Уақыт талабына сай бой көтерген орталықта жастарға білікті мамандар психологиялық және заңгерлік көмек береді. Жаңа орталықта қаржылық сауат бойынша кеңестер ұсынылады. Сондай-ақ жұмысқа орналасуға қолдау көрсетілетіні көптің көңілін өсірді. Енді аудан жастары бұл мәселелерді еш қиындықсыз шешуге мүмкіндік алғаны ақиқат.
Жалпы, жастар орталықтарының ашылуы Алматы облысында жыл басынан бері қарқынды дамып келеді. Бұған дейін Қонаев қаласы мен Кеген ауданында осындай орталықтар іске қосылса, желтоқсан айында Райымбек ауданында тағы бір орталық ашылмақ. Ал келесі жылы Қаскелең қаласында жаңа орталықтың құрылысын бастау жоспарланып отыр.
«Қазіргі таңда Алматы облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 420 мыңнан аса жас бар. Бұрын жастарға арналған, қиын кезде көмек көрсетіп, бас қосатын орталықтар болмаған еді. Біз бұл мәселені кезең-кезеңімен шешіп жатырмыз. Алдағы уақытта облыстың барлық ауданында жастар үшін заманауи инфрақұрылым құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жастармен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді», дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Ахметов.
Коворкинг орталықтары өңір жастарын әлеуметтендірудің маңызды алаңына айналып келеді. Мұнда бизнес-тренингтер, шеберлік сабақтары, көрмелер, кездесулер мен түрлі үйірмелер тегін өткізіледі.
Қонаев қаласы мен Кеген ауданында ашылған орталықтарда жыл басынан бері 9 мыңнан аса жасты қамтыған 700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылған. Шаралар негізінен интеллектуалды, IT және креативті салаларға бағытталған. Сондай-ақ бұл орталықтарда бизнес желі құру бойынша кездесулер, танымал тұлғалармен сұхбаттар және шеберлік сабақтары өткізіліп келеді.
Балқаш ауданында ашылған жаңа орталық осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра отырып, жастардың әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Алматы облысы