Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:20

Реформаның мақсаты – адам құқын құрметтеу

78 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз» дегені белгілі. Заңнан аттамайтын, тәртіпке бас иетін ұлтқа айналу үшін не істеу керек? Әділ әрі қауіпсіз қоғам құру жолында қандай өзгерістер қажет?

Реформаның мақсаты – адам құқын құрметтеу

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Алаяқтыққа қарсы тетік – қаржылық сауат

Президент жанындағы Парламен­таризм институтының бас маманы, PhD Нұржан Сәуленқызының айтуынша, Әділетті Қазақстанды құруда Президент көтерген заң мен тәртіп идеологиясы­ның маңызы еліміздің әлеуметтік және саяси дамуына, сондай-ақ халықаралық аренадағы беделіне тікелей әсер етуімен құнды.

«Өйткені заң мен тәртіптің үстем­дігі – қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізі. Әр азаматтың заң алдындағы теңдігі, әділ сот жүйесі, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі – бұл әділ қоғамның маңызды белгілері. Заң мен тәртіп тек тәртіпсіздікке жол бермей, сонымен қатар билікке деген қоғамдық сенімді нығайтып, экономикалық және әлеуметтік дамуға да ықпал етеді. Әлеу­меттік әділдік пен азаматтардың құқық­тары құрметтелген қоғамда ғана олар өздерін қауіпсіз сезінеді, экономикалық тұрғыда өркендейді, тұрақтылық пен прогресс жүзеге асады», дейді ол.

Президенттің бастамасымен қабыл­данған реформалар мен заңнамалық өзгерістердің басты мақсаты да барлық азаматқа бірдей құқық пен мүмкіндік беру екенін атап өткен Н.Сәуленқызы биыл жүзеге асырылған сот жүйесіндегі өзгерістер соның айқын мысалы екенін айтады.

Заң мен тәртіп үстемдігін орнату жолында Президент қоғамда жиі көрініс тауып жүрген алаяқтықпен күресуді айрықша атап, оның алдын алу үшін мектептен бастап қаржылық сауаттылықты үйрету керек екенін жеткізді. Н.Сәуленқызының айтуынша, Президенттің бұл ұсынысы өте өзекті, өйткені алаяқтықтың белең алуы көбіне-көп адамдардың қаржылық сауатының төмендігімен байланысты.

«Көп адам өз құқықтары мен міндеттерін, қаржылық құралдарды дұрыс пайдалану және оларды қорғау жолдарын білмейді. Бұл алаяқтарға өз схемаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін нақты шаралар қажет. Қазіргі цифрлық дәуірде онлайн-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы қаржылық сауатты арттырудың мүмкіндіктері өте көп. Менің ұсынысым, біріншіден, мемлекет пен қаржылық ұйымдар бірлесе отырып, арнайы мобильді қосымшалар мен онлайн курстар әзірлеп, оларды халыққа тегін немесе қолжетімді бағамен ұсынуы керек. Мұндай платформаларда қаржылық есеп жүргізу, бюджет жасау, несие алу, сақтандыру, инвес­тициялау және алаяқтықтан сақтану сияқты тақырыптар қамтылуға тиіс. Екіншіден, мектептерде қаржылық сауатты арттыру бойынша тәжірибелік жаттығулар ұйымдастыру қажет, яғни тек теориялық біліммен шектелмей, осы тақырыпқа орай арнайы сабақтар мен тренингтер өткізу маңызды. Мысалы, оқушыларға қаржылық жоспар құру, әртүрлі қаржылық шешімдер қабылдау, ақша жинау сияқты әрекеттерді нақты жағдайда орындауға мүмкіндік беретін ойындар немесе басқа да пайдалы іс-шаралар ұйымдастырса тиімді болады. Бұл әдіс балалар мен жастарға қаржылық сауат негіздерін ұғындыруға көмектеседі», дейді заңгер.

Парламентаризм институты бас маманы айтқан тағы бір ұсыныс – қаржылық алаяқтыққа қарсы құқықтық білім беру курстарын өткізу. Ол жерде интернет-алаяқтықтың түрлері, онлайн төлемдер мен жеке ақпаратты қорғау әдістері, спам-сайттар мен басқа да алаяқтық схемалар туралы түсінік беру қажет. Мұндай курстар мемлекеттік органдар, банктер немесе қоғамдық ұйымдар тарапынан жүргізілуі керек деп есептейді ол.

«Бұның бәрі қоғамның әрбір мүшесінің қаржылық жағдайын жақ­сартуға мүмкіндік бермек. Алаяқтықтың алдын алу үшін адамдарды біліммен қаруландырып, нақты іс-әрекеттер мен түсініктер беруден басқа жол жоқ. Бұл бірқатар тегеурінді қадам мен нақты жұмыстарды қажет ететін ұзақ мерзімді үдеріс, бірақ оның нәтижесі қоғамның дамуы мен қауіпсіздігіне жол ашады», деді маман.

 

Заңдарымыздың әлсіз тұстары бар

Заң мен тәртіп тұжырымдамасының бір мақсаты – қауіпсіз Қазақстанды құру. Өкінішке қарай, қоғамда түрлі қылмыс әлі де көптеп тіркеліп жатыр. Оны түп-тамырымен жою үшін заңдарымыз әлсіз бе, әлде құқық қорғау органдарының кәсібилігі жеткілік­сіз бе? Н.Сәуленқызының айтуынша, қылмыстың көбеюі заңдардың әлсіздігінен немесе құқық қорғау органдары кәсібилігінің төмендігінен ғана емес, сонымен қатар басқа да кешенді мәселелерден туындап отыр. Еліміздің заңнамасы кейінгі жылдары көптеген өзгеріс пен жаңартуларға ұшырағанымен, әлі де кейбір аспектілерде тиімділік танытпауы мүмкін. Біріншіден, заңдар мен нормативтік актілердің өзара үйле­сімділігі мен бірізділігінің болмауы құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің жұмысын қиындатады. Мұн­дай құқықтық алаңда қылмыскерлер үшін заңның бұлтартпастығын айналып өтетін әлсіз тұстар пайда болуы мүм­кін. Сонымен қатар кейбір заң­дар қыл­мыстың алдын алуға немесе жазалауға жеткілікті деңгейде тиімді емес.

Құқық қорғау органдарының кәсіби шеберлігін арттыруға қоғамның қаты­суы да маңызды. Атап айтқанда, қоғам тарапынан құқық қорғау органдары мен заңдарды бақылау мен мониторинг жүргізу жүйесін күшейту керек дейді сарапшы. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметіне ашық түрде есеп беру талабын енгізу қажет. Бұның бәрі көбінесе реформаларға байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құқық қорғау жүйесіне қатысты бірнеше маңызды реформа жүргізілді, әлі де жүргізіліп отыр. Олардың қызметі мен заңдар арасындағы алшақтықты азайту мақсатында қосым­ша шаралар қабылдануға тиіс. Мұндай реформалар халықтың құқық қорғау органдарында деген сенімін арттырып, қылмысқа қарсы күресті нығайтуға мүмкіндік береді.

 

Ереже орындалуымен құнды

Қоғамдық қауіпсіздік туралы айтқан­да жолдағы қауіпсіздікті де назар­дан тыс қалдыруға болмайды. Жол ережелері, көлік құралдарына қойылатын талап күшейтіліп жатқанына қарамастан, жол-көлік апаты азаймай тұр.

«Біріншіден, құқық қорғаушылар мен заң шығарушылар жол қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін қандай заңдар мен ережелер енгізсе де, оның тиімділігі көбінесе халықтың осы ере­желерді қалай орындайтынына бай­ланысты, дейді Н.Сәуленқызы. – Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол-көлік ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру маңызды. Бұл тағы да біз айтып отырған заң мен тәртіп тұжырымына келіп тіреледі. Қазіргі кезде жастардың, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің арасында құқықтық сауатты арттыруға көп көңіл бөлінбейді. Сондықтан жол қозғалысының ереже­лері мен қауіпсіздік шаралары бойынша мектептерде, жоғары оқу орындарында және түрлі қоғамдық орындарда ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізген дұрыс.

Екіншіден, қазіргі кезде жол инфра­құрылымы да жол-көлік апаттарының алдын алуда маңызды рөл атқарады. Өкінішке қарай, елімізде ескірген, сапасыз жөнделген жолдар әлі де көп. Мысалы, жолдың тарлығы, жеткілікті жарықтандырылмауы, жол белгісінің болмауы сияқты кемшіліктер баршылық. Менің ойымша, жол үстіндегі қауіпсіздікті шешу үшін инфрақұрылымды жаңарту мен жолдың сапасын арттыру, сондай-ақ арнайы жол ережелері мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін жол құрылыстарын бақылауға алу қажет».

 

Жасанды интеллект заң шығаруды жеңілдетеді

Біз Парламентаризм институты бас маманынан қазіргі кезде көп айтылып жүрген заң шығару үдерісінде жасанды интеллектіні пайдалану жайында да сұрауды ұмытпадық. Оның айтуынша, заң шығаруда жасанды интеллект үлкен әлеуетке ие. Ол заңгерлерге көп жеңілдік пен артықшылықтарды беретінін, атап айтқанда, заң жобаларының мазмұны мен құрылымын сараптап, олардың бірізділігін, дәлдігін және құқықтық тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге мүм­кіндік жасайтынын, әртүрлі заңна­малық актілер арасындағы байланыстарды, қайшылықтар мен үйлесімсіздіктерді автоматты түрде анықтай алатынын, бұл өз кезегінде заң жобаларын нақты әрі тиімді түрде құруға жәрдемдесетінін алға тартты.

«Заң жобаларын дайындау кезінде қоғамдағы түрлі топтың пікірлері мен ұсыныстары жиналады. Бұл пікірлерді тиімді талдау мен сараптау жұмысы жасанды интеллект арқылы айтарлықтай жеңілдейді. Яғни ол деректерді өңдеп, әртүрлі көзқарастар мен пікірлерді жүйелендіріп, маңызды мәселелерді топтастыра алады. Нәтижесінде, нақты түрде бір ұсыныс беру мүмкін болады. Бұл заң шығарушыларға оң шешім қабылдауға көмектеседі. Өйткені олардың жұмысы тек заңдар мен актілерді әзірлеумен ғана шектелмей, қабылданған заңдардың дұрыстығын, толықтығын, үйлесім­ділігін тексеруді де қажет ететіні белгілі. Сондықтан болашақта біз жасанды интеллектіні заң шығару жұмыстарында толыққанды пайдаланатын күнге жетеміз деп ойлаймын. Қазір де бұл үдеріс басталып кетті», деді ол.