Мұнай сұранысына әлемдік экономикалық өсім мен өнеркәсіптік өндіріс деңгейі тікелей әсер етеді. Одан кейін геосаяси тұрақсыздық пен мұнай бағасындағы өзгерістер де бар.
Бұл кезеңде де сол жағдай. Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы әлемдік экономика өсімінің баяулауы, ОПЕК+ құрамына кірмейтін елдерде өндірістің ұлғаюы ұлардай шулатпақ. Таяу Шығыстағы қақтығыстар, халықаралық санкциялардағы өзгерістер нарықты талан-таражға салады.
Солтүстік Америка компаниялары экономикалық, инфрақұрылымдық факторларға байланысты өндірісті шектеуге ниетті көрінеді. Ал Қытайдың ұлттық мұнай компаниялары, керісінше, 2025 жылға қарай мұнайды 3%-ға, газ өндіруді 9%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Біздің елге келер болсақ, жоспарлы өндіру көрсеткішіне жете алмау мұнай экспортына едәуір ықпал жасады. Мәселен, есепті кезеңде 63,2 млн тонна мұнай экспортталды. Өткен жылы бұл 64,3 млн тонна еді. Еске сала кетейік, еліміз ОПЕК+ елдерімен келісімге келген, яғни міндеттемелерді орындауға тиіс.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, биыл мұнай өндірудің көлемі 87,8 млн тоннаны құраған.
«Көрсетілген кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 80,5 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98%-ды (82,2 млн тонна) құрады. Теңізде 25,9 млн тонна мұнай өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,9%-ды (26,5 млн тонна) құрады. Қашағандағы мұнай өндіру көлемі 15,8 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 92,8%-ды (17,1 млн тонна) құрады. Қарашығанақ жобасының көрсеткіші 11,1 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,9%-ды (11 млн тонна) құрады.
Былтырмен салыстырғанда, өндіру деңгейінің төмендеуіне 2024 жылы ірі кен орындарында күрделі жөндеулер жүргізу әсер етті. Атап айтсақ, Теңізде Болашақ кеңейту жобасының жоспарланып отырған іске қосылуына байланысты мамыр, тамыз айларында жалпы ұзақтығы 50 күн жөндеу жүргізілді. Қашағанда 21 күнге толық тоқтаумен слаг-кэтчерді ауыстыру жүзеге асырылды.
Бұдан бөлек, Қарашығанақ кен орнындағы жоспардан тыс тоқтау, Орынбор газ өңдеу зауытындағы шектеулер, Каспий құбыр консорциумының жоспарлы-профилактикалық жұмыс мақсатында тоқтауы, Теңіз кен орнының екінші буын зауытындағы жөндеу жұмыстары өндірістің төмендеуіне әсер етті.