Көптеген елдің шығармашылық өкілдерін біріктірген жаңа ұлттық опера мәдени өмірдегі айтулы оқиғалардың бірі болғаны рас. Операны дайындау барысында Алтын Орда тарихы бойынша белгілі ғалымдар – Ильнур Миргалиев, Ілияс Кемалоглу және Нұрлан Атығаевпен кеңес жүргізіліп, тақырып егжей-тегжейлі зерделенген. Тарихи нақтылық сақталған.
Екі күн ішінде қойылымды 4080 адам тамашалап, орта ғасырдың ең ірі мемлекеті – Алтын Орданың қалыптасу дәуіріне саяхат жасады. Қалың көрермен маңызды тарихи оқиғалар мен ерекше сәттерді сезіне алды.
Қойылымға барлығы үш жүзден астам опера, хор, балет әртістері қатысты. Театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуі, сахнаның түрленуі, жарық эффектілері мен бейнепроекциялар көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Айта кетейік, «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы ай басында ғана Алматы қаласында аншлагпен өткен еді.