Экономика • Бүгін, 09:25

Қазынамыз неге ортайды?

31 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы 11 ай ішінде мемлекеттік бюджет кірісі 2 трлн теңгеге азайып, Үкіметтің ме­желі жоспары орындалмады. Ел қазынасына 3,5 трлн теңге салық түспей қалды. Кейінгі жылдары жоспар орындалмай, тапшылықтың туындауы қалыпты әдетке айналып келеді. Себебі неде?

Қазынамыз неге ортайды?

Үкімет жауапкершіліктен қашпайды

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке 19 трлн теңге түсіп, жоспар 90%-ға орын­далған. Оның ішінде рес­пуб­ликалық бюджетке 11,8 трлн теңге кіріп, жоспардың 82%-ы жабылған. Алайда салықтың салы суға кетіп, көз­делген кіріс толыққанды түспей қалды. Әу баста 14,3 трлн теңге салық жинау жоспар­лан­ғанымен, іс жүзінде 10,8 трлн теңгеге қанағат етуге тура келді. Демек жоспар­лан­ған ақшаға 3,5 трлн теңге жетпейді. Вице-министр бұған салық түсімдерінің төмендеп кеткені себеп дейді. Ал салық түсімдері жоспардың 76%-ын құрайды.

апр

Ержан Біржанов

«Жос­пардың орындалмай қал­ғаны­ның себептері көп. Мәсе­лен, өткен жыл­дың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда, үшінші елдерден келетін импорт көлемі едәуір азайған. Нақты айтар болсам, 6,4%-ға яғни 2,3 млрд дол­­лар­ға кеміген. Одан кейін негізгі экспорттық металдар бағасы төмендеп кетті. Бұл өз кезегінде 602 ірі салық төлеушінің аванстық төлемдер сомасының 267 млрд теңгеге төмендеуіне әсер етті. Қосылған құн салығын қайтару да ұлғайып, 981 млрд теңге болды. Тағы да өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ 2,5 есе көп. Соған қарамастан, салықтың орын­далмауы салықтық емес тө­лем­дердің 1 трлн теңгеге ұлғаюы­мен өтеледі», деп түсін­дірді Е.Біржанов.

Жергілікті бюджеттердің кіріс­тері 108%-ға орындалып, 7,2 трлн тең­геге жеткен. Жоспар 525 млрд теңгеге асыра орындалды. Өткен жылмен салыс­тырғанда кіріс  26,5%-ға, яғни 1,5 трлн теңгеге өскен. Бюджет шығыс­та­ры­на келер болсақ, ол жақта жағдай қа­лыпты. Мәселен, мемлекеттік жоспар – 94%, республикалық жоспар – 96%, жергілікті жоспар 92% сәтті жү­зеге асыпты. Шыққан шығыстарға қарасақ, әлеуметтік бағыт бас­ты назарда болған. Мемлекет негізгі әлеуметтік міндеттемелерді орындаған:

  • Зейнетақы мен жәрдемақыға 5,2 трлн теңге;
  • Өңірлерге субвенцияларға 4,8 трлн теңге;
  • ӘМСҚ-ның нысаналы жарнасына 1,6 трлн теңге.

Жергілікті бюджеттердің шы­ғыс­тары 13 трлн теңгені құрады:

  • Әлеуметтік салаға 6,6 трлн теңге (51%);
  • Тұрғын үй коммуналдық шаруашы­лыққа 1,9 трлн теңге (14,6%);
  • Көлік және коммуникацияға 1,2 трлн теңге (9,3%);
  • Ауыл шаруашылығына 750 млрд теңге (5,7%).

Бюджетті орындаудың маңыз­ды ком­понент­терінің бірі – мемле­кеттік сатып алу үдерісі. Олардың көлемі биыл 8,8 трлн теңге болды. Бұл тұрғыда бюджет қаражатын оңтайландыру есебінен 840 млрд теңге үнемделді. Жалпы, кейінгі жылдары ел бюджетіне қа­тыс­ты жоспар орындалмай, тек тап­шы­лық қалыптасып келеді. Бұған Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров былай пікір білдірді:

«Бюджеттің тапшылықпен қа­лып­тасуы – заң бұзу емес. Бюд­жетті жоспарлау мен атқа­ру­ға қатысқандардың бәрі жауапты. Біздің жұмысымыз жауап­кер­шіліктен тұрады. Үкімет жауап­кер­шіліктен қашпайды. Мемлекет қаржысын басқару мен жұмсауда белгілі бір шектеу енгізілді. 2025 жылы Үкімет бюджет шығынын қыс­қартып, кірісін арт­тыру мақ­­­са­тында жұмыс іс­тейді. Биыл рес­­публикалық бюд­жетке он шақты рет түзету енгіздік», деді ол.

 

Мәселе – нашар жоспарлауда

Бюджет тапшылығы мемле­кеттiк қарыздың ұлғаюына, инфля­цияның өсуiне, басқа да келеңсiз салдарға әкеледі. Ма­ман­дардың айтуынша, фис­кал­дық тәртіпті сақтау – эко­номиканың ор­нықты өсуі мен әл-ауқаттың артуы жо­лында негізгі міндетке айналып ке­леді. Тапшылық артқан кезде мемлекет қаржысының орнықтылығын қам­тамасыз етуге байланысты шаралар қабылдау қажет. Көптеген ел тапшылықтың өсу мәселесін шешу үшін бюджет ережелерін қабылдайды.

пр

Аягөз Ханет

«Бюджет ережесі – шешім емес, бірақ ол табиғи ресурстарға бай елдерге бюджет балансын сақ­тауға көмектесе алатын өте ма­ңызды құрал. Бюджет ережелері шикізат ресурсын өндіруден түсетін кірісті басқарудың негізгі құралы бола алады. Бұл ережелер ресурстар бағасының өзгеруінен туындайтын қатерлердің алдын алу арқылы қаржыны ор­нықты басқаруға ықпал етеді. Мысалы, мұнай бағасы төмен болған кезеңдерде контрциклдік фискалдық саясатқа сай Ұлттық қордан бюджетке қаражат көбірек бөлінуі мүмкін. Керісінше баға тиімді болған кезеңдерде қорда көбірек қаражат жинақтауымыз керек, яғни резервтер беру арқылы ұзақ мерзімді эко­номикалық тұрақтылыққа жол ашуы мүмкін. Чили, Норвегия және Ресеи­̆дің тәжірибесіне қарасақ «бюджет ережелері» табиғи ресурстарға бай елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің тиімді құралы бола алатынын көреміз. Бұл ережелер мемлекеттік қарыз бен инфляцияның шамадан тыс өсуіне тосқауыл болады, сонымен қатар инвес­тиция мен экономикалық өсуге ықпал етеді», дейді экономист Аягөз Ханет.

 

Еліміз 2005 жылдан бас­тап бірнеше бюджет ережесін қабылдады. Бірақ ойда­­ғыдай орындала қойған жоқ. Қаржыгер Андрей Чеботарев бюджетке түсетін ақшаның аз-кемдігі келесі жылы да болады дейді.

уке

Андрей Чеботарев

«Ресми деректерге сүйенсек, негізгі кедергі – импорттың төмендігі. Әрі кейбір экспорттық тауарларымыздың бағасын тым жоғары көтердік. Ал негізінен, мәселе – нашар жоспарлауда. Жалпы, бюджет қалай жоспарланады? Соған мән берейікші. Әуелі өткен жылға зер салып, талдау жүргізіледі. Содан былтырғы мөлшерге шамамен 15% ақша қосылады. Яғни келер жылдың әл-ауқатын шамалайды. Көрпеге қарай көсіледі. Бірақ қазіргі геосаяси жағдайда бұл ереже жұмыс істемейді. Себебі аумалы-төкпелі заманда аяқ асты не болатынын, қандай өзгеріс болатынын ешкім білмейді. Сондықтан үш-төрт қадамды алға басып, біршама қор жинауымыз керек. Енді біздің биылғы жағдайымызға келейік, әрине, дұрыс жоспар жасалмаған. Себебі былтыр да осындай импорт көлемі болған. Кіріс аз, шығыс көп. Мынадан осыншама ақша келеді деп күту де бар. Бұл – қауіпті. Жағдай келесі жылы да болады, өйткені бюджет тағдыры үш жылмен жазылады. Содан кейін түзетіледі. Келесі жылы ғайыптан тайып, басқаша болып кетпесе», дейді қаржыгер.