Спорт • Бүгін, 13:25

Қысқы Азия ойындарына 6 спорт түрінен 139 спортшы қатысады - министр

27 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Абай облысына жұмыс сапары барысында  өңірдегі спорт нысандарын аралап, спорт инфрақұрылымын жақсарту және дамыту мақсатында жасалып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қысқы Азия ойындарына 6 спорт түрінен 139 спортшы қатысады - министр

Ербол Мырзабосынов ең алдымен 2020 жылы пайдалануға берілген «Арена» мәдени-спорт кешеніне барды. Бұл кешенде балаларға баскетбол, футбол, теннис, су поло және жүзу сияқты спорт түрлерімен еркін айналысуға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мұнда заманауи жабдықтар, кең әрі ыңғайлы алаңдар бар, бұл балалардың спортпен шұғылдануына үлкен мүмкіндік береді.

Сондай-ақ өңірдегі жаттықтырушылармен кездесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, жергілікті мамандардың жұмыс шарттары мен мәселелерін назарға алды.

Министр жаттықтырушылармен кездесуде олимпиадалық резервті даярлау мәселесінің маңыздылығын атап өтті. Бұл мәселе Қазақстанда жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға кедергі келтіруде. Министр мәселені шешу үшін болашақта арнайы бағдарламалар мен жобаларды іске асыру қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, ол жаттықтырушылардың біліктілігін арттырудың маңыздылығына тоқталып, оларды үздіксіз білім беру бағдарламаларымен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Спорттық медицина саласына да көп көңіл бөлінуі керектігін, оның спортшылардың денсаулығын сақтау және тиімді жаттығу процесін ұйымдастыру үшін маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Бұдан әрі министр Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей қаласындағы №1 облыстық олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Мұнда балалар бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес, велоспорт, таэквондо (WT, I.T.F), спорттық және жауынгерлік самбо, сондай-ақ волейбол секілді спорт түрлерімен айналысады.

«Қазіргі таңда Абай облысында жазғы және қысқы олимпиадалық, олимпиадалық емес, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық та арта түсуде. Қыркүйек айында елордамызда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткенін жақсы білесіздер. Абай облысының спортшылары 3 алтын және 2 күміс медальді еншіледі. Келесі жылдың басты спорттық оқиғаларының бірі – Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындары. Бүгінде спортшыларымыздың сәтті өнер көрсетуін қамтамасыз ету бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан құрамасынан 6 спорт түрінен 139 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Соның ішінде Абай облысынан 4 спортшы, атап айтқанда биатлоннан – 2, шаңғы жарысынан 2 спортшы қатысады», деді Ербол Мырзабосынов.