Мектеп • Бүгін, 09:35

Оқушылар қуанышқа бөленді

52 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні мерекесінде бірқатар өңірде жаңа білім нысандары ашылып, ел тұрғындары қуанышқа бөленді.

Оқушылар қуанышқа бөленді

Дәлірек айт­қан­да, Астана қа­ла­сында екі ауы­­­сымда 4 мың оқушыға ар­­нал­ған он бірінші «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Бұл білім ордасы «Үркер» тұрғын алабында орна­ласқан. Жаңа оқу ошағы бас ша­һардағы оқушы орны тапшы­лы­ғын шешуге септігін тигізбек. Осы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін елордада 24 мектеп салынады деп жос­парланып отыр.

Сондай-ақ Түркістан облысын­дағы Еңбекші Дихан мен Манкент ауыл адамдары үшін ақ түйе­нің қарны жарылды. Бұл қос елді мекенде екі жаңа мектеп бой көтерді. Білім ордасының бірі – Президент бастамасымен жүзеге асып отырған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Аталған мектеп 600 оқушыға арналып, заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес ке­ле­тін барлық құрал-жаб­дық­пен қамтылған. Айта кетейік, бұл – Түр­­­кістан облысында беріл­ген екінші «Жайлы мектеп».

Ал Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында 400 оқу­шы­ға арналған жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Мұнда балалар шығармашылығын дамыту мен демалуға арналған кеңістіктер, сондай-ақ жеке шкафтар қарастырылған. Бұдан бөлек, спорт және акт залдары, кітапхана, асхана, шеберхана және 36 пәндік кабинет бар. Бұған қоса Қостанай облысының Қос­танай және Арқалық қала­ла­рында мем­ле­кет­тік екі жаңа бала­бақ­ша­ның лен­тасы қиылды. Бұл мек­­тепке дейінгі ұйым­­­дар барлық заманауи стандарттарға сай жасал­­ған. Олар жатын, ойын бөлмелерімен, хорео­­­графиялық, гимнас­ти­­калық, музыкалық және спорт залдарымен, пе­­да­гог-психолог, ло­го­пед, медициналық, қо­сым­­­ша білім беру ка­би­нетімен қамтылған.

Мереке күні елі­міздің төрт өңі­рінде қо­сымша білім беру нысандары берілді. Мәселен, Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Бадамша ауы­­лында өнер мектебі бой көтерді. Онда 550-ге жуық бала білім алады. Қызылорда облысының Жаңа­қорған ауданында Оқушылар сарайы мен Өнер мектебі есігін ашты. Мұнда 19 қосымша білім беру бағытымен 250-ден астам бала оқиды.

Сонымен қатар Пав­лодар облы­сының Екібас­тұз қаласында Мем­лекет басшысының тапсырмасымен салынған «Самғау» атты бала­лардың заманауи шығар­ма­шылық үйі пайдалануға берілді. «Балаларға қосым­ша білім беру жүйе­сінің жаңа үлгісі» ғылыми-тех­никалық бағдар­ла­ма­лары аясында салынған нысан 12 бағыт бойынша жеткіншектерді оқытуға арналған жоғары технологиялармен жаб­дық­­тал­ған. Орта­лық күні­­не 3000-ға дейін баланы қабылдайды. Оның ішінде ерекше білім бе­ру­ді қа­жет ететін оқу­шы­лар да бар.