Фото: Ашық дереккөз
«2024 жылғы 18 желтоқсанда сағат 23:30-да Аягөз ауданының 101 сервистік пультіне «Біріккен энергетикалық сервистік компания» АҚ қосалқы стансасында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Өртті сөндіруге 4 өрт сөндіру машинасы мен 15 қызметкер жұмылдырылды», делінген әкімдік хабарламасында.
Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде Мамырсу ауылдық округі және Аягөз қаласынан басқа барлық ауылдық округ электр энергиясымен қамтамасыз етілгені хабарланды.
Әкімдіктің хабарлауынша, қалада бірінші кезекте 6 орталықтандырылған жылу қазандығын іске қосу жұмыстары басталып, оның 5-еуі іске қосылған.
Сонымен қатар «БЭСК» АҚ Үржар, Жарма аудандары мен Өскемен және Семей қалаларынан келген 7, сондай-ақ аягөздік 3 бригада жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 30-ға жуық маман жұмылдырылған.