Сәрсенбі күні Астана маңындағы №68665 әскери бөлім базасында С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университеті әскери кафедрасы студенттерінің роталық-тактикалық жаттығулары өтті. Болашақ офицерлер мен кіші офицерлердің (сержант) әскери жаттығуларына Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Нұрлан Жоламанов келіп, арнайы баға берді.
– Бүгінгі әскери дайындық өте жақсы деп айтуға болады. Студенттердің шын көңілмен жаттығуға кіріскендері мені қатты қуантып отыр. Отан қорғау ер жігіттің басты азаматтық парызы десек, аталған оқу-жаттығу жиыны елін, жерін шын жүрекпен сүйетін ел қорғандарының өсіп келе жатқандығын тағы бір қырынан көрсетті. Біз осыған қуанамыз, – деді Қорғаныс вице-министрі.
Биыл елімізде 22 жоғары оқу орны жанындағы әскери кафедра студенттерінің оқу жиындарын өткізу жоспарланған. Ол үшін арнайы уақыт бөлініп, оған 4000-нан астам адам тартылған. Аталған жиындарда студенттер кафедрада алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде пысықтайды. Жиын барысында студенттерге білікті әскери тәжірибелік тәлімдер берілмек.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, АСТАНА.