Сурет: pharmnewskz.com
Жақында PwC жаһандық фирмалар желісінің бір бөлігі саналатын «Strategy&» фирмасы Цифрлы Қазақстан қауымдастығымен бірлесіп «Бөлшек электронды коммерция нарығына талдау» атты зерттеуін жариялады. «Strategy&» фирмасының серіктесі Наталья Лимнің айтуынша, биыл бірінші жарты жылдықта бөлшек электронды коммерция нарығы биыл да орнықты өсім көрсетті. Нарық көлемі 61 пайызға ұлғайып, 1,45 трлн теңгеге жеткен.
«Электронды коммерцияның кірігуі 16,6 пайызды құрады. Бұл 2023 жылдың бірінші жарты жылдығынан 5,1 пайыздық тармаққа жоғары. Осылайша, Қазақстан электрондық коммерцияның орташа әлемдік ену деңгейіне 20,1 пайызға тез жақындап, жаһандық өсу қарқынынан 8,4 пайызға озып отыр. Қаржы секторының цифрлануы және интернетті қолдану аясының кеңеюі арқасында нарық ауқымы арта түсті. Аудиториясын кеңейту және шығындарды оңтайландыру үшін жергілікті сатушылар да маркетплейстерді пайдаланады. Ұсыныстың көптігі және жеткізу қызметінің жақсаруы тұтынушылардың пайдасына шығып тұр», дейді Наталья Лим.
2024 жылдың алғашқы алты айында бөлшек электронды коммерцияның жалпы деңгейі 1 млн 447 млрд теңгеге жеткен. Бөлшек электронды сауда үлесі де былтырғы 13,3 пайыздан биыл 16,6 пайызға дейін артқан. Жасалған сатылым, яғни транзакция саны 70,8 млн-ға дейін көбейіпті. Ал орташа чек 20,4 мың теңгеге дейін төмендеген.
«Орташа чектің төмендеуі күнделікті өмірге электронды коммерцияның терең кірігіп жатқанын көрсетеді. Тұтынушылардың электронды коммерцияны көбірек пайдалана бастауына бірқатар фактор әсерін тигізіп отыр, соның ішінде цифрландыру деңгейін арттыру жолында жасалып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары, жергілікті және халықаралық маркетплейстер арасындағы бәсекенің артуы бар. Сонымен қатар азаматтардың жұмысбасты болып, босай алмауы, цифрлық және логистикалық инфрақұрылымның дамуы, интернетті пайдаланудың күшеюі, электронды алаңдардағы тауарлар сапасының жақсаруы онлайн сатылымды әлдеқайда тиімді әрі ыңғайлы етті», делінеді зерттеуде.
Сарапшылар бөлшек нарықтың басты драйвері маркетплейстер болып отыр деп есептейді. Маркетплейстердің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторлары мыналар:
- Белсенді трансшекаралық сауда (онлайн алаңдар кең ауқымды ассортимент ұсынып отыр);
- Баға саясаты (соның ішінде, жеңілдіктер, акциялар, бонустар);
- Жеткізу үдерісінің жетілдірілуі (жеткізу мерзімі қысқарды және тапсырыс беру пункттерінің саны артты);
- BNPL тиімді шарттары (Buy Now Pay Later – 12 және 24 ай кезеңіндегі төлем).
Көптеген ойыншылар қойма инфрақұрылымы мен фулфилмент-орталықтар жобасына көбірек инвестиция құйып жатқандықтан логистикалық қызметтердің жақсару үрдісі айқын байқалады. Нәтижесінде, тапсырысты жеткізу, сақтау және өңдеу ісі әлдеқайда сапалы бола түсті.
Биыл бірінші жарты жылдықта жергілікті және халықаралық ойыншылардың табысы өскен. Маркетплейс арқылы сатылым жалпы электронды бөлшек сауда нарығының 89 пайызына жетті. Транзакция үлесі 93 пайызға артты. Тауар ассортиментінің бай болуы, түрлі жеңілдіктер мен бағаларды бақылап, салыстыра алу мүмкіндігі халық арасында маркетплейстер танымалдылығын арттырып жіберді деуге негіз бар.
«Жергілікті маркетплейстер теңгелей сатылым көлемі бойынша нарықта көшбасшылыққа ие. Олар қазір теңгелей сатылым жөнінен бүкіл электронды коммерция нарығының 66 пайызын иеленіп отыр. Халықаралық маркетплейстер де Қазақстандағы қатысуын арттыруға күш салып жатыр. Сол бағытта тұтынушыларға тиімді бағаларды да ұсынуға кіріскен. Ондай платформалардағы теңгелей сатылым өсімі жылдық мәнде 96 пайызды құрады. Ал транзакция саны 103 пайызға көбейді. Бірінші жарты жылдықта елдегі бөлшек электронды сауда нарығының көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 61 пайызға өсім көрсетті», деп жазады.
Иә, электронды сауда-саттық нарығы өсіп жатыр, сонымен қатар сатып алу сипаты да өзгеруде. Егер бұрын орташа чек үлесінің басым бөлігін тұрмыстық техника, электроника сияқты ірі тауарлар қалыптастырса, қазір ұсақ және арзан позицияға басымдық беріле бастаған. Сатып алушылар күнделікті қажеттілікті өтейтін тауарларды көптеп сатып алуға көшкен. Сондай-ақ дәрі-дәрмек, косметика, үйге арналған тауарлар, e-grocery санатындағы онлайн-сауда өсімі де анық аңғарылады. Онлайн-сауданың жалпы құрылымындағы бұл категориялар үлесінің артуы орташа чекке әсер етті. Себебі тұтынушылар мұндай күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды интернет арқылы сатып алғанды құп көреді.