Аймақтар • Бүгін, 08:55

Жетісудың олжасы – 43 өндіріс

69 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Аграрлы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы өнімі былтырмен салыстырғанда екі есе өскен. Оның ішінде қант қызылшасы 630 мың тоннадан асты. Облыс құрылғалы 43 өндіріс орны іске қосылып, 9 өндіріс орны кеңейтілді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 112,3% құрады. Жыл басынан бері 396 млрд теңге инвестиция тартылған, оның 291 млрд-ы жеке инвестиция саналады.

Жетісудың олжасы – 43 өндіріс

Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Жетісу облысы құрылғалы бер­гі екі жылдан астам уақыт ішін­де әлеуметтік- экономика­лық бағытта қолға алған жобалар­дың басым бөлігі орындалды. Алыс ауылдарға жаңа нысан­дар салынып, халықтың игілігіне берілді. Бұрын облыс бюджеті 400 млрд-қа жуық болса, бүгінде 600 млрд-қа жақындады. Оның басым бөлігі әлеуметтік салалар­ға бөлінген. Биыл 2708 пәтер салынып, орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 91,3%-ға жет­ті. Елді мекендерде блокті ме­ди­циналық нысандар ашылып, сырттан білікті мамандар тар­тылып жатыр. Халықтың жар­тысы көгілдір отынға қосылды. Ең бастысы 40-тан астам кәсіп­орын ашылып, одан бөлек 9 өнді­ріс орны жаңғыртылды. Соның нәтижесінде, бір мыңнан астам адам жаңа жұмыспен қамтылды.

«Мемлекет басшысының Жол­дауында атап көрсетілгендей, біз еліміздің өнеркәсіп әлеуетін то­лық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдауымыз қажет. Бұл ретте қазір облыста цемент, аккумулятор батареялары, кера­мика плиткаларын шығару жол­ға қойылып, құрама жем, күн па­нельдерінің өндірісі дамып ке­леді. Өңірде 549 өнеркәсіп орны тіркелген, онда 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оған қоса Жетісуда баламалы энергетика­ны дамытудың зор әлеуеті бар. Жақында Талдықорғанда өнер­кәсіп аккумуляторларын өндіре­тін «Asma Industrial» заманауи зауыты іске қосылды. Сол сияқ­ты тау-кен секторын дамыту аясында құны 1,3 трлн теңге болатын, 2 мыңнан астам жұмыс орнын құратын, қуаттылығы жылына ­­860 мың тонналық мыс концен­тра­тын құрайтын металлургия ком­би­натын салу бойынша ірі жобаны іске асыру басталды», деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Әкімнің айтуынша, күнбағыс майын өңдейтін, кейінгі кезде тоқтап тұрған «Агрокомплекс Жетісу Мажико» зауыты жұмы­сын қайта бастады. Оның жыл­дық қуаты – 500 тонна. Жалпы, облыстың 2030 жылға дейінгі ин­­вестициялық портфелінде ­2,6 трлн теңгеге 189 жоба бар. Онда ­он бір мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген, оның ішінде 121 жоба іске асыру сатысында тұр.

Жетісу облысында биылғы жылдың он бір айында не­гізгі индикаторлар бойынша жос­пар орындалған. Қысқамер­зімді экономикалық индикатор 112,3% құрап отыр. Өңір әкі­мі­нің баспасөз қызметінің мә­лі­метінше, салалар бойынша ауыл ша­руашылығындағы өсім – 405,3 млрд теңгені, өнеркәсіпте – 310,5 млрд теңгені, тұрғын үйді пайдалануға беру 4,4%-ды құрайды. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі 1,4 есеге, сауда көлемі 1,3 есе ұлғайған.

«Жыл басынан бері облыс эко­номикасына 38% өсіммен 396 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде жеке инвестициялар – 291 млрд теңге. Мемлекеттік бюджетке 286 млрд теңге түсті, оның ішінде жергілікті бюджет 1,6 есе өсіп, 106 млрд теңгеге жетті. Жетісу облысы аграрлы аймақ болғандықтан, бірінші кезекте ауыл шаруашылығын дамыту мен өңдеу саласына айрықша назар аударылып отыр. Биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 35 млрд теңге бағытталды, оның 23,3 млрд теңгесі – субсидиялар», деді Б.Исабаев.

Бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 510 мың га құрайды. 872 мың тонна дәнді дақылдар, 195 мың тонна майлы дақылдар, 266 мың тонна көкөніс-бақша дақылдары, 132 мың тонна картоп өндірілген. Өңірдегі қант зауыттары 94 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Оның ішінде қант қызылшасынан 64 мың тонна, қамыс құрағынан 30 мың тонна қант шығарады.

«Қант саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Облыстың 5 ауданында 8 жаңа сервистік-дайындау орталығы құрылып, 30 шаруа қожалығына құны 2,5 млрд теңгеге қант қызылшасы өндірісіне қажетті 62 бірлік техника сатып алынды. Биыл қант қызылшасының егіс алқабы 1,7 есеге ұлғайып, 13,7 мың гектарға жеткізілді, одан рекордтық өнім – 635 мың тонна тәтті түбір жиналды. Өнім мол болғандықтан, биыл кезек мәселесіне тап болдық. Осы мәселені шешу мақсатында, алдағы уақытта Көксу қант зауыты өнім көлемін 400 мың тоннаға жеткізеді. Одан бөлек, Текеліде шағын қант зауытын ашу ойлас­тырылып жатыр. Үшаралдағы ескі қант зауытын да қайта іске қосуды қарастырып көреміз», деді өңір басшысы.

Жетісуда төрт түліктің саны 2,5 млн басқа жетті. Сол сияқты ет пен сүт өндірісі артты. 2024–2026 жылдары жалпы құны 33,2 млрд теңге болатын 31 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, соның 13-і осы жылы іске қосылды. Атап айтқанда, 4 тауарлы сүт фермасы, 1 бордақылау алаңы, 1 сүт цехы, 7 суару жобасы. Жаңа суармалы жерлерді көбейту үшін ирригациялық желілерді қайта жаңарту мақсатында биыл 35,6 млрд теңгеге су шаруашылы­ғы­ның 11 нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын­да, «Қорғас» ШЫХО-да құны 63,3 млрд теңге болатын, екі мың жұмыс орны бар 27 жоба іске асырылған.

«Облыстағы экономикалық өсу, инвестиция тарту нүкте­ле­рі – Қорғас желісі мен «Достық» стансасы. Қытаймен шекаралас бұл аймақтардың көлік-ло­гистикалық әлеуеті зор. Осы орайда инвестиция тарту, жүк легі мен транзитті ұлғайту, өткізу пункттерін жаңғырту бағытында тұ­рақты жұмыстар жүргізіліп келеді. 2027 жылдың соңына дейін 1,1 трлн-ға 79 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оларда 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Соның ішінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да жүк және жолаушылар әуежайын салу жөніндегі Қазақстан-Германия бірлескен жобасы іске асырылып жатыр», деді Б.Исабаев.

Өңір басшысының айтуынша, «Достық» стансасында қуат­тылығы жылына 350 мың контейнер болатын «Dostyk Trans Ter­minal» көпфункционалды жүк та­сымалдау терминалының 3-, 4-ке­зеңінің құрылысы жүргізі­ліп жа­тыр. Сондай-ақ «Евро­транс Групп» ЖШС-ның қолданыс­та­ғы логистикалық жүк тасымал­дау терминалы ауданы 40 гек­тар, құны 50 млн АҚШ доллары ­болатын уақытша сақтау қоймасын салуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Кеден саласын одан әрі дамыту мақсатында осы жылдың қаңтар айында стансасында тәу­лігіне 200 автомобиль өткізуге қа­білетті «Dostyk Customs Service» уақытша сақтау жаңа термина­лы ашылған.

«Үшарал-Достық» жолын ре­конструкциялаудың аяқталуы­на байланысты халықаралық жүк айналымының легі ұлғайды, со­дан келіп кеден пункттерін кеңей­ту қажеттілігі туындады. Мәсе­лен, «Алакөл» автомобиль өткі­зу пунктінің қозғалыс жолағын 2-ден 6-ға дейін кеңейту жұмыста­ры аяқталып келеді, соның арқасын­да көлік құралдарын өткізу қабі­леті тәулігіне 200-ден 1600-ге дейін артпақ. Бұдан бөлек, «Достық-Мойынты» темір жолының құ­рылысы жүргізіліп жатыр. Жоба «Достық» стансасының өткізу қабілетін 5 есеге, яғни 12-ден 60 по­йызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, биыл облысқа 2 млн-нан астам турист келген. Бұл туристік инфрақұрылым­ды дамытуға жол ашады. Бүгінде кә­різ тазарту жүйесінің, «Бескөл-Ақши» электр желілерінің құры­лысы басталды. Бүгінде Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы, «Талдықорған-Үшарал» автожолы қайта жаңартылып, «Тальго» жүрдек пойызы іске қосылды. Үшарал әуежайының өткізу қабілетін сағатына 50-ден 125 жолаушыға дейін ұлғайту мақсатында қосымша терминал салудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Баршаны толғандырған Балқаш­қа дейінгі 132 шақырым жол­дың 122 шақырымында құрылыс аяқталды.

 

Жетісу облысы