Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Еліміздегі зейнеткерлер саны – 2 млн 428 мың адам. 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңгеге жетсе, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 88 967 теңге, базалық зейнетақы – 42 589 теңге.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалып келеді. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардан бері ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде болмаса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ына тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер еңбек өтілі 20 жылға толса, базалық зейнетақысы төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-ы мөлшерінде болады. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 105% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды. Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты, толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы сомасы солғұрлым қомақты болады. Әр азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) әрі зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына қарай есептеледі.