Салдарынан ер адам мектептен қуылып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.
Бұл жағдайға қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі ұстаздың мұндай әрекеті дұрыс емес екенін алға тартса, енді бірі мұғалімге сыйластық танытпай, сабақ өткізуіне бөгіт жасаған оқушы мен ата-анасын жауапқа тарту керек деген пікірін білдірді.
Жалпы, биыл Павлодар облысында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 1268 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 51 бала бар.