Аймақтар • Кеше

Талғарда 50 отбасы баспаналы болды

53 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Талғарда 50 отбасы жаңа пәтерлеріне көшіп, баспана қуанышына бөленді. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және Талғар ауданы құрылыс бөлімімен бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асты.

Талғарда 50 отбасы баспаналы болды

Жаңа қоныстанушылар арасында 10 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар, оларға жайлы жағдайда дербес өмір бастау мүмкіндігі берілді. Тағы 10 пәтер көпбалалы отбасыларға, соның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған, «Батыр Ана» атағын алған аналарға берілді. Қалған 30 пәтерді өз баспанасына қол жеткізуде қиындық көріп жүрген тұрғындар иеленді.

«Бүгін біз үшін ерекше күн. Біз тек пәтердің кілтін алып қана қоймай, жаңа өмірге қадам басқандаймыз. Бұл қолдау – қиын жағдайға тап болған адамдар үшін шынайы көмек. Бұдан былай өзіміздің жаңа үйімізде бақытты болып, болашаққа сеніммен қарайтынымызға қуаныштымыз. Бағдарлама тек бізге ғана емес, басқа да көмекке мұқтаж отбасыларға да қолдау көрсетеді деп сенеміз» деп атап өтті көпбалалы ана Майра Баймұрзаева.

Бұл бастама тек тұрғын үй мәселесін шешіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік тұрақтылығы мен әділеттілігін нығайтуға ықпал етеді. Жыл соңына дейін әлеуметтік осал топтар қатарындағы кезекте тұрғандарға арналып тағы 47 пәтер сатып алу жоспарланған.

«Әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтар үшін тұрғын үй мәселесін шешу – біздің басты міндетіміз. Жаңа пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтаймын. Алдағы алты айда Талғар ауданында 450-ден астам пәтер пайдалануға беріледі», деді пәтер кілітін табыстаған Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков.

Алматы облысы